Ел тынысы

Коньяда «Абай үйі» ашылды

Маусым айының 29 жұлдызында Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамының бастамасымен, Конья қаласы мен Исмиль ауданы мэриясының қолдауымен «Исмил қазақтарының мәдени үйінің» ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz .

Қазақ мәдени орталығының ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. “Абай үйінің” ашылуы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігі мен Тюрксой ұйымының қолдауымен жүзеге асты. Аталған мазмұнды шарада Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Еркебұлан Сапиев, «Отандастар Қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров, Конья муниципалитеті мэрі Бейін Хитами, Конья қаласы мэрі Угур Ибрахим Алтай, Қаратай ауданы мэрі Хасан Кылыджа, Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамы басшысы Мухаммет Алим және Түркиядағы қазақ диаспора өкілдері қатысты. Ашылу салтанатына 300-ден астам этникалық қазақтар мен отандастарымыз қатысты. Анкара, Ыстанбұл сынды ірі шаһарлардан арнайы қонақтар келді. Сонымен қатар, Қазақстаннан келіп қатысқан өнер майталмандары шараның көркін аша түсті. Атап айтсақ, Қарағанды филармония әншісі Меруеш Башай «Көк тудың желбірегені», әртіс Дастан Кабилов «Молдабайдың әні», күйші Нұрдәулет Шілдебаев «Аққу» күйін, ҚР еңбек сіңірген әртісі, танымал қобызшы Ғайни Болтаева «Отан Ана» шығармаларын орындап, қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ тілінде шырқалған әсем ән мен күмбірлеген күй – алыстағы ағайынның рухын көтеріп, Атажұртқа деген сағыныш мауқын басқандай болды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Отандастар Қоры» президенті Данияр Қадыров: «Қазақ мәдениетін сақтап келе жатқан Исмиль ауданы бүгін экономикалық жағынан да, әлеуметтік-мәдени жағынан да үлкен жетістіктерге жеткені анық. Бүгінгі қазақ мәдени орталығының ғимаратының және оның ішінде «Абай үйінің» ашылуы Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының дамуына үлкен үлес қосатынына сенімдімін»,-деп шараның өтуіне ұйытқы болып отырған азаматтарға алғысын білдіріп, қазақтың мәдениеті мен дәстүрінің сақталуына үлес қосып жүрген Исмиль қазақ түріктері және әлеуметтік көмек қоғамынына Қоғамның «Дәстүрлі Қоржын» жобасы аясында кәдесыйлар табыстады.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button