Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

Көп ақынның бірі емес

Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай осыдан бірнеше жыл бұрын «РУХ» меценаттар клубы тағайындаған «Абай» сыйлығын иеленді. Биылғы Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық бәйгесіне «Ай таңбалы арғымақ» атты жаңа жыр жинағын қосып отыр. Ақынның өлеңдері мен аудармалары, поэмалары топтастырылған бұл кітап «Кәусар» баспасынан жарық көрді. Көлемі төрт жүз бетке жуықтайтын жинақ – автордың таңдамалысы іспеттес.

[smartslider3 slider=3823]

«Ақындық рухтың күштілігі – автордың бойындағы биік қасиет. Ол талантпен, заман сабағымен, біліммен толысады. Осыны түсіну арқылы біз ақын құпиясына кіреміз, оның жазғандарын жанымызбен қабылдап, табиғатын тануға бір табан жақындаймыз. Ғалым ақын бойында осындай ұлы ақындарда болатын қасиет бар» деген пікір білдірген еді академик Серік Қирабаев Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы жөнінде.

Қазақ атқа мінгенде әруақтанып кетеді. Жылқышының баласы болып, өзі де бала кезінде жабағыға, тайға мініп, жасында жылқы баққан ақынның бойындағы күшті рухтың дәні сол уақытта себілді деп пайымдаймыз. Жалпы Ғалым Жайлыбайдың стихиясының бірі жылқы тәрізді. Оған ілгеріде жарық көрген «Ардакүрең» және осы «Ай таңбалы арғымақ» атты кітаптары дәлел. Әдеби бәйгеге түсіп жатқан бұл жинақтағы кейбір өлеңдердің атаулары да содан хабар беретіндей. Кітапқа атау берген өлеңнен басқа «Тоғызыншы ақпан. Қысырақтың үйірі», «Құлагердің көз жасы», «Арғымақтар», «Қаз мойынды ер салып», «Жетім құлын», «Жылқышының баласы», «Жалынан сылап», «Ей, енесі өлген құлын күн…», «Кербес­тінің кекілі» деген өлеңдерде ақынның табиғаты жатыр.

…Жылап аққан жылтырап

 жылға басы,

Айыл жиып, айкезбе түнде

 адасып…

Ай таңбалы арғымақ,

айналайын,

Далаға ынтық, екеуміз

 қырға ғашық…

Немесе:

…Жаздар қалды соңымда,

 күздер қалды,

Тай тұяғы жаншыған іздер

қалды.

Жылқышының баласы –

 жылқы мінез –

Тұнықтың да тұнығын іздер мәңгі… – деген шумақтардан ақынның нені армандайтыны мен нені аңсайтының аңғарамыз.

Сол тұнықтың тұнығы – өлеңдері. Бұл тұрғыдан ақын іздегенін тапты. Тауды көрмеген қыр баласы Жезқазғаннан ақындық арманды арқалап, Алматыға аттанғанда алдынан Тұманбай Молдағалиев сияқты ақындар шығып, шабытына шабыт қосты.

…Тұма көзін бағыттап

тұнығына,

Тұмағаңдар қондырған

 тұғырыма.

Тауды көрдім… Тау көру

 арман еді

Тау көрмеген ғұмыры

 қыр ұлына.

Тау көрдім де, таудай боп

 түлеп өстім,

Бар ғұмырым ішінде жүр

 елестің.

Ұлы бола алдым ба,

алмадым ба –

Көп ақынның, білерім, бірі емеспін… – дейді өз бағасын білетін ақын.

Рас, Ғалым Жайлыбай – ақындардың бірегейі. Тағы да Серік Қирабаевтың пікіріне жүгінейік. «Ғылымның ақындық өнердегі жаңашылдығы – тілінде, оның бейнелілік сипатында, суреткерлігінде… Ғалым өлеңдері – бүгінгі қазақ лирикасының жаңа беттері. Бізге керек өлең осы – бүгінгі өлең» дейді академик.

Ақынның жырлары оқыр­манды осы тілінің шұрайлылығымен тартады. Өлеңдері сөзбен салынған сұлу сурет сияқты әсер береді.

Мәселен:

Көңілімнің қаз ұшты

түстігінен,

Күй күмбірін естідім

құс тілінен.

Қанатына сол қаздың

жарық байлап

Жұлдыздар да төменге түсті, білем… – деген шумақтан қия­лында аспан әлемі туа қалады. Осындай түрлі қиялға жетелейтін өлеңдер, тұтас шумақтар ақында өте көп.

Ақындар елдің мұңын жырламайды, халықтың жыртысын жыртпайды,  өлеңдеріңде ұлтқа жанашырлық жоқ деген пікірлерді естіп жатамыз. Бұл сөздің Ғалым Жайлыбайға қатысы жоқ деп ойлаймыз. Ол жұртпен бірге жақсылыққа сүйініп, жамандыққа күйінеді. Соны өлең тілімен бейнелі жеткізеді. Бір мысал – елге індет келгенде ақын үнсіз қала алмады. «Коронавирус келген күн», «Осы індеттен», «Вакцина» атты өлеңдері сол уақытта жазылды.

Бір қиырда – үміт,

бір қиырда – арман,

Мұнартқан күнім мұңға

 үйір болған.

Жабығып кеттім, жалығып

кеттім

Онлайн-өмір,

ЗУМ-жиындардан…

Басқаға да арман, қасқаға

 да арман,

Мазамды алды

масқара-жалған.

Күзіңді көрмей

сарғайды жаным –

Жүзіңді көрмей маска орап алған… Осындай күйді басымыз­дан көбіміздің кешкеніміз рас.

Сан жақыным жоқ болды

осы індеттен,

Бауыр кеткен, аяулы досым

кеткен,

Есеңгіреп елсізде есім

кеткен,

Есім кеткен…Көңілден

хошым кеткен.

Осы індеттен… Ақынға талай адам қосылады деп ойлаймыз.

2019 жылдың желтоқсан айының соңғы күндері Алматыда ұшақ апаты болды. Bek Air әуе компаниясының «Алматы – Нұр-Сұлтан» бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Соған байланысты 28 желтоқсан Аза тұту күні болып жарияланды. Ақын да елмен бірге қайғырып, «Аза күйі» өлеңін арнады. Осындай біртұтас елдің қайғысы мен мұңын «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл», «Қайран Арыс» өлеңдерінде де жырлады. Семей полигонының қасіретін «Суретші Кәріпбек Күйіковтің «Жарылыс» картинасы» өлеңімен берді.

…Бақайыңда – қылқаламың,

 шабыт кеп,

Балқантауға ара-тұра

барып кеп.

…Сонау жылғы жарылысқа

 қойылған

Тірі ескерткіш өзің бе едің,

Кәріпбек?!

Дүрліктіріп қалың елді

қырдағы,

Бұл Кәріпбек туа сала

жырлады.

…Қолсыз болып келді жарық

 дүниеге –

Жолсыз, жөнсіз саясаттың құрбаны… – дейді ақын.

«Ай таңбалы арғымақ» кітабы үш бөлімге бөлінген. «Менің аппақ құстарым» бөлімінде ақынның өлеңдері, «Жылы жел» атты тарауында аудармалары, ал «Сұрақ белгісі» атты бөлімінде поэмалары топтасқан. Ғалым Жайлыбай Александр Пушкин, Роберт Стивенсон, Гийом Апполинер секілді классиктерден бастап Наталья Харлампьева, Сергей Мнацаканян, Маквала Гонашвили, Керим Отаров сынды ақындардың жырларын қазақшалады. Соның ішінде якут ақыны Наталья Харлампьеваның «Түбім – түмен түркіден» және Сергей Мнацаканянның «Дала жыры» атты өлеңдерінен бір жақындық тауып, тәржімалады деп пайымдаймыз.

Бір айта кетерлігі, Ғалым Жайлыбайдың да өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде биыл ҚарЛагтың қаралы тарихынан сыр шертетін бір ғана «Қара орамал» поэмасы 16 тілге, «Сұлубайдың әні» кітабы төрт тілге тәржімаланды.

«Ақын Ғалым Жайлыбайдың поэмалары – бір-біріне жалғасқан тұтас дүние. ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ жұртының толыққанды шежіресін, тарихын, осы шығармалардан оқи аламыз. Ізденіске бай, талантты дүниелер» дейді әдебиеттанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы. «Ай таңбалы арғымақ» кітабына соның үшеуі «Сұрақ белгісі», жоғарыда аталған «Сұлубайдың әні» және «Тамакөшкен» дастандары енген. Атауы айтып тұрғандай, «Сұрақ белгісі» аталатын поэмада ақын Тәурат, Інжіл мен Құраннан тартып, адамзатты толғандыратын мәңгілік сауалдарға жауап іздейді. «Ғалымның «Сұрақ белгісі» – салмағы сан ғасырға жүк боларлық дүние» дейді бұл шығармасы жайында жазушы Смағұл Елубай.

Көрнекті жазушы Қабдеш Жұмаділовті сүйсінткен «Сұлубайдың әні» поэмасында Оспан батыр көтерілісі, оның төңірегі туралы айтылады. Ал «Тамакөшкенде» ақын кәмпескелеу, ашаршылық сияқты бір рудың ғана емес, қазақтың қасіретін жырлаған.

Ғалым Жайлыбайдың кезінде меценаттар тағайындаған «Абай» сыйлығын алуы бекер емес деп ойлаймыз. Осыған дейін Мемлекеттік сыйлыққа да бірнеше рет ұсынылып, жолы болмады. Бұл жолғы бәйгеде ақ жол болсын!

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button