Жаңалықтар

КӨП СЫР БАР КӨҢІЛІҢДЕ…

Уақыт сынды құдіреттік құбылысқа біз де ұялмай қайран қалып қояйық. Өзімізден бұрын «Мерекеңмен, мендік мұң» деп сөзімізді жолдап, іле екі ай өтпей қатегері ретінде табалдырығын аттау бақыты бұйырған «Астана ақшамында» жүргеніміз бес жылдың жонын қарайтыпты. Енжарлана «естелік емуден» бо­йымыз аулақ. Ниетіміз – әріптестер әлемін кезекті маусымжан мейрамымен құттықтау ғана.

Қанығам. Қанығам да қызығам. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақтың тек әдебиеті емес, жур­налистикасының да алтын дәуірі өтіп кеткендей көріне береді.
Өз басым бүгінгі баспасөзден үнемі сол жылдар тігінділеріндегі ақпа-төкпе, жанр-жанры нық жарияланымдарды көруді аңсаймын. Өйткені олардың көбінде тазалық табы айқын. Бүлінбеген. Бұзылмаған. Сынаса, сыны шынайы. Бақай есеп, мүлгімес «мүддеден» ада. Мақтаса, мадағы орынды. Авторлар да – шетінен ақын, шетінен жазушы. Алайда бүгінгі жас ақынның кейбіріне мақала жазу – бүліну не төмендеу, әлде талайынан безу. Тіпті адасып жүргендер ме деп ойлап қалатынымыз рас.
Мұқағалидың «Жанарсыз адам келеді» деген ғажайып өлеңі жадымызда. «Іздейді көзін басынан, іздейді көзін аяқтан, Іздейді көзін қолынан, іздейді көзін таяқтан» деген жолдарынан кейде өзіңді көргендей боласың. Жанарсыз адам көзін іздесе, сен алды алпыстан асқан, арты қырықтың о жақ-бұ жағындағы жазарманның кеңкөсілме стиліне зарсың. Обалы не керек, ол ағатайларымыздың қаламы әлі суый қойған жоқ. Әңгіме – жалпылама үңілсек, біздің буындастар жарыта алмай жүргенімізде… Яғни, қоғам келбеті өзгерген тұста төл журналистикамызды кездейсоқтың қолшоқпарына айналатындай үрдіске жол берілгені өте өкінішті.

* * *

Ілкідегі ойымызды сауатты жур­на­лизмнің көсемсөзден бөлініп шы­ғуына қарсылық деп қалмағайсыз. Ағаларымыз айтпақшы, басындағы бір, соңындағы бір абзацын оқымай-ақ қысқартып тастауға «лайық» жур­налистиканы жақтамасымызды, жақ­тырмасымызды өзіңіз біліп отырсыз ғой.

* * *

«Марқұм» деуге аузым қимас әкем мектеп бітіруім таянған тұста мұнайшы мамандығын таңдауға аз-кем қолқалап көрген. Қасарыса-жібімей, алған бағыттан айнымадым. Әкені бала болып тыңдамаған жерім – осы. Қазір қарасам, күнтізбе одан бері тағы он рет жаңарды. Тілекқабыл-әке бір кезде мұнайшы елестеткен қараторы ұлды телеарна хабарларына, газет жазбаларына қатысуға жиілетіп шақыратынды шығарды. Рахмет! Тіпті биылғы төл мереке алдында «Ең жас редактор ретінде сұхбат беруіңіз керек» деп, газеттік тілші қарындас он сұрақ жолдапты. «Шошып» кеттік. Жынға тигендей жылтыңдай беруді көңіл шіркін хош көрмейді. «Ағаларыңнан ұят болмасын» дейтіні шығар: Уақыты келер – бұйырғаны болар. Бәлкім, кісімсінген қоғамның кісінеген кесірлісіндей көрінуден сақтандырады. Бәлкім…

* * *

«Көкесіз өсу мүмкін бе?». Бұл – газетіміздің бірер ай турасындағы нөмірінде жарияланған мақала тақы­рыбы. Материалды интернеттегі сайтымыздан оқыған жазғыштайлардың бірі «Жоғарыдағы сұрақты «Астана ақшамы» бас редакторының өзінен сұрау керек» деген пікір қалдырған көрінеді. Жөн-ақ. Көкейін тесіп бара жатса, сұрасын. Біле жүрсін, көп білген артық етпейтінін ішіміз сезеді. Ұқпағаным: неге мен жауап беруім керек? Жауаптан қашпаймыз, әрине, тікелей қатысы болса. Жарайды, әуелгіде күлкім, кейін жыным келді.

Күлкімді келтіргені: менің кекі­лімнен кімнің алақанының желпуін кім көріпті? Көре қалғанның өзінде шатағы қанша?! Жалғыздықтан жаның жаңқаланып 14-қабат терезесінен телміре-сүзіле, ой буған қиялшыл қалпыңда әлгіндей сұрақшылармен «сырласқың» келеді. Көзге көріне қоя ма?

Жынымды келтіргені: бір газет редакциясының орынтағына отыр­ғанды «өсіп кетуге» баласа, менің халқым жуық арада жетісе қояр ма екен?! …деген ұлттық санаға сілкініс сұрайтын сол баяғы суық ойды қайта қозғайды.

* * *

Айтпақшы… Рас, менің көкелерім көп. Бәрін ұстаз тұтам. Танысын да. Жүзтанысын да. Бейтанысын да. Осынау ойсымақтарымызды күнделікке шиырлай жүргендегі көздегеніміз де сол аға, көкелерімді төл мерекесімен құттықтау еді. Уақытыңызды алғандай әсер қалдырсам, кешірім өтінем.

Алғаш көргеннен ниеттес;

– кейбірі әлі күнге жанымдағы;

– кейбірінің пейілі алыстығын аңғартпас;

– кейбірімен ілкі күндері ізетіміз жарасуынан үмітім зор рухани аға­ларымнан айналайын! Өз таң­дайыма «аға» деген асыл сөз небір теңдессіз «-евич», «-ович»-терден әлдеқайда жұмсақ ұялайды. Сол көрікті ұғым ауыздан шыққанда адыра қалмауына, ғұмыр жолымызда талақ қып алма­уымызға қатты алаңдаймыз… Мере­келі, мерейлі күндеріңіз молынан жазылсын, қымбаттарым менің!

Ерболат ҚАМЕН

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button