#Жолдау-2022

Көп түйткілдер айтылды

Қазақстан Республикасының Президенті халыққа өзінің кезекті Жолдауын жасады. Жолдауда еліміздің ішкі саяси жағдайына ерекше мән беріп, шикізат өндірісіне тәуелді елде қордаланған экономикалық проблемаларды жайып салды. «Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырмағандығын жасырмады. Соңғы уақыттарда ақшаның құнсызданып, халықтың әл-ауқатының төмендігі айқын сезілді. Президент көзіміз көрген қант тапшылығының қарапайым тұрғындарды титықтатқанын ашық айтты. Үш бірдей мұнай өңдейтін зауыты бар елде дизель отынының жетіспеушілігін, ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін ұят жағдай – битум тапшылығын қадап айтты. «Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс.  Экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау қажет» деген тұжырымы жұртшылыққа ұнады. Ондаған жылдар бойы шешімін табуға тиіс түйткілдің жылдам түйінін тарқатпасы түсінікті. Дегенмен оған қол жеткізуге болатындығына кәміл сенеміз.

Президенттің «Біз «көрпеге қарай көсілу» қажет екенін ұмытпауымыз керек» дегені мақалды еске түсіру емес екенін жақсы білеміз. Теледидардан миллиондаған бюджет қаржысы мақсатсыз жұмсалыпты дегенді естігенде қайран қаламыз. Баршамыздың көксегеніміз – шикізатқа тәуелді елде әрбір тиынның орнымен жұмсалып, қажеттілікті қанағаттандыратыны. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бюджет саясатына реформа жасалады. Ақырғы нәтижені дөп басуымыз керек. Бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді» деген шешімі әлдеқашан айтылуға тиіс екендігін ескерткендей.

Мемлекет басшысы тағы бір маңыз­ды мәселе білім беру жүйесіне, соның ішінде тәрбиеге, мектепке дейінгі тәрбие жұмысына тоқталды. Пандемия жағдайында сапасы күрт нашарлаған орта білім сапасы туралы айтты. Орта білімнің сапасының табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарттарының бірі екендігін қадап айтқан Президенттің «әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалып, сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дегені ел болашағына алаңдайтынын айқын көрсетті. Сонымен қатар жастардың жоғары білім алып, білікті маман болып қалыптасуы үшін «ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлап отырғандығын, оның көлемі 30-дан 100 пайыз аралығында болатындығын» жеткізді. «Білім алуға жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие де беріледі. Бұл шаралар жоғары білімнің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, қоғамда әріптестік және өзара жауапкершілік қағидатын нығайта түседі» деп қабылданған шешімді бекіте түсті.

Жолдауда бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелер көтерілді. Төменгі жалақы көлемі, әйелдердің зейнетке шығу жасы, солардың ішінде көпшіліктің көкейінде тұрған ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару туралы ұсыныс елді елең еткізді.  «Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді» деген пайымы қаржының жетіспеушілігінен болашақта балаларын оқыта алмай қаламын деп уайымдаған азаматтар үшін мықты ынталандыру екені айтпаса да түсінікті. «Араб елдерінде сондай екен, бізде неге болмайды» деген күмәні мен үміті зор сауалға жауап табылды. Ендігі жерде балаларымыз қаржылай қолдаусыз қалмайтын болды. Сол үшін мемлекет басшысына айтар алғысымыз шексіз!

Оразгүл Мұхатова,

Тарих ғылымдарының докторы, профессор,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

институтының бас ғылыми қызметкері

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button