Басты ақпарат

Көпбалалы отбасыларды қолдау күшейеді

2019 жылға арналған Астана қаласының бюджетінен көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдауға қосымша 90 млн теңге бөлу ұсынылды. Жалпы қала бюджетін нақтылау кезінде әлеуметтік салаға қосымша 1 млрд 156,7 млн теңге бағыттау қарастырылды. Кеше қалалық қоғамдық кеңестің отырысында Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Расул Оразғұлов кеңес мүшелерін бюджеттегі өзгеріс­термен таныстырды.

Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары бірнеше бағытты қамтиды. Соның ішінде тұрғын үй көмегіне бөлінетін қаржы орташа есеппен алғанда 18 пайызға артпақ. Атап айтқанда, бұған бюджеттен қосымша 33,9 млн теңге бөлінбек. Сондай-ақ үйде тәрбиеленіп, оқитын мүгедек балаларды материалдық қолдауға 8 млн теңге бөлу жоспарланды.
«Көпбалалы отбасылар мен осындай отбасылардан шыққан балаларды қолдау шараларын жалғастыру мақсатында қазіргі кезде құжаттар пакеті дайындалып жатыр. Ол дайын болған соң бюджетті нақтылаудың келесі отырысына шығарылады. Себебі бұл құжатты әзірлеу үшін сәйкес нормативті-құқықтық актілерге өзгерістерді енгізу керек. Өзгерістер көпбалалы отбасылардың балалары қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүру үшін, олардың демалысын ұйымдас­тыру, ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін енгізілмек» деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Артем Әбілдинов.
Осы аптада өткен Астана әкімі Бақыт Сұлтановтың халыққа есеп беру кездесуінде қала басшысына тұрғындар тарапынан шаһарда инватакси санын көбейту туралы тілек айтылды. Бұған тиісті көліктер саны 23-тен 30-ға дейін артатыны жайлы жауап берілді. Биылғы бюджетте инватаксиге қосымша 35,5 млн теңге бөлу қарастырылған екен.
Жалпы Жұмыспен қамту және әлеу­меттік қорғау басқармасына 463,1 млн теңге қосымша бөлінбек. Соның ішінде қарттар мен мүгедектерге медициналық-әлеуметтік мекемелерде қызмет көрсету мақсатында «Шарапат» мекемесіне 60 млн теңге, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 74 жыл толуына және Ауғанстаннан кеңес жауынгерлері шығарылғанының 30 жылдығына орай аталған соғыс ардагерлеріне 63,8 млн теңге бөлу қарастырылды. Ұлы Отан соғысына қатысушылардың әрқайсысына 500 мың теңгеден, Ауғанстан ардагерлеріне 52 725 теңгеден бір реттік материалдық көмек берілмек.
№86 мектеп-гимназияны күтіп-­ұстауға қосымша 150 млн теңге бөлу және қаладағы мектептер мұғалімдерінің әдістемелік жұмыстарына осыншама қаржы қарастырылған. Биыл мемлекет қайраткері, ақын Сәкен Сейфуллиннің туғанына 125 жыл толады. Тұлғаның мерейтойын атап өту үшін Мәдениет және спорт басқармасына 10 млн теңге бөлінбек.
Байқоңыр және Сарыарқа аудан­дарының әкімдіктеріне тұрғын алап­тарды абаттандырып, көгалдандыруға да қосымша қаржы қарастырылған. Қоғамдық кеңес мүшелері Алматы мен Есіл аудандары қосымша қаржыландыру жоспарында неге жоқтығын сұрады. Отырыста биылғы бюджетте Алматы ауданына басқа аудандармен салыстырғанда көбірек қаржы бөлінгені айтылды. Кеңес төрағасы Сансызбай Есілов: «Байқоңыр ауданы әкімінің биылғы халыққа есеп беру кездесуіне қатыстым. Бұл аудандағы мәселелер расымен шаш етектен. Қайта қосымша қаржы ретінде ауданға бөлініп отырған 310 миллион теңге аз. Ақшаны көбейту керек» деді. Кеңестің басқа да мүшелері баяндамашы мен отырысқа қатысқан басқармалардың, аудандардың басшыларына бюджет бойынша сұрақтар қойды. Бюджетті нақтылау кезінде қала тұрғындарын қолдауға қатыс­ты Астана әкімінің кейінгі кезде берген тапсырмалары ескерілді ме деп сұрады.
«Осымен мәселе біткен жоқ. Бюджет әлі де нақтыланады. Сонда айтылған ұсыныстарыңыз бен сын-ескертпелеріңіз ескеріледі. Біз басқармалардан қосымша қаржы бойынша ұсыныстарды 6 ақпанға дейін қабылдадық. Осы мерзімнен кейін келіп түскен өтініштерді енгізуді үлгермедік. Әрине, қала басшысының тапсырмалары орындалуы үшін бюджетке тиісті өзгерістер енгізіледі» деді Р.Оразғұлов.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button