Көпен ӘМIРБЕК, сатирик: КҮЛКI – КҮШТIЛЕРДIҢ ҚАРУЫ
1 сәуiр – күлкi күнi деймiз. Бұл мейрам бiзге қаншалықты жақын. Осыны тойлаған дұрыс па өзi?
Жанар Өтешова, оқушы
– Бiз жаңа жылды 1 қаңтар күнi әлi күнге атап келемiз, мұны христианның мерекесi демей-ақ бiз жанымызды салып тойлаймыз. 22 наурызды тойлауға ендi-ендi мойын бұра бастадық. Ал 1 сәуiр – күлкi күнi мерекесi деген болмаған, ол Болгарияның Габрово қаласында жыл сайын сықақшылардың халықаралық байқауы өтедi, соған байланысты шыққан атаулы күн.
Сондықтан, бұл күлкi күнiнiң қазақтарға еш қатысы жоқ, одан да осы мерекенi ұлттандырып, Алдар көсе мен Қожанасырдың бiреуiнiң атына ен-шiлеп неге тойламасқа деп ойлаймын. Өйткенi, бiздiң халықтың қиялынан туды дейтiн бұл екi тұлға да өмiрде болған адамдар және жағымды кейiпкерлер.
Соңғы кездерi өзiңiздiң дiнге бет бұрды деген әңгiме бар. Бұл қаншалықты рас?
Дәурен Жақсылықұлы, студент
– Елбасының зекетiмен, «Ақорда» қозғалысының демеушiлiгiмен қажылыққа барып қайттық. Қажылықтың жолындағы парызымды өтеп, дайындық курсына түстiм деп ойлаймын. Өзiмiз тазарғаннан кейiн, сөзiмiз тазарды. Ендiгi жерде сол аппақ киiмiмiздi таза ұстап, кiрлетпеуге тыры-сып, сөзiмiздi, өзiмiздi дұрыстап жатырмыз. Жұрттың да көңiлiн көтеру, ақиқатын айту, қазылық көрсету – жақсы қасиет. Бiрақ, баяғыдай төбеден түскендей әзiл айтпай, жөнiмен қалжыңдауға тырыса бастадық.
Ұстазыңыз Қалтай Мұхаметжан туралы бiр естелiк айтып берiңiзшi…
Айнұр Сағатова,
ЕҰУ-дiң III курс студентi
– Әрине, айтамын. Менiң сатирамның кiндiгiн Оспанхан ағам кессе, тұсауын осы Қалтай ағам кестi ғой. «Ара» журналында жүрген кезiмiз. Әдетте Қалағаң сиыр сәскеде жұмысқа соғады да, журналдың оны-мұнысын орнына қойып реттегесiн қайтып кетедi. Соны бiлiп алғанбыз. Бiр күнi түстен кейiн Қалағаң тығыз шаруамен редакцияға соғып, менi iздесе… Жоқпын. Екiншi күнi iздейдi. Жоқпын. Үшiншi күнi сұрастырса, тағы да табылмай қалғанмын. Сонда Қалтай аға қабылдау бөлмесiндегi хатшы қызға:
– Ай, Айнаш, – дептi, – жауапты хатшыға айтыңызшы. Ертең қолы тисе, сағат үште менi қабылдасыншы!..
Оны естiп, iшек-сiлемiз қатты. Бiр-ақ сөзбен талай нәрсенi аңғартқаны ғой.
Осы салада өзiңiзден басқа кiмдердi атай аласыз?
Талғат Қаныбетов
–Кезiнде аты аталған, ел аузында жүрген азаматтардың бәрiне пародия жазып сахналадым. Жуырда «Қазақ әдебиетiнде» менiң бiр топ пародияларым жарық көрдi. Олардың iшiнде Шота-Аман Уәлихан, Тұңғышбай әл-Тарази сияқты танымал адамдар бар.
Қазiр Олжас Сыдықбеков деген жас жiгiт Иманғали Тасмағамбетов, Әбсаттар қажы, Бекболат Тiлеухан сияқты азаматтардың дауыстарын айнытпай салып жүр, осы баладан өзiм үмiт күтемiн, бiрақ ол репер-туарындағы 5-6 адамды қашанғы пародиялай бередi, көп болса қоянның терiсi сияқты бiр жыл шыдар, сосын сарқылады, тозығы жеткен тақырып та, тұлға да жұртты жалықтырады.
Шығармашылық жолыңыз қалай басталды?
Еркегүл, оқырман
– Менiң шығармашылық өркендеуiме бойымдағы өнерiм ықпал еттi. Ең алғаш Отырар ауданындағы халық театрында «Жалбыр» спектаклiнде Сайын ролiнде көрiндiм. Онда небәрi он жетi жаста едiм. Он сегiз жасымда Қалтай Мұхаметжанның «Қуырдақ дайын» атты пьесасы бойынша қойылған спектакльде Болаттың ролiн ойнадым. КазГУ-ге оқуға түскеннен кейiн де драмма үйiрмелерiне қатысып жүрдiм. Сөйтiп, жиырма жасыма дейiн әртiстiк «карьерамды» аяқтадым. «Тамаша» пайда болғаннан кейiн, сол әзiл-оспақ отауына арнап, сықақтар жаза бастадым. Пародиялар әзiрледiм. Жазған сөзiм сахнада қалай ойналады деп қиналған жоқпын. Бұл да жастайымнан сахнаны меңгергендiгiмнен шығар. Құдайберген Сұлтанбаев, Лидия Кәденова, Тоқсын Құлыбековтер шығып, «Тамашаның» дүрiлдеп тұрған кезiнде көптеген әзiл-сықақтар шығардым. Қазақтың белгiлi тұлғаларына пародия жасай бастадым.
Визиткаңызда «Көпен Әмiрбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмiрбек» деп жазылыпты. Шынымен өзге атағыңыз жоқ па?
Сырым Исахан, студент
–2000 жылы елу жасқа келдiм. Өзiм еш жерде жұмыс iстемеймiн. Үйде жатырмын. Содан визитка шығарғым келдi. Елге барам, елмен кездесу өткiзуiм керек. Визитка шығаратын жерге барып, үлгiлерiн қарасам, әртүрлi фирмалардың президентi, бiрдеңе деген ғылымның кандидаты, докторы… толып жатыр. Тiптi, көбiсiнiң тең жартысы атақ-дәреже. Менде оның бiрi де жоқ қой. Өзiмнiң атым, телефоным ғана бар. Содан әзiлдеп: «Көпен Әмiрбек атындағы сыйлықтың лауреаты Көпен Әмiрбек» деп жазып қойдым. Көргенде көпшiлiк күлiп жататын. «Менiң атағым осы» деймiн. Құрманғазы атамыз ешқандай сыйлық алған жоқ қой. Бiрақ, Құрманғазы атындағы консерватория бар. Абай атамыз ешқандай сыйлық алмаған. Атамыздың атында қанша аудан, ауыл, көше аттары бар. Шәмшi Қалдаяқов атамыз сыйлық алмай-ақ өттi. Сондайларды көргенде, атақтың не керегi бар деп те ойлаймын. Оның үстiне, ұстазым Оспанхан Әубәкiров: «Өнерде атақтың не керегi бар? Жақсы жазсаң болды, соның өзi – үлкен атақ. Жақсы жазсаң, халықтың өзi-ақ мойындайды», – деп жиi айтатын. Осы рас.
Қазiргi күнi әзiл-сықақ театрларының саны көбейiп кеттi. Солардың iшiнде сiздiң ден қойып көретiн театрыңыз бар ма?
Шекер Сейiлбекова, оқырман
– «Тамашадан» кейiн ашылған «Бауыржан-шоу», «Күлкi керуенi», «Терiсқақпай», «Екi езу», «Шаншар», «Нысана» сияқты театрлар бар ғой. Бiрақ, бұлардың бәрi де алғашында жарқ етiп шығады да басылып қалады. Себебi, материал жоқ.
Қоғамның мүшесi ретiнде сiздi не мазалайды?
Мейрамбек Әлжан
–Маған бостандық бiздiң сықақшыларды абдыратып тастады ма деген ой келедi. Өйткенi, ұсақ-түйек әңгiменi сөз етiп, кемпiр-шал, әйел-еркек тақы-рыбы, маскүнем күйеу, шайпау әйел дегеннiң айналасынан шыға алмай қалдық. Мынау қоғамдағы қомақты мәселелердi қопарып, тамырымен үзiп, отап тастайтын күлкiнiң деңгейiне әлi көтерiлген жоқпыз-ау деймiн, мүмкiн жүрексiнемiз бе, әлде шеберлiгiмiз жетпей ме, бiлмеймiн.
«Көпен келе жатыр…» едi. Қазiр ол қайда?
Сұңғат Әлiпбай, оқырман
–Мен – әртiс емеспiн, сахнаға шығып ойнайтын кәсiпқой шебер маман да емеспiн. Менiң мамандығым журналист, мен сықақшымын. «Көпен келе жатыр…» пародия театрын құрғанда бiз бұрын айтылмаған, алты Алаштың аузында жүрген азаматтардың, қоғам қайраткерлерiнiң атын атап, түсiн түстеп, қоғамдық-әлеуметтiк тақырыптағы мәселелердi көтердiк.
Әуел баста «Па, шiркiн, пародия!», кейiннен «Көпен келе жатыр…» деп аталдық, қай-қайсысында да мақсатымыз – көже-қатық емес, көркемдiк iздеу болды. Мұны әрi қарай алып кетпеуiмiздiң себебi күштiң жетiспеу-шiлiгiнен болды, бiр ғана театрдың соңында жүрсең кiтаптарың жазусыз, басқа да жұмыстарың атаусыз қалып қояды. Сондықтан «екi кеменiң басын ұстап, суға кетпейiн» деген себеппен тоқтап тұрмыз, бiрақ бұл бәрi бiттi деген сөз емес, ара-арасында қылаң етiп қылт етiп, сылаң етiп, сылт етiп шығып қоятыным бар. Дегенмен мұны орныққан, жолға түскен өзiмнiң театрым деп айта алмаймын.
Көпен мырза, бүгiнгi сатираның жайы қандай?
Ернұр Алдан, ардагер
–Сатирик ағамыз Сейiт Кенжеахметовтiң «Күле бiлу – өмiр, күлдiре бiлу – өнер, күлкi болу – өлiм» – деген жақсы сөзi бар. Күлкi деген рахат қой шiркiн, сонымен бiрге бұл – қаһарлы қару. Сатираны қаһарлы қару деп танысақ, оны қолдан түсiруге болмайды. Қазiр сықақшылар кiмдi, ненi сынаса да, қоғамның жат қылықтарын көрсетсе де, мұның бәрiне күлдiру үшiн үлкен шеберлiк керек. Совет заманында мынаған күлуге болмайды, мынаны айтуға болмайды деген цензура болды, сықақшылар айтқысы келген тақырыптың бәрiнiң алдынан ор қазылып, қақпан құрылып, шекара қойылды. Ал егемендiк алған жылдар iшiнде күлкi де өз тәуелсiздiгiн алды, қалай күлсең де өзiң бiлесiң, яғни шектеу жоқ.