Басты ақпаратҚала тіршілігі

КӨПІР КӨБЕЙСЕ, КЕПТЕЛІС АЗАЯДЫ

Бүгінде елордада 21 көпір бар. Астана көркіне көрік қос­қанымен қатар, бұл инженерлік құрылғылардың қаланың тір­шілігін қамтамасыз етудегі кел­тірер техникалық пайдасы да көп.

5555

Шаһар жолдарында кептелістің күнде болып жататыны баршамызға мәлім. Әсіресе, таңертеңгі және кешкі уақыттағы көліктер ағынының көптігінен діттеген жерімізге кешігіп жетіп жатамыз. Көпшілігімізге сағат 9.00-де басталатын жұмысымыздан қалып қоймас үшін үйімізден ертерек шығуға тура келеді. Кешке тағы үйге жеткенше асығамыз. Кептеліске түсіп қалмас үшін асықпай, жұмыста оның азаятын мезгілін күтіп отыратындар да арамызда кездеседі.
Кептелістің салдарынан қоғамдық көліктің де жүру кестесінен ауытқитын кездеріне жолығып жатамыз. Бұл жайт автобустардың уақытты қуып, жолда жылдамдықты асырып айдайтынынан білінеді. Сондайда жолаушылардың кейбірі жағдайды түсінбестен жүргізушіге «ағаш тиеп әкеле жатсың ба?» деп айқайлап та жатады. Мәселені реттеу үшін қалада көпірлерді көбейту қажет. Жоспар бойынша да келесі жылы елордада тағы үш көпірдің құрылысы басталмақ.
Астана қаласы Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің айтуынша, сол жағалауда көліктердің ағынын азайту аса маңызды. Бұл мақсатта қысқа мерзімде №46 көшеден бастап Хусейн Бен Талал көшесіне дейін Тәуелсіздік даңғылы бойында жол салынбақ. «Бұл аумақта келесі жылы бір көпір салынады. Ол Есіл өзенінің үстінен өтеді. Хусейн Бен Талал көшесіндегі №39 көшеден Абылай хан даңғылына дейінгі 10 шақырым жолды салу да үлкен маңызға ие. Бірінші кезеңде Тәуелсіздік даңғылынан жаңа теміржол вокзалына дейін жолдың құрылысын жүргізу жоспарланды. Осы жерде салынатын екі көпір де Есіл өзені мен Нұра өзенінің арнасы үстімен жүргізіледі. Сонымен, келесі жылдың екінші жартысында үш көпірдің құрылысы басталады. Аталмыш жоба екі-екі жарым жыл ішінде жүзеге асырылады. Көпірлердің құрылысына 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсау қарастырылды» дейді ол.
Басқарма басшысының сөзінше, көпірлер салынатын көшелердің көлік жүретін аумағы кеңейтіліп, сегіз жолақты жолдар салынады. Бұл жағдай кептелісті жояды деген болжам бар. Содан соң жолаушылардың керек жеріне жететін уақыты үнемделеді. Ал көпірлердің құрылысы тек мемлекеттің қаржысына жүргізілмек. Аталмыш жобаны Үкімет қарап, мақұлдады. Енді оны жүзеге асыру үшін қаржы бөлінуі тиіс.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button