Елорда тынысы

Көпке көмегі тиетін орталық

Нұр-Сұлтанда көпке көмегі тиетін, өзге кәсіпкерлерге де үлгі көрсететін жаңа көлік жуу орталығы ашылды. Ашылу рәсіміне қалалық Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов қатысып, орталықтың лентасын қиды.

[smartslider3 slider=3241]

– Ханым – кәсіпкер ғана емес, волонтер. Ол ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға көмек қолын созуда. Атап айтқанда, көлік жуудан түскен табысының 5 пайызын балаларды оңалту орталықтарына аударып отырады. Ханымның бұл көмегі көпке үлгі деп ойлаймын. Біздің басқа кәсіпкерлеріміз де өз жұмысын дөңгелетумен қатар, қайырымдылық жұмысымен айналысса нұр үстіне нұр болар еді, – деді Дәурен Бабамұратов.

«Тигрица» деп аталатын бұл орталық көлік жуудан түсетін табыстың 5 пайызын ерекше қажеттіліктері бар балаларға аударып отырады. Көлік жуу орнын ашқан Ханым­ ­Аганасованың айтуынша, бұл – оның бас қаладағы үшінші көлік жуу орны. 2016 жылдан бастап көлік жуу орталығында жұмыс істеген ол 2020 жылы өзі де осындай орталық ашуды қолға алыпты. Сонымен қатар әр орталықтан ай сайын түсетін қаражаттың 5 пайызын ерекше қажеттіліктері бар балаларды бейім­делу спортымен тегін жаттықтырып жүрген «Жас жауынгер» дене шынықтыру-сауықтыру клубына аударып отырған.

«2016 жылдан бері көлік жуумен айналысамын. Бастапқыда қарапа­йым көлік жуушы болсам, уақыт өте басқарушы деңгейіне дейін көтерілдім. Сол кезде бұл салада ақша табуға болатынын түсіндім, сонымен «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деп өз кәсібімді бастадым. Мені жалғызбасты әкелердің, жалғызбасты аналардың тағдыры толғантады. Сондықтан өз кәсібімді ашқан кезде оларға да көмек қолымды созу жұмысын қолға алдым. Елорда әкімдігінен тиісті тізімді алып, мұқтаж жандарға көмектесе бастадым» деді кәсіпкер.

«Жас жауынгер» клубында ерекше қажеттіліктері бар балалар бейімделген спортпен аптасына 3 күн тегін шұғылданады. Балаларға арналған ерекше спортзалдың негізін қалау­шы – 32 жастағы жаттығу залының нұсқаушысы Садық Байымбетов. Ол күндіз негізгі жұмыста еңбек етеді, ал кешке жас спортшыларды жаттықтырады. Клубтың негізгі мақсаты – балалардың бейімделу және қарым-қатынас дағдыларын дамыту, сондай-ақ жас кезінен параолимпиадалық ойындарға дайындау. Клубта әртүрлі диагнозы бар 70-тен астам бала шынығады. Бұл орталыққа бюджеттен ешқандай қаржы қарастырылмаған, қаржы жағынан қайырымдылық қорларының көмегіне сүйенеді. Жас кәсіпкер Ханым Аганасова өз табысының 5 пайызын, міне, осы орталыққа аударып отыр.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button