Мәселе

Көпшілігі қазақша оқуды таңдаған

Еліміздегі 1-сыныпқа баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқуды таңдаған. Екі айдың ішінде ата-аналардан 250 мыңнан астам өтініш түскен. 1-сыныпқа өтініштерді қабылдау 1 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүріп жатыр. Сондай-ақ ата-аналар өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.

[smartslider3 slider=3210]

«Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр. Осы ретте құжаттарды тапсыруда ата-аналардың белсенділігін байқауға болады. Биыл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін 1-сынып балалары көбейді. Қазақ тілінде оқитын сыныптарға қабылдаудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (91 пайыз), Қызылорда (91,5 пайыз), Жамбыл (82,2 пайыз) және Атырау (80,1 пайыз) облыстарында тіркелді» деді Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова. Оның айтуынша, биыл 1-сыныпқа 420 мың бүлдіршін барады деп күтілуде. Бұл көрсеткіш былтырға қарағанда жоғары.

Ал Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 25000 бала 1-сынып­қа барады. Барлық оқушы оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Биылдан бастап толық 6 жасқа толған балалардың барлығы қабылданады.

Елорда тұрғыны Думан Лақайұлы биыл 1-сыныпқа баратын баласын №59 мектепке қазақ тілінде оқуға тіркеткенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі балалар орыс тілін оқусыз-ақ игеріп алады, өйткені қоршаған орта солай қалыптасқан. «Балам орыс тілін білмей қалады деп алаңдамаймын, мен үшін баламның баба тілінде білім алғаны әлдеқайда маңызды» дейді ол.

Жаңа оқу жылында бала санының көптігіне байланысты үш ауысымдағы 4 мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ «Қамал», «Арнау» тұрғын үй кешені, Ұлы дала мен Мәңгілік ел көшесі мекенжайындағы 1-сынып оқушылары үшін №95 мектеп кеңейіп отыр.

1-сынып оқушыларының құжаттарын қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Құжаттарды egov.kz арқылы беруге болады. Қажетті құжаттар тізімі: ата-аналардың (немесе оларды алмастыратын тұлғалар) өтініші; баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; баланың денсаулық паспорты; 3х4 көлеміндегі 2 фото.

Білім беру ұйымы өтініш берушіден міндетті көрсетілген тізбеден басқа құжаттарды тапсыруды талап етуге құқығы жоқ.

Ережеге сәйкес, 1-сыныпқа қабылдау кезінде құжаттар алдымен мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы 3 өтініш берушіден (тіркелу орны бойынша) қабылданады. Одан кейін басқа шағын учаскеден 1 өтініш берушіден (3:1 қағидаты бойынша) қабылданады.

Гимназия, лицейден басқа, мектептердің барлығы балаларды мектепке емтихансыз қабылдайды.

 Баян АСЫЛБЕКОВА

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button