КӨПТІҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҚҚАН КРОСС
Жақында «Думан» сауда үйінің жанындағы алаңда сонау АҚШ-та мерекеленіп, шетелде кеңінен таралған марафон өтті. Күллі әлемге «Ең бақытты бес шақырым» деген атпен әйгілі болған акцияға бір мыңға жуық ерікті қатысты.
Шараны Астана әкімдігінің қолдауымен «Posadiderevo.kz» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – салауатты өмір салтын ұлықтап, жастар мен аға буын ұрпақтың арасында спортты насихаттау. Марафонға қатысушы алдын ала 2000 теңгенің билетін сатып алады. Билет сатылымынан түскен қаражат қаланы көгалдандыруға арналған жобаларға жұмсалады. Жарысқа тіпті 7 жасқа толмаған балалардың да атсалысуына рұқсат етілген, олар үшін қатысу тегін.
Бұл күні тек көңілді жандар жиналды. Арақашықтығы бір шақырымнан тұратын бес бекеттің әрқайсысынан қатысушыларды волонтерлар күтіп алып, қолдарындағы ұнтақ бояуды шашып жібереді. Сөйтіп, сөре сызығынан ақ киім киіп шыққандар мәреге жеткенше түрлі-түсті жаңбырдың астында қалады. Ерекше дәстүр Үндістанда көктемнің келуіне орай тойланатын «Холи» мерекесіне қатты ұқсас. Бүгінде мұндай марафондар әлемнің 50-ден астам елінде өткізіледі.
«Бұл акция елімізде үшінші рет болып жатыр. Мұнда жеңімпаз жоқ. Бастысы – қатысушылардың мейлінше ләззат алуы мен олардың көңіл-күйін көтеру», – дейді аталмыш кросстың ұйымдастырушысы және «Posadiderevo.kz» республикалық қоғамдық бірлестігінің директоры Дәурен Жолдасбаев.
Мұндай көңілді ойын-сауық мүлде қауіпсіз, ал онда пайдаланылатын ұнтақ бояулар денсаулыққа еш зиян келтірмейді. Себебі, құрамы тек табиғи қоспалардан тұрады. Тіпті, жеуге де болады екен! Сондықтан қатысушылар бояуға құлшына шомылып, өз денелерінде бірде-бір таза жер қалдырмауға тырысты.
Биыл сайысқа Activ ұялы байланысы, «Coca-cola Almaty Bottlers» компаниясы, «Fitnation» фитнес-клубы, «Mary Kay» мен «KFC Kazakhstan» компаниялары өз қолдауын көрсетті. Көптің көңілінен шыққан кросс алдағы уақытта Шымкент қаласында өткізіледі.
Күнайым СӘКЕН