Мәдениет

Корей маскаларын көргіңіз келе ме?

Астанадағы Ұлттық музейде «Корей халқының дәстүрлі маскалары» атты көрме ашылды. Көрмені аталмыш музей мен Қазақстандағы Корея Республикасының елшілігі бірлесіп ұйымдастырды.

Көрмеге корей халқының «Хахве Бёльсингут Тальнори», «Бонсан Тальчум», «Суён Яру» және басқа да театрландырылған дәстүрлі би қойылымдарында қолданылатын маскалар қойылды.
«Бұл көрме – Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық музейі мен Кореяның Қазақстандағы елшілігінің тығыз қарым-қатынасының айқын көрінісі. Бүгінгі көрме де көпшілік көңілінен шығып, келушілер тарапынан оң бағасын аларына сенемін. Көрме арқылы корей елінің мәдениетімен, өзіндік ерекшеліктерімен жақынырақ танысуға болады. Бүгінгі көрменің тақырыбы да ерекше, корей халқының тамыры терең тарихынан сыр шертеді. Алдағы уақытта да тың бастамаларды бірлесе жүзеге асырып, жаңа көрмелерге жол ашамыз деген ниеттеміз» деді Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.

Маскалар әлемнің барлық же­рінде бар. Маска мәдениетін барлық жерден кездестіруге болады. Алайда олардың әр елде өзіндік ерекшеліктері бар. Басқа халықтардың маскаларына қарағанда корей маскалары адам келбетін, мінез-құлқын, көңіл кү­йін, сезімдерін бейнелеп, қойылымдарда қарапа­йым халықтың өмірін әзіл түрінде көрсетеді.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған Қа­­зақстандағы Корея Рес­публикасының төтенше және өкілетті елшісі Ким дэ Сик көрменің өзіндік ерекшелігіне тоқталды. «Барлық елдің ежелден келе жатқан ерекше дәстүрлері болады. Бүгін сіздер корей халқының дәстүрлі маска мәдениеті және оны да­йындау әдіс­терімен таныса аласыздар. Бұл маскалар адамдардың бір-­біріне деген жылы лебізде­рін білдіріп, бір-бірін күлдіріп, қуанту үшін жасалады. Маскаларда жа­нуарлар, өзге де тіршілік иелері емес, тек адамның бейнесіндегі күлкілі бейнелер суреттелген. Түрлі мас­каларды киіп, жергілікті халық міндетті түрде арнайы мәдени шаралар ұйымдастырады» деді.

Көрмеге корейлердің дәстүрлі маскаларының 61 түрі ұсынылып отыр. Бұл маскалар арқылы Чосон династиясы кезеңіндегі Корея бейнелерін көруге болады. Көрме 2018 жылғы 23 желтоқсанға дейін жалғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button