Елорда тынысы

Корейлер мерекесі – Чхусок

Астананың 25 жылдығына, Қазақстан корейлері «Корё ильбо» газетінің 100 жылдығын мерекелеу аясында, сондай-ақ Қарттар күніне орай корей халқының күзгі егін жинау кезінде отбасы құндылығын насихаттап, үлкендерге алғыс айтатын, өмірден өткендерге тағзым ететін дәстүрлі мерекесі ұйымдастырылды.

Кеш қонақтарының арасында Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Джо Тэ-Ик мырза, Мәжіліс депутаты Вера Ким, Қазақстандағы корейлер қауымдастығының төрағасы Юрий Шин, Қазақстан халқы ­ассамблеясы хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгакова, «Корё ильбо» газетінің бас редакторы ­Константин Ким болды.

Мереке біздің дауылпаз секілді ұрмалы музыкалық аспаптың ­дауылды үнімен басталды. Қызыл-жасылды ұлттық киім киген ұл-қыздар мен үлкендердің орындауындағы таңғажайып саз кеш қонақтарын дүр сілкіндіріп, сергітті. Корейдің ұлттық киімі – ханбокты киген арулардың мың бұралған биі келгендерге ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады. Хордың орындауында Астана туралы ән бейнекөрініспен айтылса, дуэтпен корейдің халық әндері шырқалды. Кореяда Чхусок пен Сольналь ең маңызды мейрамдар қатарында. Чхусок – күзде егін жинап, оны теріп алғаннан кейін Жер-анаға алғыс ретінде жасалатын мейрам.

Мерекелік кеш барысында сөз алған қонақтар мен ұйымдастырушылар үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетілген жиынның мақсаты, әсері жайлы айтып, ұлттық нақыштағы музыка тыңдап, емен-жарқын әңгімелесті. Өз ұлтының салт-дәстүрін, ізгі мақсатын еліміздің астанасында насихаттаған шырайлы кеш, шын мәнінде, жарқын мерекеге айналды. Елорданың төрінде өткен мереке барысында шығармашылық ұжымдар өз өнерін ортаға салды, ұйымдастырушылар ардагерлер мен белсенділерді құрметтеп, алғыс хат табыстады.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button