Мәдениет

Көрерменге ой тастады

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Жастар» театрында жас драматург Жәнібек Әлікеннің «Күйеу бала» драмасының премьерасы өтті. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәурен Серғазин.

[smartslider3 slider=2656]

Қазақ қызының шетелдікке тұрмысқа шығуы – қазіргі қоғамда көп талқыланатын тақырыптың бірі. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар көбейіп отыр. Әлеуметтік желілерден қаракөз қарындастарымыздың қара нәсілді жігітпен немесе өзге ұлттан шыққан азаматпен бас құрағанын жиі көретін болдық. Бүгіндері қазақ «қызға қырық үйден тыйым» сала алмай отыр. Әрине, бұл жағдайда қызды ғана кінәлаған дұрыс емес. Бұған ата-анасының, араласқан ортасының да белгілі бір деңгейде кінәсі бар.

Жаңа қойылымның негізгі арқауына осы аралас неке мәселесі алынған. Ал біле білген адамға бұл бір әулеттің немесе отбасының проблемасы емес, бұған ұлт болып тосқауыл қойған жөн. Себебі қыздың ары – ұлттың ары.

«Күйеу бала» драмасында ауыл әкімі Бейсенбектің (актер Жандәулет Батай) қызы Роза (Әсем Қуанышбаева) ауылға өзі таңдаған қытай жігіті Ли Хуаньді (Нұрбек Әділбек) таныстыруға әкеледі. Қытайлықтың Қуан деген екінші аты да бар екен. Осыдан өрбитін оқиға қазіргі қазақ қоғамындағы, ауыл өміріндегі бірқатар проблеманы ашады.

Драма авторы аралас неке мәселесін қозғаймын деп ауқымы кең мәселелерді көтереді. Яғни бір спектакльдің ішінде қазір өзекті бірнеше проблема туралы айтылады. Бұл жерде өскелең ұрпақ пен жастар тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, ауылдың азып-тозуы, тіпті экономикалық мәселелер қозғалған. Қоюшы режиссер соның бәрін қамтуға тырысқан. Алайда біздіңше, спектакль шұбалаңқы болып кетті. Иә, арасында бір үзіліспен үш сағатқа жуық жүреді. Сол себептен көрерменді жалықтыратын жерлері де бар. Біздіңше, материалды сығып, ықшамдап беру керек. Бұдан драма ұтпаса, ұтылмайды деп есептейміз.

Ал қытай азаматтарының елімізде қаптағаны, олардың көбейгенінен ұлтқа төнетін қатер туралы көптен айтылып жүр. Қытайлықтар Қазақстанда діттеген мақсаттарына жету үшін қазақ қыздарына үйленіп жатқанын да жиі естиміз. Спектакльде осы мәселе де қамтылады. Ли Хуань майда тілімен Розаның туысқандарының, ауылдастарының көңілін табуға тырысады. Кейбіреуінікін табады да. Мәселен, Розаның әкім әкесіне ауылға инвестиция құямын деп уәде береді. Ауылдағы жастардың көсемі Нұрболат (Елдос Шайкенов) деген жігітке жастарға жұмыс тауып беремін дейді.

Бір ғана адам қытай күйеу баланы қабылдамайды. Бұл – әкімнің әкесі, Розаның атасы, ауылдың қадірлі ақсақалы Сәрсенбай (Мұхтархан Манап). Алдымен ол осындай некеге шариғат не дейді деп ауыл имамымен (Нұрбек Әлібек) кеңеседі. Бұдан соң да ұзақ толғанысқа түседі. Ақыры қылмысқа барады. Немересі таңдаған жігітті атып тастайды.

Спектакльдің жанры драма болғанмен, онда комедия элементтері де кездеседі. Мәселен, ауылдың өсекші әйелдерінің әрекеті көрерменді күлдірмей қоймайды. Ауыл тұрғындарының кешкілік теледидардың қасына жиналып, түрік немесе корей телехикаяларын тамашалауы да бүгіннің көрінісі.

Түйіндеп айтқанда, драманың ойлантар тұстары аз емес. Бірақ сәл жинақтап, артық көріністер жонып алынса деген тілегіміз бар.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button