Мәдениет

КӨРЕРМЕНІН ҰЙЫТАР «ҰЙҚЫДАҒЫ АРУ»

Астана күні қарсаңында «Астана-Опера» мемлекеттік Опера­ және балет театрының сахнасында П.Чайковскийдің «Ұйқыдағы ару» балетінің тұсаукесері өтеді.

Балет премьерасы заманымыздың көрнекті балетмейстері Юрий Григо­ро­вич­тің жаңа хореографиялық өңдеуімен ұсынылады. Ресей хорео­гра­фиясының хас шебері «Ұйқыдағы аруды» бұрынғы балетмейстерлерде жиі кездесетін тек балалар ертегісі немесе ойын-сауық феериясы ретінде қоймайды, Чайковскийдің музыкасына сәйкес өз кезегінде жанды рухтандыратын поэма сияқты ұсынады.

Премьераға дейін санаулы күндер қалды. Қазір театр сахнасы безен­ді­ріліп, атақты балетті қоюға қызу дайындық жұмыстарына кіріскен. ХVІІ ғасырда Франция королінің билігі кезіндегі көріністер көрерменді бейжай қалдырмайтындай асқан толғанысты сәттерге толы. Әсерлі көрі­ніс­тер мол. Мұны дәл осы кезде «Астана-Операға» бас сұққан әрбір адам тап басып таныр еді.

Театрда соңғы дайындықтар жүруде. Италиядан Астанаға әкелін­ген салмағы төрт тонналық «алтын жалатқан» декорациялар орнату аяқталды. Ал, тек корольдік қор­ған­дар­дан тұратын салмағы бес жүз келі қақпалардың өзі неге тұрады?!

«Көптен күткен қойылым бірнеше күннен кейін басталады. Әркімнің кеудесінде толғаныс бар екендігі көрінеді. Өйткені, театр жаңа, мұн­да­ғы мәдени өмір де жаңадан бас­талып жатыр. Сондықтан, асқан жауап­кер­ші­лік пен тәжірибенің сынға түсетін кезі» деп пікірін білдірді қойылым суретшісі Эцио Фриджерио.

Спектакль үшін декорацияның 25-30 пайызы Қазақстанда жасалды. Қалғаны Италияда әзірленді. Тағы бір айта кетерлігі, оған әрлеу мен ажар­лау­шы және бояу жөніндегі әр­түрлі цехтардан көптеген адамдар қатысты. Пластик, арматура, сұйық әйнек сияқты бірнеше материалдар пай­даланылды.
Суретші-сценограф Эцио Фреджи­рио­ның 350 спектакль қоюға бірге атсалысқан өз командасы бар. Қазақ­станда оған мұндағы мамандармен қоян-қолтық жұмыс істеуге тура келді. Істің күрделі басталғанына қара­мас­тан,­ нәтижесі жақсы шықты. Бұл спектакль бесінші рет қойылғалы отыр. Сон­дықтан, оның Миландағы «Ла Скаламен», Франциядағы «Париж Операсымен», Ресейдегі Үлкен театрмен жұмыс тәжірибелері бір биікке көтерері сөзсіз.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button