Басты ақпаратЖаңалықтар

КӨРІНГЕН ЖЕРГЕ КӨЛІК ҚОЙМА

Статистикаға сүйенсек, бүгінде халық саны миллионға жеткен Астананың әрбір үшінші тұрғыны көлік жүргізеді екен.

IMG_6389

Темір тұлпар тізгіндеушілердің қатары көбейген сайын жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілері де жиілеп отыр. Жүгенсіз жүргізушілер машинасын жол жиегі, тротуар, балалар алаңқайы, мүгедектерге арналған орын сынды белгіленбеген жерде қалдырудан қысылмайтын болған. Мәселен, небәрі алты айда осындай заңсыздықтың 1700-ден аса жағдайы тіркеліпті. Кеше біз ІІД Жедел полиция қызметімен рейдке шығып, жол қозғалысындағы біраз бұзақылықтың үстінен түстік.

Тыйым салынған жерге көлігін тастап кететіндерге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс екі бапты қарастырады. Мәселен, 601-бапта жол белгiлерi мен жолдың жүру бөлiгiндегi таңбаларда көрсетiлген талаптарды сақтау айтылады. «Тоқтап тұруға тыйым салынады» белгісін елемейтін жүргізушілерге 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл салынады. Ал жоғарыда аталған кодекстің 597-бабын бұзу 10 АЕК (21 210 теңге)-50 АЕК (106 050 теңге) арасындағы айыппұл төлеуге міндеттейді.

Қалтадан қағатын «қымбат» жаза, дегенмен көлік иелерін бұл сома да шошытар емес. Рұқсатсыз болса да, ыңғайлы орындар екенін өздері де жасырмайды. Мәселен, біз тексеріп өткен Республика даңғылының бойында Сарыарқа аудандық Салық комитеті орналасқан. Мекеменің алдында он шақты көлік қаз-қатар тізіліп тұр екен. Жүргізушілер өздігінен бұл жерді тұраққа айналдырып алған. Полицейлер хаттама толтыруға кірісті. Біз ашулы жүргізушілерді сөзге тарттық.

Ашулы дейтін себебіміз, қатесін мойын­даса да, мәжбүрлі түрде тоқтағанын айтумен шағымдана жөнелді. Бақсақ, сөздерінің жаны бар. Мәселен, Рысбек есімді азамат:

«Асығыс шаруамен келіп, машинамды осында қалдырып кеттім. Қаланың қай бұрышына барсақ та, көлігімізді қоятын жер таппай шаршаймыз. Осында тұрудан басқа амалым қалмады. Халық көп келетін ғимараттарды саларда құрылысын дұ­рыс ойластыру керек қой. Жұмыстан сұранып, салық төлеуге жүгіреміз. Машинамды ат шаптырым жерге тастайын ба енді?! Онсыз да әр минутымыз санаулы. Айтыңыздаршы енді, біздің не кінәміз бар?» – дейді ол.

Енді бір автомобильдің иесі көрінбейді. Мұндай кезде полиция көліктің мемлекет­тік тіркеу нөмірін шешіп алады. Полиция сержанты Астемір Бектаев жеңіл көліктің нөмірін жазып жатқанда, көлік иесі жанұшыра жүгіріп келді. Өзін Дана деп таныстырған бойжеткеннің көлік тізгіндегеніне бар-жоғы жеті күн екен. «Белгіні байқамай қалдым. Ертең енді жаяу келетін шығармын. Әйтпесе, қайда тұрақтайын? Аулаларда да орын болмайды ғой» дейді білместіктен ереже бұзушы.

Расында да, Астанадағы тұрақтардың мәселесі көңіл көншітпейді. Бұл жағдайды реттеуге биыл қала әкімдігі белсене кірі­сіп кетті.

«Жол қозғалысындағы көлік жүкте­ме­сін азайту мақсатында «Астана LRT» компаниясы мен Жолаушылар көлігі басқармасы 9 мың орны бар көлік қоюға арналған ақылы тұрақтың жобасын да­йын­дауда. Ақылы автотұрақты құруға қажетті техникалық құралдар алынды. Енді тамыз айында «Нұржол» бульварында бұл жобаның пилоттық нұсқасы іске қосылады», – дейді Астана қалалық Ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Уваев.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button