Қоғам

Көркейе бер, тілекші туыс елім!

Тату көршілік қатынасы тарихтан бері үзілмей келе жатқан Қазақстан мен Өзбекстан соңғы жылдары экономика, мәдениет, туризм саласындағы ынтымақтастықтың жаңа парағын ашты. Соның бір дәлелі ретінде 2018 жылы Өзбекстанның Қазақстандағы жылы сәтімен өтсе, биыл өзбек елінде Қазақстан жылы айрықша аталып өткенін атауға болады.Өзбекстандағы Қазақ­стан жылының ашылу салтанаты биыл сәуір айында Таш­кентте өтті. Шараның ашылу салтанатында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев көпұлтты Өзбекстан халқы атынан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы достық, тату көршілік және серіктестік қатынастарды нығайтуға қосқан шексіз үлесі үшін алғыс айтты. Сондай-ақ Қазақстанда өткен ғажап, жарқын әрі ұмытылмас Өзбекстан жылы үшін шынайы ризашылығын білдірсе, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азиядағы ұлы өркениеттің мұрагерлері саналатын екі ел халқының тілі де, діні де, тағдыры да, тарихы да біртұтас екенін айрықша атаған болатын.
Мәдени бағыттағы шаралардың алғашқысы Өзбекстанда Әлішер Науаи атындағы Өзбекстан Ұлттық кітапханасында «Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығының» ашылуымен басталды. Жүз елу жылдық тарихы бар беделді кітапханадағы кездесуде Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары Әлия Қожабекова қатысып, бұл халықаралық жобаның негізгі мақсаты – қазақ халқының тарихымен, мәдение­тімен, салт-дәстүрімен, экономикасымен, қазіргі мемлекеттің жетістіктерімен, саясатымен және әлеуметтік саласымен таныстыру, сондай-ақ классикалық, заманалық проза және поэзиясы туралы мәлімет беру екенін айтқан еді. Аталған орталықта одан кейін де көп конференция өтіп, атажұрттан келген ақын-жазушылар бірқатар кітабын тарту етті. Қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрген қазақ жазушыларының туындылары бүгінгі таңда кітапханадағы «Әлем әдебиеті» залында өз оқырмандарын тапты. Бұл, әсіресе, өзбекстандық қазақтарға таптырмайтын орталық болып, белгілі жазушылардың таңдамалы туындыларымен танысуына мол мүмкіндік берді.
Қазақтың Ұлы даласында ежелден-ақ өркениет қалалардың көп болғанына өзбекстандықтар тарихтан сыр шертетін артефактілермен келген музейлердің көрмесіне қатысқанда көз жеткізді. Ташкентке өткен Атырау облыс­тық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі өз ерекшелігімен өзбекстандықтардың есінде қалды. Бұл көрмеге 122 артефакт қойылды. Олардың арасындағы Сарайшық қаласы орнынан табылған зергерлік бұйымдары, қола айналар, қыш түтікшелер, сфереконустар, шырағдандар, сүйектен, қоладан жасалған бұйымдар, сарай тиындары, қыш кірпіштер және өңдегіш плиткалар… байырғы өркениеттің қайнар көзі болғанын айғақтайтын заттар көрме көрермендерінің назарын айырықша аударды. Одан соң Қазақстан Ұлттық музейі «Ұлы Дала: тарих және мәдениет» көрмесін ұсынды. Көрменің негізгі экспонаты ретінде Қазақстанның символы саналатын «Алтын адам» және 127 артефакт қойылды. Осылайша тарихқа қызығушылығы мол азаматтар қазақтың бай мұрасымен, есімі белгісіз шеберлер жасаған керемет туындыларымен жақыннан танысты. Көрмелер бірнеше күнге жалғасып, Ұлы даланың өркениетіне қызыққан жандарға керемет әсер сыйлады.
Қазақстан жылы аясында Өзбекстан телеарналарында қазақ фильмдері мен телехикаялары өзбек тілінде көрермендерге ұсынылды. Қоғамдағы тәрбие ошағы саналатын театрлар арасында да байланыстар жанданып, атаулы жылдар аясында беделді театрлардың екі жақты гастрольдері ұйымдастырылғанын ерекше атап өткен жөн. «Астана-Опера», «Астана-Балет», Қостанай облыс­тық қазақ драма театры, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Шымкент қалалық өзбек драма театры және Мемлекеттік «Салтанат» би ансамблі ең үздік қойылымдарын ұсынды. Солардың арасында ташкенттік көрер­меннің жүрегін жаулап алғаны «Астана-Опера» театры әртістері сахналаған қазақтың төл туындысы «Абай» операсы болды. Театрдың сахналаған қойылымы, сахнаны безедіруде пайдаланылған ұлттық бұйымдарымен, әртіс­тердің ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киімдері көздің жауын алып, баршаны тамсандырды. Театрға келген көрермендердің қазақтың ұлттық құндылықтарына деген қызығушылығы одан да артты.
Өзбекстан мен Қазақстан жоғары білім беру жүйесінде де өзара ынтымақтастыққа қатысты 50-ге жуық келісім бар. Биыл Қазақстанның 47 ЖОО Өзбекстанда көрме өткізіп, оқу орындарының өкілдері білім беру жүйесі, студенттер үшін жасалған жағдайлар және білім алу шарттары туралы мәлімет берді. Жоғары оқу орындарының көрмесі республиканың бес аймағында – Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Нөкіс және Қаршы қалаларында өтті. 2017 жылы 1300-ге жуық өзбекстандық студент Қазақстан ЖОО-на оқуға түссе, 2018 жылы 12 мыңнан асқан.
Қазақ музыка өнерінің тарихы өте тереңде. Ұлттық музыкасымен әлемді таңғалдырған халық болашақ ұрпағын тәрбиелеуде де өнерді кең пайдаланған. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, биыл домбырасы қолынан түспеген біраз өнер тарландары еліміздің көп өңірлерінде бой көрсетті. Олардың арасында бар қазақтың сүйікті әрі ерке қыздары, Қазақстан Халық әртістері Мақпал Жүнісова мен Роза Рымбаева бар. Сонымен қатар фольклорлық және Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрлері, би ансамбльдері де өнер көрсетті. Шығармашылық ынтымақтастықты жалғастыру мақсатында «Шымкент – шырайлы шаһарым» атты мәдениет күндері өтті. Мәдениет күндері аясында «Түркіден тартқан тамырын…» атты екі ел ақын-жазушыларының кездесуі және «Шымкенттен – шашу» гала-концерті ұйымдас­тырылды.
Биылғы ең елеулі уақиғаның бірі Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияевтың «Ұлы қазақ ақыны және ойшылы Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын кеңінен үйрену және насихаттау туралы» қаулысы болды. Қаулы негізінде республика бойынша оқу орындарында рухани шаралар өтіп, Өзбекстан Ұлттық академиялық драма театрында «Абай» драмасы қойылды. Спектакльдің сахналас­тырушы-режиссері Өзбекстанға еңбегі сіңген әртісі – Марат Азимов. Ал Абайдың рөлін Өзбекстан халық әртісі Якуб Ахмедов тамаша сомдады. Сонымен қатар Ұлы ақынның бұрын-соңды өзбек тіліне аударылған таңдамалы шығармалар жинағы жарық көрді. Бұл кітаптар жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық колледждердің кітапханаларына таратылған. Бүгінде өзбек студенттері арасында Абай Құнанбаев және оның шығармашылығы туралы шығарма жазу байқауын Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығы жариялап, алдағы 2020 жылы Ұлы ақынның 175 жылдығына орай марапаттау салтанатын өткізу жоспарланып отыр.
Өзбекстандағы Қазақстан жы­лы­ның жабылу салтанаты өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Өзбекстан» халықаралық форумдар сарайында өткен ресми шараға Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Азиз Абдухакимов пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова қатысып, жыл бойы өткен түрлі іс-шаралар туралы жақсы пікірлер білдірді. Салтанатты шараға қатысқан еліміздегі көптеген дипломатиялық корпус өкілдері мен қонақтар қазақ және өзбек халықтарының достығы берік екеніне тағы да бір рет көз жеткізді.

Айгүл ТЕШЕБАЕВА,
Өзбекстанда қазақ тілінде
шығатын республикалық
«Нұрлы жол» ­газетінің тілшісі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button