Ресмиет

Көркем кісі еді

«Алдамшы екен бұл жалған, Бұл жалғанда кім қалған? Бұл жалғанның  жүзінен, Қара да өткен, хан да өткен…» деп Марабай жырау айтқандай, ел игілігіне өлшеусіз үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, әділдік ұстанымы мен халық ілтипатына бөленген Кеңес Аманұлы 88 жасында дүниеден озды.

[smartslider3 slider=1930]

Ісі де, өнегелі өмір жолдары да, жаратылыс-бітімі де көркем кісілік тағылымдары да өз алдына бір даналық әлем деуге болады. Жайсаң жанның өмір жолдары – қазаққа адал қызмет етудің рәмізі. Нақтылап айтсақ, 1954-1959 жылдары ғылыми-мәдени әлеуеті жоғары Алматы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетінде оқып, содан соң 1959-1994 жылдары Баянауыл өңірінде бас агроном, аудандық ауылшаруашылық басқармасы бастығының бірінші орынбасары, Торғай облысы Арқалық ауданының атқару комитетінің төрағасы, Жангелдин ауданы партия комитетінің бірінші хатшысы, кейін Қазақстан компартиясының ХІV съезінде Орталық комитет мүшесі, Торғай облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, 1986 жылдан облыстық агроөнеркәсіп комитетінің төрағасы қызметін қоса атқарды. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасының тұңғыш кәсіби парламенті Жоғары кеңесінің (ХІІІ шақырылған) депутаты.

90-жылдардың ортасында Ақмолада «Бірлік» астық компаниясын құрып, нарықтық экономиканың да тасын өрге дөңгелетті. Елорданың іргесі қаланып жатқанда жас басшыларға, ізбасарларына ақыл-кеңес беріп отырды.

Ел ағасы Кеңес Аманұлының шамырқанып-буырқанып, ақыл-парасатпен кеңінен толғап көсіле сөйлегеніне куәгер болғаным бар. 2014 жылдың маусым айының 20-күні Сұлтанмахмұт Торайғырұлы атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Сілеті өңірінің мектеп басқарған айтулы мұғалімі, шежіреші Қамза Жүнісұлының 100 жылдық мүшелтойы еді. Бұл жиынға сол өңірдің қалаларға қоныс аударған 96 адамы – ақсақалдар, бәйбішелер, мосқалданған әйелдер, келін-кепшіктер қатысқан… Баршасының өң-әлпетінен Сілетісін сағынғаны көрініп тұрды.

 Жарты сағат бойы ойын, пікірін Шәкәрімнің сөздерімен тұздықтап, кесек-кесек тұжырымдар туындатты. Ми қайнатар ыстықта денсаулығы сыр берсе де, әрі астанадан келсе де Сілетіліктерді сілікті-ау! Ата қоныстан безгендерге бұл бір теңдесі жоқ сабақ болды-ау!

Осы бір сөз саптасынан, ой толғауынан, тапқырлық, айтқыштық шеберлігінен оның білімдарлығын, оқып-тоқығандығын көруге болады. Өмірден көргені, түйіп-тергені, ел-жұртына бергені өлшеусіз мақсаткер абыз ақсақалдың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін, тарихи танымын, кемел болмысын «Аталардың ақылы, даналардың нақылы» атты кітабынан (Павлодар, 2014 жыл, 646 бет) толық бағамдауға болады. Ауқымды тақырыптарды барынша мол қамтыған. Мысалы: «Дін – дүние тірегі», «Ата-аналар әлемі», «Тәлім-тәрбие табиғаты», «Ана тілің – ар-намысың», «Әдептілік мәдениеті», «Ғалам ғажайыптары», «Табиғат – тал бесігің», «Уақыт көші», «Аталардың ақылы…», «Тәуелсіз елдің тарихы». Тұтастай алғанда, бұл материалдарда ғылым, білім, саясат, дүниетаным, ғарыш, сана, этнопедагогика, тұлғатану туралы баға жетпес мәліметтер, деректер жеткілікті.

Халық қызметкері, ел зиялысы Кеңес Аманұлының өмірі ғибратты, мағыналы. «Мен де арнап өткендерге ой толғайын да» дегендей, әділдіктің, тазалықтың, адамгершіліктің, еңбекшілдіктің символындай, рәмізіндей нартұлғалар хақындағы естеліктерінің жөні бөлек. Мәселен: «Асқақтатқан ел ісін асқаралы ер еді» (Еркін Әуелбеков туралы), «Қырдың қыраны еді» (Айып Құсайынов), «Батырлық пен батылдық – егіз» (Бірәлі Нұртазин), «Торғайдың дәстүрлі сарбаздарының бірі еді» (Тұрсын Шаймағамбетұлы), «Өмір жолы ұстаздық еді» (Хамза Жүнісұлы), «Ұмытылмас еңбегі бар есімі» (Бақұстар Рамазанов) және т.с.с. Әрқайсысы тағылым сабақтарындай, замана айнасындай, әдептілік әліппесіндей, қарым-қатынас жасаудың үлгісіндей дерсің! Айталық, ғасыр тұлғасы Еркін Әуелбеков­тің қандай тәжірибелі, парасатты басшы болғанына, қандай ары да, жаны да, қолы да таза болғанына, кіршіксіз адамшылық қасиеттеріне үңіліп, мөлдірете баяндайды.

Кітапқұмарлық – білімге құмарлық. Шынайы білімнің тағдыршешті мәні бар! Сарыарқаның сары белінде қазақы ортада туып-өскен Кеңес Аманұлы мектеп қабырғасында кітап оқыштығымен ерекшеленген және де ақыл безбеніне салып ой-тұжырымдар түйе білген. Осы ретте Кеңес ата мынадай сырымен ортақтасады: «Оныншы сыныпты бітірерде мені алтын медальға ұсынды. Мені құртқан – орыс тілі. Орыс тілі шығармасынан үш қате шығып, үш алып қалдым. Алматы ауылшаруашылығы институтына түсерде де қорыққаным осы орыс тілі болды. Бір орынға – тоғыз бала. Емтихандардың бәрін жақсы тапсырып келе жатырмын. Ең соңғы емтихан – орыс тілінен шығарма. Шығармаға өте жақсы білетін Маяковскийдің өмірі мен шығармашылығы келді. Жақсы білгенімді қайтейін, орыс тілінде қатесіз жеткізе алмаймын. Екіншісі, «Почему я поступаю в институт» атты еркін тақырып екен. Мен соны қаладым. Көп жазсам қате жіберетінімді білемін. Сондықтан бір-ақ ауыз сөз жаздым. «Хочу быть высоко образованным гражданином Родины и высоко квалифицированным специалистом сельского хозяйства» дедім де не болса, о болсын деп қоя бердім. Үш күннен кейін неше алдым екен деп барсам, тізімде төрт деген баға тұр. Оны мен мүлде ұмытып кеткен едім. Алдыңғы жылы Кеңестер Одағының атақты чекисі болған Резниктің бүркеншік Суворов деген фамилиямен шыққан кітабы қолыма тиіп оқысам, ішінде мынадай оқиға жазылыпты: Сталин испан қызы рөлінде бес бойжеткенді шпиондыққа даярлауға тапсырма береді. Біраз уақыт өткен соң оған тағы бір қыз қосыңдар дейді. Қыздарды оқытып, даярлайды. Оқу курсы біткен соң емтихан алады. Шығарма тақырыбы – «Кабы я была царицей». Барлық қыздар шығарма жазып жатыр. Ең соңғы алынған алтыншы қыз бір ғана сөйлем жазыпты. Мұғалім қасына қайта-қайта келіп «сен неғып отырсың, жазбайсың ба?» дейді. Қыз «мен жаздым» дейді. Қалған бес қыз екі-үш сағат отырып, шығармаларын жазып береді. Шығармаларды Сталинге апарып тапсырады. Сталин шығармаларды оқып болған соң, алтыншы қыздікі қайда деп сұрайды. Мұғалім: «Ол түк жазған жоқ. Бар болғаны бір-ақ сөйлем. Сосын әкелмедік» дейді. Сталин алдыртады да, ойланып біраз отырып, мырс етіп күледі. Алтыншы қыз «Покорила бы весь мир» деп жазған екен. Сталин алдыңғы бес қыздың қажеті жоқ, осы соңғыны даярлаңдар десе керек. Осыны оқып отырып, институтта орыс тілінен емтиханды қалай тапсырғаным есіме түсті».

Кеңес Аманұлының  кемел кісілік келбеті, іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті, ел, халық алдындағы абыройы тұлпар шабысты, сұңқар дауысты дүлдүл ақынымыз Серік Тұрғынбекұлының мына бір ой шумақтарында көрініс тапқан:

Келісті келбеті бар кемеңгердей,

Ерлігін естіген ел елеңдердей.

Әмірін жүргізді ол,

Қайда болсын –

Тамырын терең тартқан емендердей.

Кеңес ол,

Өзіміздің Аманұлы,

Таусылмас жақсы күнге жаңалығы.

Білінген таңдайынан шешендігі,

Көрінген маңдайынан даналығы.

Сілеті елінің ардағы қазыналы қария, жігерлі, намысты қайраткер Кеңес Аманұлы Жуантөбе елді мекенінде Түгел батырға есткерткіш-белгі орнатты және 2006 жыл ел игілігі үшін Қызылағаш ауылында мешіт, діни рәсімдер ұйымдастыратын асхана үйін салдырды.

Асылы, елі таныған ардақты Кеңес Аманұлының ұйымдастырушылық, майталмандық, адамшылық өнегесі, ойлы сөзі, қымбат тәжірибесі, рухы, бабаларға деген ізет-құрметі Қазақ елін, елорда зиялыларын қызықтырып, құлшындырып отырары хақ.

Серік НЕГИМОВ,

Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері,

филология ғылымдарының

докторы, профессор

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button