Мәдениет

Көрме-жәрмеңке қайта жаңғырады

20-24 сәуір күндері елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Eurasian Book Fair-2022» V Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңке­сі өтеді. Үш жылдық үзілістен кейін қайта жаңғыратын кітап мерекесіне қатысуға баспа, кітап саудасы, ғылым-білім беру және полиграфиялық қыз­метті ұсынатын 80-нен астам компания өтінім берді. Арасында ­шетелдік баспалар да бар.

[smartslider3 slider=2679]

«Фолиант» баспасы бесінші рет ұйымдастырып отырған көрме-жәрмеңке аясында 100-ден астам мәдени шараны және жаңа кітаптардың тұсаукесерін өткізу жоспарланған. Биылғы көрменің бағдарламасы арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында таныс­тырылды.

– Қадыр Мырзалиев ағамыз­дың «Балауса» баспасының директоры кезінде: «Қазақта мереке көп. Ойдан шығарылған да, мемлекеттік мерекелер де баршылық. Тойдан айырмасын. Бірақ мерекенің ең үлкені – кітап жәрмеңкесі» дегені бар. Шынында да, қазір дайындалып жатқан кітап жәрмеңкесінің орны бөлек. Өйткені бұл – руханияттың мерекесі. Коронавирустың біздің кітап шаруашылығына, рухани әлемімізге біраз кедергісі болды. Кітап көрме-жәрмеңкесі де соның кесірінен үзіліп қалды. Биыл жанданып жатыр. Соған бәріміздің атсалысып, өз дәрежесінде өткізгеніміз дұрыс болады, – деді көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров.

Қазақстан Жазушылар одағы Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің өтуіне атсалысып келе жатыр. Биыл да бұл дәстүрінен жаңылмайды. Бұл туралы аталмыш ұйым төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек айтты.

– Осындай көрмелер ең әуе­лі оқырман қауымды қазіргі кітап шығару саласында болып жатқан жаңалықтармен таныс­тырады. Бұл жерде баспалар кітап сатып, бәлендей байып кетпейді. Көрме-жәрмеңке барысында баспагерлер тәжірибе алмасады. Қазір технология тез дамып жатыр. Халықаралық көрме болғандықтан, шетелден көптеген баспагерлер келеді. Олардың өнімдерін көріп, өзіміздікін көрсетеміз, – деді Ақберен Елгезек.

Жиында кітап көрмелерін өткізудің өзектілігі мен мақсаты, олардың болашақтағы рөлі туралы айтылды. «Оқитын ұлт» бағдарламасы жайында әңгіме қозғалып, өскелең ұрпақты көркем әдебиет оқуға қызықтырудың жолдары талқыланды. Белгілі тележүргізуші Зейін Әліпбек бұл тарапта өз ойын білдірді. «Eurasian Book Fair-2022» халықаралық кітап көрмесінің мақсаты мен миссиясы туралы пікірін айтқан «Akbulak Academy» білім арттыру институтының директоры Қуандық Құдайбергенов «Фолиант» баспасының көрмені ұйымдастырудағы зор еңбегін атап өтті. Көрме-жәрмеңке бағдарламасын «Фолиант» баспасы қазақ редакциясының бас редакторы Фарида Тобашалова таныстырды.

Көрме-жәрмеңке аясында жазушы Николай Лугиновтың (Якутия) қазақ тіліне аударылған «Шыңғыс хан әмірімен» романы, жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы, Қуаныш Абдухалимовтың «Роза Бағланова» кітап-альбомы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Мұхиттан өткен қайық» романдары, балалар жазушысы Нұр Домбайжының (Түркия) ана тілімізге тәржімаланған «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі-2», т. б. кітаптардың таныстырылымы өтеді.

Биыл Балалар жылы екені де ескеріліп, кішкентай оқыр­мандарға қызықты ­ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Атап айтқанда, балалардың шығармашылық дамуына сеп болатын шеберлік сағаттары, мультфильм кейіпкерлері және балалар кітаптарының желісіне негізделген интерактивті квест ойындары мен балалалар жазушыларымен кездесу және концерттік бағдарламалар дайындалды. Соның ішінде ресейлік иллюстратор және «Көршілер» кітаптарының авторы әрі Bologna Ragazzi Award-2021 лауреаты Каси Денисевич өткізетін шеберлік сабақтарын, «Жас терек» балаларды дамыту орталығы өткізетін саз терапиясы және түрік жазушысы Нұр Домбайжының сурет салудағы жаңа әдістеріне арналған шеберлік сыныбын ерекше атап өтуге болады.

Көрме барысында алты аталым бойынша «Жылдың үздік кітабы» анықталады. Бұл – «Үздік оқулық», «Үздік өлкетану басылымы», «Балаларға арналған кітап», «Мәдениет пен өнер», «Ғылым мен инновациялар», «Гран-при».

Осы жолы кітап көрме-жәрмеңкесі «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді. Көрмеге кіру тегін.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button