ҚоғамМәдениет

КӨРНЕКТІ ҚАЙРАТКЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор, белгілі жазушы Ілья Жақановтың 80 жылдық мерейтойына арналған «Дүние, шіркін…» деп аталатын шығармашылық кеші өтті.

Айтулы өнер кешінің тақырыбы да өзгеше. «Дүние, шіркін….» Иә, бес күндік жалғанның жалған екендігін тірлікте жер басып жүргенде біле бермейміз. Өмірдің баянсыздығын сезіне қоймаймыз. Тек жақынымыз дүниеден озып, қайғыдан қара жа­мылғанда тірліктің тұрлаусыздығын түсінеміз. Жалпы, өмір туралы, оның ағын судай өтпелі екендігі бұрынғы аузы дуалы бабаларымыз жеріне жет­кізе айтып кеткен.
Игілікті шарада жазушының жаңа жарық көрген кітабы туралы парасатты әңгімелер көп айтылды. Бұл туынды өмірдегі жақын досы, өнердегі рухани жан дүниесі жарасқан, қазақтың біртуар азаматы, түрколог-ғалым Мырзатай Жолдасбековтің композиторлық өнеріне арналған.
Халық қалаулылары Қуаныш Сұл­танов пен Жабал Ерғалиев аталған кітаптың тұсауын кесті. ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ғалым Ахмедьяров Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқыды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева кеш иесіне PhD докторы атағын берді. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ерен тұлғаның өмірі мен өнеріне кеңірек тоқтала келіп, қалалық әкімдік Астана күніне орай «Қазақстан» орталық концерт залында композитордың шығармашылық кешін өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді. Ардақты азаматтың иығына шапан жапты. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Күлтегін» медалін табыс етті. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов Ілья ағамыздың өнер зерттеушілігі жайында салиқалы сөз өрбітті. Сондай-ақ, кеште көрнекті компо­зитордың әндері мен романстары орындалды.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button