Елорда тынысы

Қос жолақты көше болып қала ма?

Сол жағалаудағы келісті көшеге ұлт көсемі, алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан есімі берілген. Бұрын бас көшелер Ленин, Маркс есімін иеленуші еді, енді заман өзгерген. Көсемдер де өзгерген. Алайда көсемге теліген көшеміз көңіл көншітпей тұр. Неге?

Мәңгілік кептелістен көз ашпайтын (бір себебі үш жолақ жол Бас прокуратура жанындағы жерасты өткеліне келгенде екі жолаққа айналады) Мәңгілік ел даңғылына қапталдас жатқан көше – осы Бөкейхан. Оның жөнделіп жатқан бөлігі – Бұқар жырау мен Ұлы даланы қосатын тұсы бітуге таяу. Бірақ жүргізушілер қуана қоймайды-ау. Сонау Фариза Оңғарсынова көшесінен де әрі бастау алып Тұңғыш Президент кітапханасына дейін созылатын ұзын көше – негізгі артерия екі жолақ қана болатын сыңайлы. Суретке көз салсаңыз, бұған көзіңіз жетеді. Анау жол жөндегіш машина көлік жолын емес, жанындағы тұрғын үйге арналған көлік тұрағын салып жатыр. Бір-біріне мінгескен Нью-Йоркті еске түсіретін тұрғын үйлер іргесінен көлік тұрмақ адам әзер өтеді. Енді үш-төрт айда ескі де жаңа Қазақстанның күлшелі де сүйікті құрылыс компаниялары салып жатқан осы үйлер бітеді, сосын мына іргедегі көшелердің ағыны тағы да артады. Ал біз жиырма екінші ғасыр қарсаңында сол жағалаудағы бос жерге салып жатқан жаңа астанамыздың бас көшесін екі жолақты еткеніміз қалай болады? Неге бұлай істедік? Мамандар, ғалымдар қала құрылысы және көшені жобалауға қатыспаған ба? Қоғамдық кеңес пен желідегі белсенді депутаттар қалай назар аудармаған? Малшының балалары қала сала алмайды деп дұшпандар табалап жүрмей ме? Қойшы, әйтеуір, сұрақ көп. Сұрақ қоя бергенмен шешімі табылмаса, одан Бөкейханмен жүретін қарапайым жүргізуші мен жүргіншіге не пайда?

Қысқасы, Бөкейхан көшесі толық қосылғанымен, жанындағы Мәңгілік ел даңғылындағы кептеліске ешқандай әсер етпейтін болып тұр. Өкінішті…

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button