Мәселе

Көш кері бұрылса, кесірі көп

Соңғы кездері БАҚ беттерінде «Ираннан келген қандастар кері көшеміз депті» деген сыбыс тарады. Оған Солтүстік Қазақстан облысына көшіп барған қандастарымызға тиісті жағдай жасалмай, көші-қон квотасының уақытылы берілмеуі себеп болған көрінеді. Ал жергілікті билік болса өздеріне шаң жуытпай отыр. «Қолдан келгенше жағдайын жасап, жұмыс ұсындық, бірақ олар қара жұмыс істеуге құлықсыз» деген уәж айтады.

[smartslider3 slider=458]

Жалпы солтүстікке көшкендердің күңкілі бұрыннан көп. Шетелден көшіп келген қандастарды былай қойғанда, оңтүстіктің тұрғындарын солтүстікке көшіру бағдарламасы аясында солтүстікке көшіп барып, бірер жылдан кейін көштің басын кері бұрып жатқан жергілікті қазақтар да бар. Себебі көшіп барғандардың жағдайы мәз емес. Салған үйлерінің сапасыздығын былай қойғанда, жергілікті билік берген уәделерін дұрыс орындамай, солтүстікке көшу ісі қарқын ала алмай тұр.
Тәуелсіздік алғалы 1 миллион 84,7 мың этникалық қазақ ата жұртына оралды. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан басталған бұл көш бүгінге дейін бұйдасын іріккен жоқ. Әлемнің 40-тан астам мемлекетіне қоныстанған қандастарымыз түгел көшпесе де, ата жұрттың дәмі тартқандары жыл сайын елге келіп жатыр. Соның арқасында ел тұрғындарының саны 19 миллионнан асып, елдегі қазақ ұлтының үлесі 80 пайызға жуықтады. «Елге ел қосылса – құт» деген осы.
Әрине, 30 жылда бір миллионнан артық қазақтың қазақ еліне оралуы – үлкен жетістік. Бұл бір жағынан шетелдегі қандастарымыздың «қазақтың өзінің мемлекеті болды. Бүкіл қазақ бір тудың астына жиналайық. Өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болайық» деген отаншылық рухының биіктігін көрсетсе, екінші жағынан қазақ елінің шетелдегі қандастарын тарихи отанына шақырудай сара саясатының бүкіл қазақты біріктіруге даңғыл жол ашқанының арқасы. Дейтұрғанмен көш жолындағы кедергілер де аз болған жоқ. Қырық құбылған көші-қон саясаты елім деп келген біраз қандасымызды шаршатқаны да жасырын емес. Әрине, бір ауылдан екінші ауылға қоныс аударсаң да әртүрлі қиыншылықтың болатыны секілді, шетелден көшіп келген ағайындарға бірден Қазақстанның елімен араласып, сіңісіп кету оңайға соққан жоқ. Менталитеттің айырмашылығын былай қойғанда, орыс тілді қоғамға «тілім, дінім» деп келген қандастардың алғашында жатырқай қарағаны да шын. Асқынған жемқорлық пен парасыз жұмыс бітпейтін келеңсіз әдет те көшіп келген елдің көңіл күйіне кері әсер жасады. Кейбір отбасылар тұрмыстан қиналды. Міне, осы сияқты себептерден кейін көштің басын кері бұрғандар да болды. Көп емес, әрине. Бірақ кері көшкен бір отбасының көші Қазақстанға қоныс аударғалы отырған мың түннің көшін тоқтатуға себеп болатынын біздің көзіміз көрді.

Былайша айтқанда, көшіп келгендер Қазақстанға құт болса, кері көшкендер көшке кедергі жасайтын «жұт» болды.

2000 жылдардан кейін Қытайдан Қазақстанға қоныс аударғандардың саны күрт көбейді. Бірақ солардың арасында қызды-қыздымен көшіп келіп, алды бірер айда, арты бірер жылда қайта көшіп барғандары да болды. Әне, сол кері көшіп барғандар тыныш бармай, «ойбай, босқа қаңғымаңдар, орыс боп кеткен ел екен, дін жоқ, адам қайтыс болса, ішін жарып, бүйрек-жүрегін алып сатып жібереді екен. Егін салсаң, түнде келіп өртеп жібереді. Байысаң, көре алмай өлтіріп кетеді екен…» деген сияқты пәле-жаланы үйіп-төгіп барды. Мұны естіген талай отбасының Қазақстанға көшу ойынан қайтып, Қытайда қалып қойғанын көзіміз көрді. Ұмытпасам, 2010 жылы ғой деймін, біздің ауылда бір әулеттің 30 түтіні Қазақстанға көшу үшін мал-мүлкін сатып, жүгін буып, ертең кетеміз деп отырғанда, бір жыл бұрын Қазақстанға қоныс аударған бір ауылдасымыз қайта көшіп барды. Барды да, көшкелі отырғандарды азғырды. «Тілімді алсаңдар бармай-ақ қойыңдар, Қазақстан ел болмайды, елі бірақ орыс боп кеткен, шошқаның етін жей береді…» деп бар пәлені қаптатып, көшкелі отырған жұрттың көзін шарадай қылды. Содан не керек, әлгі 30 отбасы көшпей қалды, олардың соңынан көшеміз деп отырған көрші ауылдың тұрғындары да Қазақстаннан біржола үмітін үзді. Ал жергілікті билік болса әлгі шалды өз қажетіне пайдаланды. «Пәленбай Қазақстанға көшіп барып еді, жан баға алмай қайтып келді, енді сендер де қаңғымаңдар» деп көшем деген елге кері кеңес береді. Мұндай жағдай Қытайдағы қазақтар қоныстанған кез келген ауылда бар. Демек, бір миллион қазақ көшіп келген еліміз үшін бірер отбасының кері көшкені ештеңе емес болғанмен, Қазақстанға көшіп келем деген көп елге үлкен тосқауыл болатынын ескерген дұрыс. Осы тұрғыдан алғанда, «Ираннан келген қандастарымыз жағдайымыз оңалмаса, кері көшеміз депті» деген сөзге біздің билік немқұрайды қарамауы керек.

Оның себеп-салдарын тексеріп, кері көшуге мұрындық болған мәселені түбегейлі анықтап, көшіп келгендерін мүмкіндігінше кері қайтармағаны жөн. Өйткені бұл – шетелдегі қандастарымыздың көшін тоқтатып, жат ел, жат жерде қалып, басқа ұлттарға сіңіп кетуіне апаратын қауіптің бірі.

2017 жылдан кейін Қытайдың Шыңжаң өлкесінде саясат өзгерді. Қазақстан әлемдегі Сирия, Ливия ­сияқты қауіпті 26 елдің қатарына кіргізіліп, қандастарымыздың Қазақстанға келіп-кетуіне шектеу қо­йылды. Паспорттары жинап алынып, Қазақстанның ықтиярхатын алғандар жауапқа тартылды, айып салынды, жазаланды. Кейбірі саяси үйрену лагерлеріне қамалды. Сөйтіп, бұрын Қазақстанға көшпей шалқайған қазақ енді атамекенге жете алмай зар болды. Бірақ солай бола тұрса да, соңғы жылдары Қазақстанға келген қазақтардың арасында шекара ашылса, Қытайға қайта кетеміз деп жүргендер де бар екен деген сөзді құлағымыз шалады. Таңғаларлық жағдай. Былайша айтқанда, ол жақтағы қазақ келе алмай жатса, бұл жақтағы қазақтың кері қайтамыз дегені мүлде түсініксіз. Солардың мақсаты бірер жылдан кейін кері көшіп, көшем деген елге тағы да кері насихат жасау емес пе екен? Демек, біздің елдің қауіпсіздік органдары көшіп келгендердің ахуалын қалай тексерсе, кері көшетіндердің, әсіресе Қазақстан азаматтығын алып, бірер жылдан кейін қайта көшетіндердің кері көшу себебіне де баса назар аударғаны дұрыс секілді.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button