Басты ақпарат

Көш көлікті болсын десек…

Нұр-Сұлтан қаласынан да теріскейге қоныс аударып жатқан азаматтар бар. «Astana aqshamy» газеті еліміздің оңтүстігінен солтүстік өңірлерге халықты көшіру мәселесіне жан-жақты сараптама жасап, түйткілді жайттарды билік пен бұқараның назарына ұсынып келеді. Осы себеппен көш мәселесін тағы бір терең талдап, Үкімет пен халықтың сөзін, ой-пікірін, ұстанымын таразылап, қалыптасқан ахуалды шынайы көрсетуді жөн санадық.

[smartslider3 slider=3036]

РЕЗИДЕНТ СЫНЫНАН ҚОРЫТЫНДЫ ШЫҚТЫ МА?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында Үкімет пен әкімдерге шаруаларға жәрдемақша (субсидия) берудегі кемшіліктерді жоюды тапсырды. Президент жәрдемақшаны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болатынын қадап айтты.

«Өз бетімен бизнеспен айналысқысы келетін адамдардың көшуіне жағдай жасаған жөн. Солтүстікке көшіп барған тұрғындарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуы тиіс» деп нақтылап берді Қ.Тоқаев.

Енді шынайы ахуалға келейік. Өткен жылы Президент Үкіметке Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге тапсырма берген-ді. Қазақстан Республикасының 2022-2026 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы 2026 жылға дейін солтүстікке қоныс аударған азаматтардың жұмыспен қамту деңгейін 87 пайызға дейін жеткізу көзделген. Инфрақұрылымдық жобаларды еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету үшін оңтүстік аймақтардан 35 мың адамды тарту жоспарланған. Көріп отырғанымыздай, арада бір жыл өтсе де, Үкімет «көзделген», «жоспарланған» деген жай ғана ресми дерекпен шектеліп отыр. Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қоныс аударушыларға биыл 6587 квота бөлінгенін ресми түрде мәлімдеді. Қош делік.

Үкімет басшысының орынбасары Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында жоғарғы палатаның «Өңір» тобының (Үкіметтегілер неге өздері бастама көтермейді?) бастамасымен үш бағыттағы іс-шаралардың әлі күнге дейін пысықталып жатқанын жеткізіпті. Ол қандай іс-шаралар? Біріншіден, қоныс аударушыларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін (ауданы кемінде 0,1 га) беруді жеңілдету. Екіншіден, қажетті мамандықтар бойынша жұмысқа орналасатын қоныс аударушылар, сондай-ақ олардың жұмыс берушілері тұрғын үй салу кезінде өз қаражаты есебінен жұмсаған шығындарының кем дегенде 50 пайызын өтеу. Үшіншіден, жәрдемақшаға қол жеткізу үшін қоныс аударушылардың несие берешегіне 6 айдан 1 жылға дейін каникулдар белгілеу. Президент қадап тапсырған бұл міндеттерді Үкіметтегі, әкімдіктердегі ақжағалылар әлі пысықтап жатыр. Ал көшіп барған қарапайым халық тұрмыстың тауқыметін тартып, зар-мұңын кімге айтарын білмей, пұшайман халге түсуде. Бұған Солтүстік Қазақстан облысына барған арнайы сапарымызда көз жеткізіп, тұрғындардың талап-тілегін, жанайқайын газет арқылы Президенттің назарына ұсынғанды жөн санадық.

СТАТИСТИКА «САЙРАҒАНМЕН», БАСПАНАЛАР БОС ТҰР

Солтүстік Қазақстан облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан алынған мәлімет бойынша «Еңбек» бағдарламасы аясында Солтүстік Қазақстандағы 225 елді мекенге 9120 адам (2700 отбасы) қоныс аударған. Соның ішінде еңбекке жарамды 3784 азамат, 220 зейнеткер, 276 студент, 4289 бала бар. Ал еңбекке жарамды 3784 адамның 3074-і тұрақты жұмыс орнын тауыпты. Қалған 700 адам әлі күнге дейін жұмыссыз.

«Солтүстік Қазақстан облысына көшіп келгендердің 81 пайызы жұмыспен қамтылды. Соның ішінде 626 адам жеке кәсіп ашып, өзінің ісін дөңгелетіп отыр. 319 адам мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алды» дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов.

Көшкендердің бәрінің қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып отыр десек қателесеміз. Жаңа мекенге тұрақтай алмай, кері көшіп кеткендер де кездеседі. Оған себептер көп. Екі қолға бір жұмыс табылмайды. Сапасыз салынған үйлер қаңырап бос тұр. Айтпақшы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та былтыр осы мәселеге назар аударып, сапасыз салынған нысандарды қатты сынағаны мәлім. Алайда сыннан қандай да бір нәтиже шыққаны әлі беймәлім. Облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Мұстафин өткен жылы Президент Әкімшілігінің тексерісінен кейін әр үйдің салу құнын 8 млн теңгеге дейін көтеруге шешім қабылданғанын айтады.

«Тексеріс нәтижесінде 2019-2020 жылдары салынған үйлердің 485-інен ақау табылып, 472-сі қайта жөнделді. 13 үй әлі қалпына келтіріліп жатыр. Олардың алтауы – Айыртау, үшеуі – Мамлют, төртеуі Тайынша аудандарында орналасқан. Осы үйлердің кәріз желілерін тартуға, шаруашылыққа қажетті қора-қопсы салуға облыстық бюджеттен 800 млн теңге бөлінді» деп түсіндірді мәселенің мән-жайын құзырлы мекеме өкілі.

Облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьев жергілікті жерлерде бос тұрған үйлердің көп ұзамай жарамсыз болып қалатынына алаңдаушылық білдірді.

«Мысалы, Ақжар ауданында салынған 63 үйдің 25-і ғана пайдалануға берілді. Уәлиханов ауданындағы 81 баспананың 32-сінде ғана адамдар тұрып жатыр. Тимирязев ауданындағы 62 үйдің 6-уы ғана қолдануға берілген. Жергілікті атқарушы билік өкілдері ешқандай қарекет жасамай отыр. Ал бос тұрған үйлер көп ұзамай жарамсыз болып қалатынын неге ойламаймыз? Оңтүстіктен, шетелден көшіп келгісі келетін адамдарға дұрыс үгіт-насихат жүргізе алмадық» дейді ол.

ҮЙЛЕРДІҢ БӘРІ САПАСЫЗ САЛЫНҒАН…

Қазір оңтүстіктен ғана емес, елордадан да теріскейге қоныс аударып жатқандар бар. Солардың бірі – журналист Бектұрған Лақадыл. Ол өзінің көшу оқиғасын былайша әңгімелеп берді.

«Астана қаласында бес жылдай тұрдым. Әлеуметтік желіден солтүстікте ауылдардың біртіндеп жабылып жатқанын оқып көңілім жабырқады. Содан былтыр мау­сым айында көшудің қамына кірістім. Мамлютке көшетін болып Астанаға қайттым. Бір көргенде бәрі әдемі әрі әсерлі сезіледі екен. Мұндағылар «Барлық жағдайыңды жасаймыз» деп құрғақ уәде беруді жақсы меңгеріпті. Қолымда анам, екі балам, келіншегім екіқабат еді. Бізді күтіп алатын ауданның атқамінерлерінің бірі де жоқ. Үйдің кілтін әкелетін жігіт екі сағаттан кейін жетті. Далада тұрмыз. Балалар шаршап кетті. Маған тиесілі үйдің сырты бүтін, іші түтін болып шықты. Әйелім айғай-шу шығарып, «Еңбек» бағдарламасы осы болса, онда бұл қазақтарды бос сергелдеңге салу ғой деді. Не керек, біз ол үйде тұра алмайтын болдық. Сөйтіп жүгімізді сүйреп, бос тұрған бір үйде уақытша тұратын болдық. Оның да жағдайы мәз емес. Кейін аудан әкіміне бірнеше рет барып, жақында ғана біткен жаңа үйдің біреуін алдық. Мұнда көшіп келгендердің шашы ағарса, осы үйдің жағдайынан ағаратын шығар деп ойлаймын. Үйдің бәрі сапасыз салынған. Жауапты орган бұларды қалай өткізіп алғанына таңым бар».

«ҰНАМАСА, КЕТЕ БЕР!»

Бектұрған Лақадыл жергілікті әкімдердің бюрократтығы мен жауапсыздығын ашық айтып берді.

«Ешкімге тегін үй берілмейді. Бір баспана сегіз миллионнан жоғары ақшаға бағаланып отыр. Жұмыс тауып берген жоқ. Жұмыс сұрап, үйдің жағдайын айтып барғандарға «ұнамаса, кете бер!» дейтін көрінеді. Аудандық баспасөзге орналасамын деген ойым да жүзеге аспады. Екі айдай жұмыссыз жүріп, кейінірек облыстық «Солтүстік Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Нұргүл Оқашеваның жол сілтеуімен бас редактор Ербақыт Амантайға жолығып, жағдайымды айттым. Ол бірден директор Жарасбай Сүлейменмен ақылдасып, мені жұмысқа алды. Осы бір жылдың ішінде көп нәрсеге көзіміз жетті. Қабырғаға бататыны – басшылықта отырғандардың көбінің қазақ тіліне немқұрайлы қарайтыны. Жиналыстың бәрі тек ресми тілде өтеді. «Еңбек» бағдарламасының шикілігінен көптеген отбасылар кері көшіп кеткенін өз көзімізбен көрдік. Тағы бір өзекті мәселе – мұнда мал бағуға жердің таршылығы. Бұл көптеген адамдардың арман-мақсатын тұралатып отыр десек өтірік емес. Өйткені көшіп келушілердің көбі малмен айналысқысы келеді. Ауылдың іргесіне дейін егін егіп тастаған. Екі тұяқ малың шыр айналып үйіңе келеді. Жергілікті халықты да қинайтын осы мәселе» дейді ағынан жарылып Б.Лақадыл.

Әлеуметтік мәселелердің түпкілікті шешілмегеніне көз жеткізген тағы бір қандасымыз – тігінші Зүбила Рақымжанқызы. Ол Мамлют қаласында тұрады, 4 баланың анасы. Үкімет қоныс аударушыларға уәдені үйіп-төккенмен, көші-қон ақысынан басқа ешқандай көмек бермейтінін айтып, қынжылды.

«Біз Мамлют қаласына 2019 жылы көшіп келдік. Жөнделіп бітпеген үй, жұмыссыздық, жат мекен. Бірінші жылы қатты қиналдық. Үкіметтен 6 адамға көші-қон ақысына 83000 теңгеден алдық. Әлі күнге дейін одан басқа ешқандай көмек алмадық. Әсіресе, карантин кезінде күнкөрісіміз қиын болды. Өзім 15 жылдық тәжірибесі бар тігіншімін. Әйтеуір, көрші-қолаңның киім-кешегін, бетперде тігіп таратып, күнімізді көрдік. Сол қиындықтардың бәрін жеңдік. Қазір қаладағы орталықтан орын алып, 2 тігіншіні жұмысқа қабылдап, жеке кәсіпкерлігімді ашып, өз тірлігімді жасаудамын. Үкіметке ауыз ашып отыра бергім келмейді. Десе де алдағы уақытта грант алып, тігін станоктарын сатып алып, үлкен фабрика ашқым келеді. Күйеуім қалада жұмыс болмаған соң, сыртта жүріп табыс табуда. Көшіп келетін адамдарға толық жағдай жасалып, іс жүзінде барлық мәселесі шешілуі керек» дейді ол.

КВОТАНЫҢ САНЫН 5-6 ЕСЕ КӨБЕЙТУ КЕРЕК

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Өңір» депутаттық тобының мүшесі Әлімжан Құртаев – тұрғындарды солтүстікке көшіру мәселесіндегі түйткілді мәселелердің нақты шешу жолдарын ұсынып жүрген саясаткер. Әлімжан Сейітжанұлы бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға талдау жасай келе, көшке бөлінетін квотаның санын 5-6 есеге дейін көбейту қажеттігін айтады. Халық қалаулысы ең алдымен 2050 жылға қарай еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстікпен салыстырғанда 4 есеге жоғары болатынына назар аударады.

«Мемлекеттің экономикалық, ұлттық қауіпсіздігіне тікелей ықпал ететін ел дамуының негізгі индикаторының бірі – демография­лық көрсеткіштер. 2009 жылдан бері жылына 220-250 мың адам деңгейінде сақталып келе жатқан халықтың ілгерілемелі өсіміне қарамастан, Қазақстанға халықтың қоныстануының тығыздығының төмендігі анық байқалады. Қазіргі таңда еліміздің 1 шақырым шаршы метрінде 7-ден кем адам тұрады. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 184-орында тұр. Халық тығыздығының мұндай төмендігі аймақтық демографиялық үйлесімсіздігі деген мәселенің ұлғаюына әкеліп соғады. БҰҰ-ның халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) өкілдігінен алынған мәліметтерге сүйенсек, 1992 жылдан бастап Қазақстан халқының жалпы санындағы оңтүстік және батыс облыстары халқының үлесі 42,2 пайыздан 48 пайызға дейін өскенін көреміз. Бірақ бұл көрсеткіш орталық, солтүстік және шығыс облыстарда 1,5 есеге кеміген. Ұлттық сарапшы мамандар ағымдағы үрдістің алдағы уақытта да сақталатынын айтып отыр. Болжам бойынша 2050 жылға қарай солтүстік өңірлер халқының саны 0,9 млн адамға азайып, ал оңтүстік өңірлер халқының саны 5,3 млн адамға көбейеді. Осылайша оңтүстік өңірлердегі халықтың қоныстану тығыздығы солтүстікпен салыстырғанда 4 есеге жоғары болады» дейді сенатор Әлімжан Құртаев.

Депутаттың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2017-2021 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен 17782,2 млн теңге бөлініп, төрт жылда 31889 адам немесе 9126 отбасы көшірілген. Соның ішінде, мысалы Павлодар облысы аумағынан 651 адам (220 отбасы) кері көшкен. Әлімжан Құртаев 4 жылдағы көрсеткіштің көңіл көншітпейтініне назар аударып, квоталар санын 5-6 есеге дейін өсіру қажеттігін айтады. Мәселен, көшіп барған тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің бір шешімін айтайын. Баспананың құрылысына қосымша қаражат табу үшін жұмыс беруші қарыз бөлу механизмін іске қосуына болады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оператордың рөлін атқарып, жергілікті атқарушы органдар құрылыстың барысы мен оның сапасына бақылау жасау қызметін іске асырса құба-құп. Көшіп келгендерге ескі үйлерді сатып алу механизмін де іске қосуға мүмкіндік мол» дейді сенатор.

Әлімжан Құртаев халықты қоныстандыруда топтық көшіру тәсілін қолдануды ұсынады.

«Еңбек» бағдарламасының маңызы өте зор. Осыны ескеріп, тұрғындарды көшіру бойынша квотаны жылына 2 мыңнан 10 мың  отбасына дейін ұлғайтуымыз керек. Ал бейімделу жағдайларын  жеңілдету мақсатында 5-20 отбасын тобымен көшіруді қолға алсақ, көп нәрседен ұтамыз. Жергілікті атқарушы органдар көшіп барған азаматтардың кәсіпкерлікпен айналысуына көбірек көңіл бөліп, жәрдем берсе нұр үстіне нұр болар еді. Ол үшін ауыл шаруашылығын дамытуға жер телімдерін беру, бизнес-идеяларды жүзеге асыруға мемлекеттен грант бөлу мәселелерін шешсек, көштің қарқынын одан әрі арттыра аламыз» дейді сенатор.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button