Басты ақпарат

КӨШБАСШЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Тұңғыш Президенттің күнінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі орта оқу орындары мен мектептердің оқушыларымен кездесті. Елбасымен жүздесу бақытына ие болған жеткіншектердің барлығы да  «Оқушы-көшбасшы» зияткерлік байқауының жеңімпаздары мен олимпиада жүлдегерлері.  

Қарым-қабілеті жағынан қатарластарынан озып, өз мектебінің мақтанышына айналған оқушыларды Президент құттықтап, ерекше ықылас білдірді:

– Сіздер еліміздің тәуелсіздігі кезеңінде дүниеге келдіңіздер. Қазақстан да сіздердей жап-жас. Жастығына қарамастан бізді әлем таниды және барлық мемлекет пен халықаралық ұйымдар мойындаған. Біз – бүгінде экономикасы орнықты және тұрақты елміз. Сіздер Қазақстан дамуының, оның үлкен жетістіктерінің куәсісіздер, – деп атап өтті.

Қазақ жері – әлемдік деңгейдегі айтулы шаралар өткізудің алаңына айналғанын айтқан Елбасы жақында еліміздің «ЕХРО – 2017» халықаралық көрмесін өткізу құқына ие болғанын, бұл экономикамыз мен инновацияның дамуына зор серпін беретінін жеткізді.

Өз сөзінде Елбасы тұрақты даму жолына түскен еліміздің жағдайына, «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасының жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқанына тоқтала келе:

– Сіздер жақсы кезеңде өмір сүріп отырсыздар. Мемлекет жастардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасап жатыр, өйткені, ХХІ ғасырда ғылым мен білімнің деңгейі кез келген елдің әлемдік экономикадағы орнын анықтайды. Сіздер өз болашақтарыңыз өз қолдарыңызда екенін, әркім өз бақытының ұстасы екенін есте ұстауларыңыз керек. Сіздердің қазіргі басты міндеттеріңіз – жақсы білім алу. Сондықтан, мен шетелде мамандар даярлау үшін «Болашақ» бағдарламасы туралы бастама көтердім. Қазіргі кезде 8 мыңнан астам қазақстандық шетелде білім алды. Олардың көпшілігі бүгінде мемлекеттік органдарда жауапты қызметтер атқарады. Бұлар – бірнеше тіл білетін, білімді және даярлықтан өткен мамандар. Ал біздің елімізде қоғамды біріктіру ісінде мемлекеттік тіл ерекше рөл атқарады. Мемлекеттік тілді әрбір қазақстандық білуі қажет, – деп атап көрсетті.

Кездесу барысында оқушылар да Мемлекет басшысын мемлекеттік мереке Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, ой-пікірлерін ортаға салды.

Астанадағы №6 мектеп-гимназияның оқушысы Полина Чаюк:

– Сіз қарапайым халыққа не қажет екенін жақсы білесіз. Бұл туралы ата-анам жиі айтады. Өйткені, Сіз өзіңіз халықтың арасынан шықтыңыз: қарапайым жұмысшыдан Президентке дейінгі жолдан өттіңіз деп тілегін білдірсе, №35 мектеп-гимназиясының оқытушысы Әділ Сегізбай:

– Сіздің ерен еңбегіңіздің арқасында бүгінгі Қазақстанның тұғырлы бұтағы берік, тамыры мықты Бәйтерек секілді нық тұр. Сіз Америкада болған кезіңізде АҚШ Президенті Джордж Буштың «Джордж Вашингтон Америка үшін қандай болса, Сіз Қазақстан үшін сондайсыз» дегенін мен жақсы білемін. Джордж Вашингтон Америка мемлекетін құрды, ал Сіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Тәуелсіздігімізді құрдыңыз, – деді.

Көшбасшы оқушылардың әңгімесінен оларды Елбасының өмірі мен өсіп-өнген жерлері, жазған еңбектері ерекше қызықтыратыны байқалды. Сондай-ақ, жеткіншектерді еліміздің ертеңі мен бүгінгі даму жолы да бей-жай қалдырмайды екен. Нұрсұлтан Әбішұлы оларға еліміздегі экономикалық өзгерістер мен әлеуметтік бағдарламалар ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтып берді. Әрі ел дамуында озық технологиялар мен инновациялардың да рөлі үлкен екендігіне екпін түсіріп, олардың тізгінін ұстап, тілін меңгеруге шақырды. Бірақ бүгінгі «ғаламтор ұрпақ» ақпараттық технологияларға ғана байланып қалмай, барлық салаларда да белсенді болуы керек.

– Кітап оқып, ғылыми зерттеулерге, түрлі жаңалықтар мен идеяларға қызығушылық таныту керек. Мен – «кітап оқитындар теледидар немесе ғаламтор қарайтындарды басқаратын болады» деген сөзге терең ден қоямын, – дей келе, Елбасы еліміздің ертеңгі тізгінін ұстар ұрпағына ел үлкен сенім артып отырғанын, сондықтан алға мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында аянбай еңбек етіп, білім алып, үлкен азамат болу қажеттігін баса айтты.

Президентінің өзімен емін-еркін әңгімелескен оқушылар бұл жүздесуден жігерленіп, ерекше әсерленіп қайтқаны анық.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button