Қала тіршілігі

КӨШЕ АТАУЛАРЫН КӨРКЕМ СӨЗБЕН КЕСТЕЛЕГЕН

020

Астана көшелерінің атаулары жайында риза көңілмен айтатындар көп-ақ. Бұл туралы күні кешеге дейін газетімізде талай мәрте жазғанбыз да. Бас шаһардың тұрғындары мен қонақтарын қала көшелеріне тарихи тұлғалардың есімдері, қалалардың аттары, жер атаулары берілгені қатты қуантқан. Бұл игі іске елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен бастап, Мәжіліс депутаты Оразгүл Асанғазы, Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ербол Тілешов, басқа да ұлт жанашырлары көп еңбек сіңіргенін айтуымыз керек.

Жақында Астананың көше атауларын ұлықтаған тағы бір жинақ жарық көрді. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы Сәбит Иманғалиев құрастырған «Астаналардағы көшелер» атты еңбектің ерекшелігі сол – мұнда әр жылдары қазақтың Астанасы болған Қызылорда, Алматы және Астана қалаларындағы көшелерге есімдері берілген тарихи тұлғалар туралы деректер қамтылыпты. Қазақтың бас шаһарының келбетіне асқақ архитектурасы, сәулетті сән-салтанаты ғана емес, ұлттық сипаттағы көше атаулары да көрік беретінін ескерсек, С.Иманғалиевтің сиясы кеппеген туындысының маңызы зор. Өйткені, бұл кітап арқылы оқыр­мандарға жердің иесі, елдің иесі кім екенін әбден ұқтыруға болады. Автордың да дәл осы мұратты көздегені болар, жинағын үш тілде – қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жариялапты.

Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында Қызыл­орда қалалық «Қазақ тілі» қоғамын, Тілдерді дамыту басқармасын, ономастика комиссиясын басқарған Сәбит «Астаналардағы көшелер» атты кітабында қазақтың астанасы болған үш шаһарда көше аттарын иеленген ірі-ірі үш жүз тұлғаны іріктеп алғанын айтады. «Әр қаланың бет-бейнесі оның келбетін ашатын көрікті көшелері мен даңғылдарынан тұрады. Еліміз егемендігін алған соң, баяу болса да, көше атаулары әділ бағаланып, елге танылған азаматтардың атына қайтарыла бастады. Бұл – тарихи тұлғаларды жете танып, олар жайында мәліметтер алуға қолайлы. Қазақтың Астанасы болған үш қалада мыңнан аса кісіге көше аттары беріліпті. Олардың барлығының жүгін бір кітап көтермейтіндіктен, қалғанын келер күннің еншісіне қалдырдық» дейді автор еңбегі жайында.

Сәбит Иманғалиевтің бұған дейін медицина, ауыл шаруашылығы, техника, білім, ғылым және әртүрлі өндіріс салаларын қамтитын 10 мың сөз­ден тұ­ра­тын «Орысша-қазақша сөздік» шығарға­нын да айтуымыз керек. Онда ана тілімізде толтырылған отыз түрлі іс-қағаз үлгі­лері топтас­тырылған. Кі­тап рес­публиканың барлық облыста­рына, оның ішінде оқу орындары мен «Қазақ тілі» қоғам­дарына таратылды. Сонымен қатар, 2001 жылы жарық көрген «Алматы көшелері», Қызыл­орда қаласының 190 жылдығына орай шыққан «Қызыл­орда көшелері» атты кітаптары көпші­ліктің қолында. Ономастика саласында тәжіри­бесі мол журналистің «Астаналардағы көшелер» атты соңғы еңбегі Германияның Франкфурт қаласын­дағы кітап көрмесінен орын алып үлгерген.

Әріптесіміздің бұл еңбегінде Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Әбілхайыр хан, Алдар көсе, Алпамыс батыр, Аяз би, Бейбарыс сұлтан, Бұқар жырау, Әйтеке би, Бөгенбай батыр, Абай, Айша бибі, Балуан Шолақ, Ақан сері, Біржан сал, Күләш Байсейітова, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғабдуллин, Хиуаз Доспанова, Кенен Әзірбаев, Төлеген Айбергенов, Әсет Бейсеуов, Шәкен Айманов, Жарасқан Әбдірашев, Оспанхан Әубәкіров, Сағат Әшімбаев, Оралхан Бөкей сынды әр замандарда ұлты­ның бағына туып, көше ат­тарын ие­ленген үш жүз тұл­ға­ алфавиттік ретпен және суреттерімен беріл­­ген. Сонымен қатар, Қы­зыл­орда, Алматы, Астана қалаларындағы көрікті жерлердің түрлі-түсті суреттері ұсынылған.

«Қазіргі кезде шетелден келіп жатқан орасан мол ақпарат ағыны теледидар мен ғаламтор беттерінен үзбей беріліп жатыр. Ал оларды талғамай, бойларына сіңіріп жат­қан ұрпағымыздың болашағы қалай болмақ? Сондықтан сыртқы жат пиғылды қабылдамау үшін әрбір жасқа ағзадағы аурудан қорғанар күшке ұқсас иммунитет қажет. Міне, жақында үкіметіміз қабылдаған «Мәңгілік ел» идеясы осыған тосқауыл болар шара деп білемін. Оны жүзеге асыру үшін әрбір жастың бойындағы ұлттық сананы оятып, тарих­пен тәрбиелеу керек. Жарыққа шыққан осы еңбек жоғарыдағы айтқан олқылықтың орнын толтырар болса – мақсаттың орындалғаны. Жақында Түрік­менстанның Ашхабад қаласында өткен халықаралық көрмеде осы еңбектің тұрғандығы жайында хабар алдым» деп ағынан жарылады автор.

Мектеп оқушыларына, арнаулы орта, жоғары оқу орындары студенттеріне және қалың оқырманға арналған анықтамалық еңбекті жазуда энциклопедиялар, ғаламтор ақпараттары, мұрағат деректері қамтылыпты. «Астаналардың көшелері» кітабын іздеген оқырман елордадағы кітап дүкендерінен таба алады.

Асхат РАЙҚҰЛ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button