Қоғам

Көше саудасы көрікті болады

Астана қаласының әкімдігі көше саудасын реттеу және қала инфра­құрылымын жақсарту мақсатында арнайы 1000 сауда орны жобасын қолға алғаны белгілі. Бүгінгі таңда осы жоба нақты жолға қойылып, кәсіпкерлерге тең конкурстық негізде жалға берілген орындарда әсем де сәнді сауда павильондар бой көтеріп жатыр. Бұл нысандардың 303-і Есіл ауданында, 305-і Алматы ауданында ал қалған 377-сі Сарыарқа ауданында  орын тебеді.

Аталмыш жоба үш кезең бойынша іске асырылып жатыр. Алғашында қала әкімдігінің көше саудасын жүзеге асыруға 274 орын бөлген болатын. Алайда, кәсіпкерлердің өті­ніші бойынша ұсынылған орындар санын мыңға дейін көбейту туралы шешім қабыл­данып, шаһардың тұс-тұсына тағы 558 сауда нүктесінің тұрағы белгіленді. Қалған орындар үшінші кезең бойынша іске асырылды.
Жылжымалы сауда нысандары негізінен 9, 12 және 18 шаршы метрге шақталып жасалғанын айта кету керек. Жобаланған бұл нысандар үш түрлі үлгіде яғни – жеміс-жидек, кондитерлік өнімдер және нан-тоқаш, сүт, шұжық сатуға арналып жасалса, екіншісі – газет сату киоскісі, тігін шеберханасы және аяқ киім жөндеу шеберханасына лайықталды. Ал үшінші түрі – фаст фуд, сусын, балмұздақ сияқты дайын өнімдер сататын орындар мен гүл павильондарына арналып жасалған.
Көше саудасын тиімді ұйымдастыру Астанадағы орын тапшылығы мәселесін шешуге мүмкіндік береді деп жоспарланған 1000 орынның көбі – жылжымалы дүңгір­шектер. Бұлардың ішінде қос доңғалақты мобильді пунктер де бар. Мұндай дүңгіршектер кәдімгі арба сияқты қозғалып, көшіп-қонуы жеңіл болады. Бұлар көп орын да алмайды, сатушылар бар болғаны 1 шаршы метр жерде саудасын жүргізе береді. Қос доңғалақты нысандарға 100 орын белгіленген.
Әкімдіктің мәліметінше, бұл жоба шең­берінде балалардың ойын-сауығын ұйым­дастыруға арналған алаңдар да қарас­ты­рылған. Осындай 23 алаң Есіл ауданында орын тепкен. Оның төртеуі Д.Қонаев, Достық көшелерінде және Сарайшық пен Арай көшелерінің қиылысында болса, қалғанының бәрі «Нұржол» желекжолына орналасады. Бұның ішінде ойыншық көлік, сегвей және өзі сырғанайтын тақтайшаларды жалға беретін 1 пункт жұмыс істейді.


Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, жылдам тамақтану жүйесін ұйымдастыру және шағын бизнесті дамыту мақсатында бөлініп отырған мың орынға барлығы 1 800 өтініш келіп түскен екен. Барлық талаптарға сай деп табылған нысандармен жеке шартқа қол қойылып, осы келісім шарт аясында кәсіпкерлер жер телімін 5-7 жыл мерзімге жалға алып жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мобильді кофейня, жылжымалы автосервис, нан және жеміс-жидек дүңгіршіктері, гүл және кәдесый дүкендері, сондай-ақ стрит-фуд жүйелерінен тұратын бұл сауда нүктелері қаланың сәулет келбетіне, барлық санитарлық және өртке қарсы талаптарға толықтай жауап береді.
«Елорданың көше саудасына 1000 сауда орнын бөлу тәжірибесіне бүгінде өзге де облыстар қызығушылық білдіріп отыр. Аталған жоба қалаға да, кәсіпкерге де қажет. Бір жағынан бұл көше инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ, 7 жылдың ішінде салынған инвестицияны қайтаруға мүмкіндік береді» дейді Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рыскүл Қауғабаева.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button