Басты ақпарат

КӨШЕДЕГІ ҚАУІП – КӨЛІКТЕН

АСТАНАЛЫҚ ЖОЛ ПО­ЛИЦИЯСЫ БАЛАЛАРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ОРЫН АЛАТЫН АПАТТЫ ЖАҒДАЙЛАРДЫ АЗАЙТУ МАҚСАТЫНДАБІРҚАТАР ҰЙЫМДАСҚАН ІСШАРАЛАРЫН ӨТКІЗДІ. ЖОЛ ПОЛИЦЕЙЛЕРІ ОҚУ МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ МАҢЫНДАҒЫ БАҒДАРШАМДАРДЫҢ, ЖОЛ ТАҢБАЛАРЫ МЕН БЕЛГІЛЕРІНІҢ БІРЛІГІНЕ ТЕКСЕРІС ЖҮРГІЗДІ. СОНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ ҚАЛАДА ЖАҢАДАН 9 БАҒДАРШАМ ОРНАТЫЛДЫ, 23 ЖЕРГЕ «БАЛАЛАР» ЖОЛ БЕЛГІСІ, 61 ЖЕРДЕ «ЖАСАНДЫ КӨПІРШІКТЕРІ» ЖӘНЕ 21 ЖЕР­ДЕ «АБАЙЛАҢЫЗ, БАЛАЛАРАТТЫ АҚПАРАТТЫҚ ҚАЛҚАН ОРНАТЫЛДЫ.

– Жыл сайын, әсіресе жаңа оқу жылының алғашқы айларын­да «Балалар қауіпсіздігі» ша­раларын күшейтеміз. Өйткені, оқушылар жазғы демалыстан кейін өз мектебіне барып-келетін үйреншікті жолдарына бойы үйреніп, дағдыланғанға дейін біраз уақыт өтеді. Әрбір оқу орнында бекітілген инспекторларымыз ашық сабақтар өткізіп, ата-аналармен жұмыс жүргізеді. Қаладағы білім беру орындарында арнайы жол белгілері орнатылған. Мұның бәрі жол қозғалысына қатысушылардың қырағылығын арттыру үшін қажет. Арнайы белгілер арқылы жүргізуші көліктің жылдамдығын бәсеңдетіп, кез- келген оқыс жағдайдың алдын алулары үшін қажет,- деді Аста­на қаласы ІІД ЖПБ жол және техникалық бақылау бөлімінің бастығы Нұрлан Уваев.

Көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында, Республика даңғылы мен Сейфул­лин көшесі қиылысында орналасқан № 3 мектеп-гимназияның қасына қалам үлгісінде жасалған «Мектеп» ақпараттық қалқаны орнатылды. Мұндай ашық түсті ерекше үлгі Еуропа елдерінде кездеседі. «Ка­рандаш» металдық құрылымнан дайындалып, ол жол белгілері мен жол көрсеткіштерін дайындай­тын 3М фирмасының жарыққа шағылысатын флуоресценция қабығы жапсырылған. Осының есебінен «қалам» күндіз-түні жарық болып тұрады. Жаңа үлгі жүргіншілер тарапынан оң қабылданса мұндай белгілер жаяу адамдардың легі анағұрлым қарқынды жерлерге орнатылатын болады.

Анықтап білгеніміздей, 2012 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша ЖКО кезінде қайтыс болған балалардың саны 33 пайызға төмендегені байқалыпты.

Бірақ, көлік жүргізушілері жол жүру ережесін қатаң сақтамайынша, ешқандай жол жаңалықтары мен жол полицейлері балаларымыздың толық қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайтыны белгілі.

Үйден аттап шыққаннан-ақ маңдайы мәшинеге тірелетін себепті, бүгінгі күннің балалары мәшинеден мүлдем қорықпайды. Оңды-солды ағылып жатқан көлік қозғалысына да бойлары үйренген. Бірақ, бұл бейқамдық оларды жол қозғалысының қатерінен сақтамайды. Ең бастысы, Жол жүру ережелерін қатаң сақтауға ерте ба­стан дағдылануы керек.

Оны кім үйретеді? Әрине, ал­дымен әке-шешесі, атасы мен әжесі. Жәй айтып қоймай, ересектердің жолда жүру ережесін қалай сақтайтынын өз өнегесімен көрсеткендері жөн. Сонда ғана мектептерде өткізілетін осы тақырыптағы ашық сабақтар баланың көкейіне тез қонады.

Ал, баланы тәртіпке үйретудің еш қиындығы жоқ. Сәбиіңізді ертіп, бала бақшаға немесе мектепке бет алғанда алдымен бағдаршамның қызметін түсіндіріңіз. Жасыл жарық жанғанда баланы қолынан мықтап ұстап, нық басып өтіңіз. Жолды кесіп өткенде баламен, не қол телефоныңызбен сөйлесуге немесе жүгіріп өтуге де болмай­ды. Мұның бәрі қырағылықты кемітеді. Бағдаршамның қызыл жарығы жанғанда жолды кесіп өтуге болмайтынын бәрі білсе де, сары жарығында сабыр сақтауды естен шығарып жібереді. Міндетті түрде жүргіншілерге арналған жерасты жолын пайдаланыңыз. Егер өзіңіз бас болып, көшеде жүру тәртібін бұзсаңыз, (жасыратыны жоқ, көп жағдайда солай болып жатады) ба­ладан не сұрауға болады…

Автобустан алдымен өзіңіз түсіңіз. Сізден бұрын түскен бала тағатсызданып, жолға шығып кетуі мүмкін. Қаншалықты асығып тұрсаңыз да, аялдамаға тоқтаған қоғамдық көлікті көріп, тұра жүгіруге болмайды. Ондайда көлікке үлгеруді ғана ойлап, барлық қауіпсіздік ережелері қаперіңізден шығып кетеді. Егер балаңыз да бұл әдетке үйреніп алса, отпен ойнағанмен тең. Сол себепті, мек­тепке уақытынан ерте шығып, кешкісін көп кешікпегені дұрыс. Қараңғы түскенде, жаңбырлы не қарлы күнде жүргізушілердің де, жолаушылардың да қырағылығы бәсеңдейді.

Мүмкіндігінше, жүргіншілер соқпағымен жүруге тырысып, үлкен көшеде жүру қажеттігі болғанда ағылып жатқан қозғалысты нақты бағалай білу керек. Үлкен көшені кесіп өту, одан қалды аялдамада автобустан түсе сала, көліктің ал­ды-артын орап, көшенің келесі бетіне қарай асығу – көптің қанына сіңген қателік. Ал, басты қатерге тігетін мұндай әдеттің қайыры аз. Жасөспірімдердің аялдамада алы­сып ойнамай, ақырын тұрып көлікті күткені жөн.

Тұрғын үй кешенінің балалар алаңын айнала көліктер тұрақтайтыны белгілі. Бірі кетсе орнына екіншісі келіп жатады. Сондай сәтте алаңда асыр салған балалардың добы көліктің астына қарай до­малап кетіп жатады. Ойын баласы да салып ұрып, доптың соңынан жүгіреді. Мұндай жағдайда доп қана жарылып қалса жақсы. Егер бала өзінің өмірі домаланған доптан артық екенін, ата-анасы басқа доп алып беретінін білсе, қатерге басын тікпесі анық.

Айгүл УАЙСОВА

БІЛГЕНІМІЗ ЖӨН!

БАЛАЛАРДЫҢ ЖОЛ ҮСТІНДЕ ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒАЛАРҒА ҰШЫРАУЫНЫҢ НЕГІЗГІ СЕБЕБІ – ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ЕРЕЖЕЛЕРІН САҚТАМАУ БОЛЫП ТАБЫЛАДЫ. ӨЗ ҚАУІПСІЗДІГІҢ ҮШІН МЫНА ЕРЕЖЕЛЕРДІ МЫҚТАП ЕСТЕ САҚТА!

ЖҮРІП БАРА ЖАТҚАН АВТОБУС НЕ МАРШРУТТЫҚ ТАКСИДЕ БАРЛЫҚ КЕЗДЕ ТҰТҚАДАН ҰСТАП ТҰР.

РОЛИК, ВЕЛОСИПЕД ЖӘНЕ СКЕЙТБОРД ТЕПКЕНДЕ МҰҚИЯТ ЖӘНЕ АБАЙ БОЛ.

ЖОЛДЫҢ АРҒЫ БЕТІНЕ ТЕК БАҒДАРШАМ ТҰРҒАН НЕМЕСЕ ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ ӨТЕТІН ЖЕРДЕН ӨТ.

ТЕК ҚАНА БАҒДАРШАМНЫҢ ЖАСЫЛ ТҮСІ ЖАНҒАНДА ҒАНА ЖОЛДАН ӨТ.

ЖҮРІП БАРА ЖАТҚАН КӨЛІК АЛДЫНАН КЕСІП ӨТПЕ.

ЖОЛДЫҢ КӨЛІК ЖҮРЕТІН БӨЛІГІНДЕ ОЙНАМА.

ЕГЕР ЖАЯУ ЖҮРГІНШІ ЖҮРЕТІН ЖОЛ ЖОҚ БОЛ­СА, ОНДА КӨЛІК ҚОЗҒАЛЫСЫНА ҚАРАМА-ҚАРСЫ ЖОЛДЫҢ ОҢ ЖАҒАСЫМЕН ЖҮР. 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button