Мәслихат

КӨШЕГЕ АТАУ БЕРУ – КӨПТІҢ ІСІ

ERA_1535

Астана қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның кезекті отырысында қаладағы кейбір көшелерге басқа атаулар беру және қайта атау мәселесі кеңінен сөз болды.

Отырысқа қаладағы ономас­тикалық комиссияның мүшелері, аудан әкімдерінің орынбасарлары, елорда әкімдігіне қарасты басқармалар мен қоғамдық бір­лестіктердің өкілдері қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» 2014 жылғы 24 ақпандағы №138 қаулысының 4-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақ халқының пікірін ескеру үшін қаладағы көшелерге атау беру және қайта атауға қа­жетті материалдарды тиісті мәсли­хаттардың қарауына енгізеді. Осыны ескере келе, тілдерді дамыту басқармасының басшысы Е.Тілешов қалалық ономастика комиссиясына келіп түскен материалдарды мәслихатының тұрақты комиссиясының отырысына ұсынды. Оның айтуынша, 2013-2014 жылдары елорданың зиялы қауым және жұртшылық өкілдерінен аталмыш комиссияға қала көшелеріне атау беру туралы 34 және көшелерді қайта атау туралы 2 ұсыныс-хат келіп түскен. Осыған орай, басқарма басшысы алдымен Қазақстан Республикасының Халық әртісі Хорлан Қалиламбекованың алдағы уақытта қаладағы көшелердің біріне Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін беру туралы өтінгенін ескере келе, Қазақстанның Халық әртісі, режиссер, қоғам қайраткеріне бас қаладағы Қырқыншы стансаның Жамбыл көшесі лайық екенін, өйткені, бұл осы елдімекендегі ең ұзын көшелердің бірінен саналатынын жеткізді. Одан әрі басқарма басшысы жұртшылық Астанадағы көшелерге Халық жазушысы Хамит Ерғалиевтің, әлем чемпионы, даңқты спортшы Анатолий Храпатыйдың, Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің, Қазақстанның Халық әртісі Рабиға Есімжанованың, т.б. есімін беруді өтініп сұрағанын айтты. Бұл ретте депутаттар М.Оралов, Қ.Құлмұқанов, Ф.Ким, Т.Оразақов, В.Петрущак, Н.Мещеряков, М.Шекенов, С.Ахметов пікір біл­дірді. Олардың қай-қайсы да көше атауларын есімі елге мәлім ақын-жазушылардың, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің, елімізді дамытуға үлес қосқан тұлғалардың, батырлардың аттарымен өзгертуге еш қарсы емес екендерін, тек тұр­ғын­дардың өздері тұратын көше аты­на қатысты тарихтан сол адамның елге сіңірген еңбегі туралы деректерден хабардар болуы керектігін ескертті. Сондай-ақ, сөз алғандар қаладағы көшелерге адам аттарын беруден арылып, Қазақстандағы тамаша жер аттарын жаңғыртуды ұсынды. Мәселен, депутат Н.Богатырев былай деді: «Ескі көшелердің атауы сол күйінде қалса қайтеді? Қанша дегенмен, бұл – тарих қой. Қаладағы көше атауларын жыл сайын өзгерте бергеннен не таптық? Әрине, Астана – күн санап өсіп келе жатқан жас қала. Сондықтан мұнда жаңа көшелер, жаңа шағын аудан пайда болуда. Менің пайымдауымша, жаңа атауды соларға беруіміз керек. Ал, ескі атауларға тиіспегеніміз жөн».

Мәслихат хатшысы депутат­тар­дың ұсыныс-ескертпелерін ескере келе, көше атауларын өзгерту немесе қайта ат беру мәселесін егжей-тегжейлі зерттеп, көпшілік талқысына салып, осылайша ақыл­дасып шешкен әлдеқайда дұрысырақ деген пікір білдірді.

– Біз әркез өзіміздің қатардағы қарапайым қала емес, еліміздің жүрегі – Астанада тұратынымызды естен шығармауымыз керек. Ал, басқалар астанаға қарап бой түзейді. Сондықтан, Астанада көше атауларын келісіп шешкен жөн, – деді С.Есілов.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button