Елорда тынысы

Көшелер көріктендіріліп, аулалар абаттандырылды

Елордада күн сайын көшелерді көріктендіру мен ашық аумақтарды санитарлық тазарту жалғасуда. Бас қаланың барлық төрт ауданында қысқы кезеңнен кейінгі абаттандыру және тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Оған жүздеген коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар жұмылдырылды.

[smartslider3 slider=2695]

Коммуналдық қызметкерлер тазалық жұмысын белсенді жүргізуде. Жолдар мен тротуарлар жуылуда, қоршаулар, жерасты өткелдері, жол белгілері өңделіп, қоқыс жәшіктері тазартылуда.

Ауқымды тазалау жұмысы қаланың орталық көшелерінде ғана емес, елордадан сыртқарырақ орналасқан елді мекендерде де жүргізілуде. Мәселен, Сарыарқа ауданы бойынша бұл жұмысқа 430-дан астам жол қызметкері мен 160 арнайы техника, Алматы ауданы бойынша 120 техника мен 360-тан астам жол маманы жұмылдырылды. Байқоңыр және Есіл ауданында тағы 250 адам мен 150 арнайы машина санитарлық тазалау жұмыстарымен айналысты. Нәтижесінде аудан аумағындағы саябақтар, гүлзарлар, алаңдар қоқыстан тазартылып, еріген қар суын сору, қоршауларды жуу, бояу жұмысы және өзге де жөндеу­-қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Коммуналдық қызметтер екі ауысымда жұмыс істеуде. Сондықтан санитарлық тазалау жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Жалпы, тазалықты әр тұрғын өз ауласынан бастауы керек. Бала-шағамызға туған жердің қадір-қасиетін сезіндіре отырып, қоршаған ортаны ластамауды, көкті жұлмауды, ағашты кеспеуді, көшеге күл-қоқыс тас­тамауды үйретсек, күні ертең олар да бас қаламыз­ды аялап, айнала тазалығын сақтай білуге дағдыланар еді.

Сәуір айының ортасында елордада дәстүрлі экологиялық айлықтар мен жалпықалалық сенбіліктер басталады. Осы жұмыс аясында бас шаһардың барлық ауданында әкімдіктердің жауапты қызметкерлері бекітілген кварталдар мен секторлар бойынша тазалық жұмыстарын жүргізеді.

Күн жылынысымен айналамызды тазалап, қыстан қалған қалдықтарды жинастырып, ағаш отырғызып, жалпықалалық сенбіліктердің ұйымдастырылуы біздің қалада дәстүрге айналғалы қашан. Биыл да осы үрдісті жалғас­тырып, санитарлық тазарту, қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында 16 және 23 сәуір аралығында көктемгі экологиялық айлық жарияланды. Елордалықтардың еңбекке жарамды жастағылары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен бизнес өкілдері өз ауласын тазалап, сол күндері әр тұрғын бiр түп ағаш көшетiн отырғызса, бас қала мұнтаздай тазаланып, ажарлана түспей ме?! Ендеше, қаламыздың барлық тұрғындарын, аудан аумағындағы жекеменшік пәтер иелерінің кооперативтері мен меншік иелерінің бірлестіктерін, сондай-ақ бизнес пен мекеме өкілдерін игі іске қатысуға шақырамыз.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button