Көшелерді көріп шықты
Сарыарқа ауданының әкімі Есет Байкен Шідерті көшесі және «Көктал-1» тұрғын алабындағы Байқоңыр көшесін аралады. Аталмыш көшелердің тұрғындарымен кездесіп, бірқатар мәселелерді талқылады.
Әкімнің айтуынша, Шідерті көшесіндегі маңызды мәселелер – көшені жөндеу, нөсер кәрізін салу, жарықтандыру. Бұл мәселелерді келесі жылы кешенді түрде шешу жоспарланды. Ең алдымен инженерлік желілер салынып, кәріз жүйелерін реттегеннен кейін көшеге асфальт төселетін болады. Аудан басшысы жыл соңына дейін көшені жарықтандыруды тапсырды. Осы көшенің бойында балалар ойын алаңын салу үшін жер учаскесі қарастырылатын болды.
– Тұрғындарды алаңдататын тағы бір мәселе – газдандыру. Шідерті көшесін газға қосу қараша айының ортасына жоспарлануда, – деді Е.Байкен.
Ал Байқоңыр көшесіндегі маңызды мәселенің бірі – кәріз жүйесі. Мұны жайластыру Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасымен бірлесіп шешу жоспарлануда.
– Алдағы уақытта тиісті қызметтермен кездесіп, аталмыш мәселені жедел әрі нәтижелі шешу жолдарын қарастырамыз, – деді аудан басшысы.
Кездесу кезінде осы көшенің тұрғындары тротуар салу, қоқыс контейнерлерінің орнын ауыстыру, бағдаршам орнату, ағаш егу сияқты бірқатар мәселелерді көтерді. Барлық мәселелер бойынша шаралар жоспары әзірленіп, бақылауға алынды.