ЖаңалықтарҚала тіршілігі

КӨШЕНІҢ КҮЙІ КӨҢІЛ ТОҒАЙТАР

Өмір сүрген ортада жолдың атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Экономиканың қуатты күшіне айналған осы күретамырды «сауықтыруды» мердігер компаниялар жылда өз мойнына алған. Жылда деуіміздің де себебі бар. Кеңес дәуірінен бері тіс те, қол да батпаған іс соңғы жыл бедерінде сәтті орайын тауып жатыр.

Астана бар қалаға үлгі болуы тиіс. Сырт көз алдымен оның келбетіне, сосын инженерлік инфрақұрылымның сапасына назар аударады. Былтыр жылу беру маусымында жұртты елең еткізерлік оқыс оқиға орын алған жоқ. Биыл да қыс қаһарына дайындық мәселесі жергілікті биліктің қырағы назарында тұр. Жоспар бойынша бірқатар жерлерде жылу құбырлары ауыстырылып, қызу жұмыс қас қарайғанша жалғасуда. Қаламыздың Ақан сері көшесінде үш бірдей – жол, жарық, жылу мәселесі жақын арада өз шешімін табады. Бұл жерге сонау кеңес дәуірінен бері жөндеу жұмысы жүргізілмеген екен. Әрине, кейбір жолын жамап-жасқаған. Ал көшедегі орталық жылу құбыры мүлде жарамсыз болып қалыпты. – Жолдың сапалы бо­луына бірнеше фактор тікелей әсер етеді. Егер, жарылған жерді ғана жөндесең, онда ол екі-үш жылда-ақ сыр бере бастайды. Көптеген мердігер компаниялар осылай көз алдау жасап, ақыр соңы таяқ жейді. Біз қазір сапа­сы сын көтермейтін 300 метр жолдың асфальтын түгелімен аударып, тегістедік. Одан кейін қажетті материалды төсейміз де, бетіне асфальт төсейміз. Ауа райының жылы болуы да жұмыстың ойдағыдай болуы­на септігін тигізуде. Қыркүйек айының басында жөндеуді толық аяқтаймыз,– дейді «Болашақ жолдары» ЖШС шебері Талғат Бибатыр.

«Әділет» ЖШС бұл жер­де электр жарығын тартумен айналысуда. Кісі бойламай­тын тереңдікке кабель төсеп жатыр. Оған қатпарласа жаңа құбырлар салыну үстінде. Ширақ қимылды еңбеккерлер күннің ыстығын да елемеді. Біз сағат 13:30-да жоғарыда аты аталған серіктестің учаске бастығы Асылан Назаровты жұмыс ба­сынан жолықтырдық. – Несін айтасыз, электр желілері әбден тозып біткен. Осы аумақтағы тұрғындар бізге келіп алғыстарын жаудыруда. Ендігі жерде олар «жалп» етіп сөніп қалатын жарықтан титықтамайтын бол­ды. Бүгінде біз 530 метрге электр желісін жүргіздік. Тағы осындай көлемге желі тартамыз. Өзіңіз байқағаныңыздай, тамақ ішуді де ұмыттық,–дейді ол жайдары кейіпте.

Расында, жүзін күн шалған жігіттер ешкімді елер емес. Бар болғаны он екі адам әлгі межелі жерге электр кабелін төсеп жа­тыр. Екі күнде осы жұмысты аяқтап, келесі аумаққа ауысады. Тұрғын үйлер жанындағы мек­теп, емхана да болашақта осы жаңарған желіден қуат алатын бо­лады. Жалпы, Астананың биылғы қысқа дайындығы талапқа сай десек қателеспеспіз. Ойымызды нықтау үшін Астана қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Мейзамбек Кенжебаевқа хабарластық. – Қаламыз қазір жылу беру маусымына 98 пайыз дайын. Тамыз айының аяғында жоспарды орындап шығамыз. Ал жаңағы сіз айтқан Ақан сері көшесінде бұрын-соңды болмаған жұмыс қолға алынды. Жауапты мердігерлер ондағы күрделі жөндеуді тамыз айында толық аяқтайды,–дейді ол .

Бас қаланың тіршілігін күнделікті қадағалап отырған азаматтың сөзіне біз де сенім арттық.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button