Жаңалықтар

Көші-қонның аяғында тұсау жүр

Астанада 2010 жылы тіркелімге алынған шетел азаматтарының саны – 87057 болса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 95277-ге жеткен. Ал биылғы тоғыз айдың ішінде 73749 адам келіп, тіркелген. Сондай-ақ, осы мерзімде елімізге келу тәртібін бұзған, азаматтығы жоқ шетелдік 5542 адам әкімгершілік жауапқа тартылған. Олардың дені – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінен  жеке тұрғын үйлер салуға немесе сауда орындарында қызмет етуге келгендер. Осы орайда ішкі істер саласының қызметкерлері Астана қаласы әкімдігімен бірлесе жұмыс істеуде.

Негізінде, әр ел өз азаматтарын сыртқа шығарар кезде қатаң тексеру шараларын жүргізуі қажет. Олармен бірге қаншама қаражаттың қазынаға түспей қалатыны да жасырын емес. Еңбек етудің келісімшартын жасамай, тек жұмысқа жегуді ғана білетін өзіміздің «ақсаусақтар» арзанқол өзбек  азаматтарын қажетінше пайдаланып жүр. Кейбірі қожайынның ошақ маңайын паналаса, бірі сарайларда өмір сүріп келген.

ТМД елдерінің ішінде бізге визасыз келетіндері де баршылық. Бар гәп осы виза мәселесін реттеуде жатырғаны анық. Бұл мәселе жекелеген шетелде шешімін тапқан. Қазақстанда биометриялық төлқұжатты қолданысқа енгізу жөнінде биыл Парламент қабырғасында сөз қозғалған болатын. Мұның тиімділігі – саусақ таңбасы, көздің қарашығы секілді мәліметтер құжаттың бетіндегі «чипте» тайға таңба басқандай орын алады. Мұндай нәрсе, біріншіден, қауіпсіздік жайын реттесе, екіншіден, келіп-кетушілер санын білуге, түптеп келгенде, көші-қонның қадамындағы тұсаудай көптеген түйткілді шешуге мүмкіндік берер еді.

– Астанаға келушілер саны жыл сайын артып келеді. Оның ішінде еліміздің инвестициялық мүмкіндігіне үлес қосатын жекелеген компаниялар да бар.  Ал бас пайдасын көздегендерді арнайы тексеру жүргізу арқылы елден шығарамыз. Мәселен, өткен жылы заңсыз еңбекке тартылған 23 шетелдікті еліне қайтардық. Біз мемлекеттік маңызы бар құрылыс нысандарына тіркеуде жоқ өзге елдің азаматтарын жібермейміз. Өйткені, әрбір ғимарат адам тағдырымен тікелей сабақтасып жатыр, – дейді Астана қаласының ІІД көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Арман Баймұхамет.

Елордада өткен жылы 91569 қазақстандық азамат тұрақты тіркеуге тұрған. Тіркеуден шыққандар саны – 26047. Осының өзінен ішкі өсімнің де артып келе жатқаны аңғарылады. Оларға да жұмыс көзі керек. Сұранысты қанағаттандыру үшін тіркелмей еңбек етуге келгендердің жолын кесуіміз шарт.

Құжаттандыру ісін толыққанды қамтамасыз етуге байланысты көші-қон полициясының  алты орталығы қызмет көрсетеді. Күніне осы жерге уақытша тіркелуге 400-500 шетел азаматы, ал квота мәселесіне байланысты 5-10 адам келеді екен.  Әрине, бұл, аз көрсеткіш емес.

Біздіңше,  келушілер тіркелу рәсімінен сырт айналып кетпес үшін олардың қолына жұмыс істеуге рұқсат етілген патент берілуі қажет. Бұл пікірді көші-қон полициясының қызметкерлері де қолдап отыр. Мәселен, Ресейде өзге елдің азаматтарына белгілі бір мерзімге дейін жұмыс істеуге болатыны жөнінде патент береді. Осы арқылы  салықтың қазынаға түсуіне ықпал жасап отыр.

Астана қаласының ІІД көші-қон полициясы басқармасы алимент төлеуден жалтарғандар мен мемлекет алдында қарызы бар адамдарға іздеу жариялауды да қолға алды. Қалай дегенмен де, жұмысты ілгері бастырудың нышаны бұл.

Әмірхан АЛМАҒАНБЕТОВ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button