Руханият

Көшпелі көрме әлемі

Ұлттық музейде «Өткенді еске алу – болашаққа жол» жобасы аясында Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстары мұражайларының көшпелі көрмесі ашылды.

Бас қалаға көш тартып келген екі өңірдің көрмесі ерекше көз тартады. Әсіресе, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-мұражайының жәдігерлерін қызықтай бергіңіз келеді. Бұл көрме «Ұлы тұлғалар үндестігі» деп аталады. Мұнда хакім атамыздың өмірі мен шығармашылығына арналған тың деректер көпшіліктің назарын аударды. Абайдың айналасы өнер мен әдебиеттің қазандай қайнап жатқан ортасы болғанын білеміз. Сол жайында біраз дүниелерге қанық болдық. Ақын 1885 жылы Семейдегі өлкетану музейіне тапсырған заттарды көзіміз шалды. Оның ішінен шыныаяқ, қап, сыбызғы және шәкірті Әлмағамбеттің үш шекті домбырасы бар. Бұдан бөлек, атамыздың қолы тиген араб графикасымен, түрік тілінде жазылған кітаптар қойылған. Сондай-ақ, Абайдың өзі жаздыртып оқыған «Тәріжман» газетінің екі санының түптемесін көрдік. Биыл ойшыл ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толып отыр. Соған орай, көрнекті тұлғаға арналған жылжымалы көрме әзірленген. Бұл бұған дейін Алматыда, Оңтүстік өңірде жұртшылыққа ұсынылған екен. Қорыта айтқанда, шығыстан келген көрмеде Абай мен Шәкәрімнің сан қырлы әлемін ашатын экспонаттарға көңіліміз толды.
Халқымыз «Жер жәннаты – Жетісу» деп бекер айтпаған. Табиғаты ғана сұлу емес, тағы­лымды тарихқа да бай өлкеден келген көрме «Жетісудың 20 мұражайы» деп айтылады. Музей қызметкерлері бас шаһарға 350 жәдігер алып келген. Олар­дың арасында Елбасының, Шоқан Уәлихановтың, Сүйінбай Аронұлының, Жамбыл Жабаев­тың, Ілияс Жансүгіровтің, Мұқан Төлебаевтың, Дінмұхамед Қо­наев­тың, Мұқағали Мақатаев­тың және тағы басқа да аңызға айналған ардақтылардың өмірі мен қызметіне байланысты бірегей экспонаттар қойылған. Қысқасы, «мың естігеннен бір көрген артық» демекші, көрмені барып көрсеңіз, көп дүниеден ой түйесіз. Ал көрме 8 шілдеге дейін жалғасады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button