Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған

Көтерді бәрін ауырдың

немесе «Анаға тағзым» ескерткіші  туралы бір үзік ой

Бүгіндері Шымкенттен шығып, Ташкентке бет алған жолаушылардың бәрі болмағанмен, көпшілігі Қазығұрт ауданының Сарапхана ауылын басып өтетін күрежолдың оң қапталындағы биік жотаның біраз бөлігін алып жатқан «Мәңгілік ел» кешеніне соқпай кетпейді.

[smartslider3 slider=3801]

Олар саябақты, осында бой көтерген ескерткіштер мен кесенелерді аралай жүріп, сөз жоқ, керемет бір әсерге бөленеді, ел тарихында өшпес ізі қалған толағай тұлғалардың өмірі мен ерлігіне қаныға түседі. Демек, елімізге танымал руханият жанашыры, меценат Бекет Тұрғараевтың бастамасымен қолға алынған, келушілерді ел тарихына бойлататын, жастың да, жасамыстың да Отанға деген сүйіспеншілігін оятатын бұл тарихи-мәдени кешеннің болашақ үшін де маңызы зор десек қателеспейміз.

 Тұтас кешенді құрап тұрған әр ескерткіштің шертер сыры мол. Түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін, адамзатқа әлемнің жарығын сыйлаған, дүниедегі ең аяулы жан – аналардың құрметіне орнатылған «Анаға тағзым» ескерткіші де алыстан көзге шалынады. Биіктігі 11 метрлік бұл ескерткіш 2020 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай орнатылыпты. Ананың келісті келбетін ескерткіштің тұғырындағы мына сөздер де толықтырып тұрғаны сөзсіз: «Ескерткіш көпұлтты ­Кеңестер Одағы халқының елдігі мен ерлігіне сын болған Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл толуына арналды. Тағдырын оққа байлаған ер-азаматтар майданда қан кешіп  жүргенде, бақытын соғыс ұрлаған арулар олардың орнын басып, белдері қайыса жүріп еңбек етті, қарттар мен балаларды аман ­сақтауға, жеңісті жақындатуға баға жетпес үлес қосты. Өлім мен өмір белдескен 1418 күн мен түн! Қаншама әйел қара жамылып, соғыс жесірі атанды. Жарын, әкесін, баласын күтуден жалықпаған, қосағының ­қарашаңырағын ­құлатпауды, ар-ұятты ­ойлаумен таңды атырған асыл аналар қандай құрметке болсын лайық.  Аяулы, қаһарман Аналар – бұл Ескерткіш Мәңгілік Ел ұрпағының  өздеріңізге деген шексіз ризашылығының белгісі!»

Ескерткіште жас сәбиін иығына көтеріп, майданға кеткен ер-азаматтарды жоқтатпай, егіс даласында қол орақпен егін орып жүрген ауыл еңбеккері – қарапайым қазақ әйелі бейнеленген. Оның қолымен маңдайын көлеңкелеп, алысқа қараған мұңлы ажарынан тағдырдың ­тауқыметіне мойынсынбай, Жеңісті жақындатуға өз үлесімді қосамын деген ұмтылысын аңғарасыз. Осы бейне арқылы атақты мүсінші соғыс өртінің өшкеніне ғасырға жуық уақыт өтсе де, оның зардабы зор болғанын еске салады.

Осы ескерткіштің алдында тұрғанда майдангер-ақын Сырбай Мәуленовтің  «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінің:

«Жаутаңдап қарап

дала тұр,

Көз жасын сүртіп

жаңа бір.

Хабарсыз ұлын сұрауға

Жолыңды тосып

ана жүр.

Қанша үйдің ұрлап

адамын,

Қанша үйде сөніп қалды

оттар

Көрдің бе ұлын ананың,

Соғыстан қайтқан

солдаттар.

Кешікпей жарым

келер деп,

Төрінен сайлап орынды.

Батысқа қарап елеңдеп,

Ару жүр тосып

жолыңды…»

деген жолдары еріксіз ойға оралады.

Осы арада бұл бейнені адам сезіміне әсер етіп, көңіл толқынына тебіреніс туғызатын алып ескерткіш етіп жасаған, аналарымыздың мейірімге толы келбетін келісті кескіндеген биік өнердің белесіне шыққан, кешегі Кеңестер одағының Мемлекеттік сыйлығының иегері атанған, Ресейдің  халық суретшісі, Ресей Өнертану ғылым академиясының академигі, әлемге кеңінен танымал «Мемлекеттік Бурганов музейі» шеберханасының 85 жастағы атақты суретшісі Александр Николаевич Бурганов екенін айта кетсек, артық болмас.

Біз «Мәңгілік ел» саябағындағы өнердің озық туындысы деп бағалауға лайық бір ғана ескерткішті сөз еттік. Ал мұнда ұлттың тұғыры биік тұлғаларын, мағынасы терең, мазмұны биік мұраттарды дәріптейтін ескерткіштер мен кесенелер шоғыры жетерлік. Олай болса, аталмыш кешеннің биыл Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуы өте орынды демекпіз. Мемлекеттік комиссия ұсынылған шығармалардың сұлулық сипатымен қатар, терең мағына маңызына да көңіл бөлетініне, әділ шешім қабылдайтынына, туған жер төсін «Мәңгілік саябақпен» көркейткен шығармашылық топтың еңбегіне жоғары баға беретініне сенеміз.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мағжантанушы

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button