Жаңалықтар

Көз қуантқан көрме

ERA_3698

Тәуелсіздік сарайының көрме залында Қазақ хандығының 550 жылдығы және ҚР Конс­ти­туциясының 20 жылдығына орай «Тарихқа тағзым» атты көрменің ашылу рәсімі өтті. Шараға өнер қайраткерлері, ақпарат құралдарының басшылары, түрлі сала өкілдері қатысты.  

Көрмеге Қазақстан Суретшілер және Журналистер одағының мүшесі, ҚР Көркемсурет академиясының академигі, ҚР мәдениет қайраткері Жанұзақ Мүсәпір мен Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мақсат Бексұлтанның жұмыстары қойылды. Көрме залына кіре бергенде-ақ, қабырғаға ілінген қылқалам шебер­лерінің ұлттық бояуы қанық сұлу картиналары бірден өзіне баурап, көз мейірін қандырады. Түріктің әйгілі жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Орхан Памуктің «Менің атым Қызыл» атты әйгілі романында сурет өнерінің қыр-сыры туралы, әдібі мен нақышы жайында көп мағлұмат ұшырасатын. Міне, енді сол құдіретпен бетпе-бет келгендей көңіліміз тоғайды.
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев биыл аталып өтіп жатқан мерекелердің тарихи маңызына тоқталып, қылқалам шеберлеріне сәттілік тіледі. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ-ның президенті Сауытбек Абдрахманов та қой жылының қазақ үшін той жылы болғаны туралы айта келіп, үлкен мерекелердің ортасынан ойып тұрып орын алатын Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өткелі жатқан шақта мұндай көрменің маңызы зор екенін атап өтті. Көрменің тұсауы кесілген сәтте шашу шашылып, көпшілік қауым қос суретшінің сұңғатты шығар­маларымен етене танысуға кірісті.

Ырысбек ДӘБЕЙ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button