Басты ақпарат

Көзіме бір көрінші, Ерейментау…

Елорданың ішкі туризм мәселесі газетімізде көптен көтеріліп келеді. Алып шаһар тұрғындары жазғы аптапта қайда демалады, не көреді? Қала тұрғындарының көпшілігі еліміздің басқа өңірлерінен көшіп келгендігін ескерсек, олар үшін Арқаның төсі танымдық саяхат ретінде тартымды болар еді. Әзірге астаналық туристік компаниялар елдің ішкі туристік әлеуетін арттыратын бағдарлар ұсынып, демалыс күндері елорданың іргесінде жатқан мекендерге апарып, сол өлкенің өткені мен бүгінін таныстыруға аса құлықты емес.

[smartslider3 slider=3468]

Жақында Мәде­ниет және спорт министр­лігі Геральдикалық зерттеулер орталығының қолдауымен «Бабадан қалған белгі» атты танымдық экскурсия құрамында Ақмола облысы Ерейментау ауданы аумағына жол түсті. Ұйымдас­тырушылардың айтуынша, елордалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің күшімен өлкетану ісін жандандыру және байырғы ғұрыптық мұралар негізінде бүгінге жеткен ежелгі геральдикалық белгі-таңба-мүсіндерді барынша насихаттау екен. Бұл іске аудан басшылары да ықыласты көрінді. Елордадан Ерейментауға жетер жолдың айырығында Ерейментау ауданы әкімі Абай Әлжанов журналистермен бірге жолға шыққан Мемлекеттік елтаңбаның авторы, профессор Жандарбек Мәлібекұлын қарсы алып, ауыл ақсақалдарының қатысуымен «Ел рәміздері – еркіндіктің нышаны» атты кездесуін өткізді.

Бұйратау – ол да біздің барған тау

Ереймен даласының ерекшелігі шөбі тықырлау, таудың беткейінде болмаса, қалың ағаш өспейді. Бозды-бетегелі жазық даланың бір шетінен жер жарылып өзені ағып жатады. Ағыссыз судың айналасы шілікті ну болса да, арнасы бастауынан ұзаған сайын құрағы кемдеу келеді екен. Тықырлау құм­дауытты, қиырына көз жетпейтін даланың ауасы қаланың тар жерінде қыстыққан тынысыңды ашып, самалды жел тербеп, табиғаттың тағы бір тамаша құбылысына ықыласың ауады. Бұл жердің бәрі «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі иелігіне жатады. Осыдан он шақты жыл бұрын ашылып, республикамыздың он екінші ұлттық паркі болып арнайы қамқорлыққа алынды. Ұлттық парктің жалпы ауданы 88968 гектарды құрайды.

Жаратылысы ерекше табиғи аумақтарындай, мұнда экология­лық туризмнің ғылыми және танымдық түрін дамытуға ден қойыпты. Ұлттық табиғи парк экологиялық туризмнің бес бағытын ұсынады. «Жаушоқы», «Жаушоқы 2», «Қарағайлы», «Соколиные горы» учаскесінде, «Ерейментау» филиалында Алғабас ауылының маңында «Жүз бұлақ өлкесі», «Белодымовский» бағытын түзеп, атпен де, жаяу да, велосипедпен де, көлікпен де жүруге жол ашып қойыпты. Жолы да жаман емес, қалаға дейін теп-тегіс. Ал ауыл ішілік жолдар тақтадай түзу болмаса да, діттеген жеріңе шаршамай жеткізеді.

Біз алдымен Қарағайлы ауылынан асып, Кедей өзенін кешіп өтіп, «Қос батыр» археологиялық ескерткішіне тоқтадық. Қазақ даласында балбал тас аса көп емес. Бұл – тастан адамның сұлбасын қашап жасаған шағын ескерткіштер. Алтай мен Тува, Моңғолияда жиі кездеседі. Түркі қағанатының жәдігеріне балайтын қазақ жеріндегі бірен-саран балбалдың бет-жүзін ойып, тасқа бедерлеген. «Қос батыр» деп аталған балбал тасқа 15 шақырымға созылып жатқан Кедей өзенін жағалап жеттік. Көне дәуірден қалған қос батырдың бірі оң қолына кесесін, сол қолына қанжарын ұстап тұр. Кезінде археолог Әлкей Марғұлан ескерткішті зерттей келе, аты аңызға айналған қос батырдың құрметіне қойылуы мүмкін деген тұжырым жасаған.

«Осындағы қорымдарды топырақтан аршып, ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізген жағдайда біз арғы бабаларымыздың өмір сүру салты мен өркениетінен мағлұмат беретін құнды дәйектерді және ұлттық геральдикамыздың түркілік дәуіріне тән символдық элементтерді ұшырастыру мүмкіндігі зор. Сол себепті бұл іс алдағы күндері жалғасын табады» деді Геральдикалық зерттеулер орталығының директоры Асылбек Байжұма мырза. Бұл – өткен мен бүгіннің ортасын жалғаған нәзік жіпті іздеп, болашаққа байлап жіберуді көздеген адамның сөзі.

Қызғылт түсті Көбейтұз

Осыдан бірер жыл бұрын елордалықтардың көбі қызғылт түсті Көбейтұзға барып, алғаш естіп-көрген болатын. Нұр-Сұлтан қаласының дәл іргесіндегі Көбейтұз – әлемдегі саусақпен санарлықтай құпия көлдің бірі. Көлдің бетін көз қызықтырар күреңге бояйтын, негізінен, тұзды теңіздерді мекендейтін дуналиелла сортаңды су балдырының әсері дейді. Бұл көл Ерейментау ауданының Өлеңті ауылдық округінің аумағында орналасқан. Көлдің ауданы – 690 гектар, тереңдігі – 1,5 м. Жасыратыны жоқ, туризм туралы айтқанда, жалпыға ортақ мәдениеттің жұтаңдығына тоқталмай кете алмаймыз. Көбейтұзға ағылған жұрт көлдің берекесін қашырып, айналасын қоқыспен бүлдіріп, тіпті көлдің табанындағы тұзға дейін тасып кетіп ұятқа қалдырған еді. Кезінде ол туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақшасында: «Демалыс орындарында жаппай азаматтарымыздың мәдениеті жетіспейді. Отандастарымыздың бірегей «қызғылт» Көбейтұз көліне келтірген залалы наразылық тудырады. Осы жағымсыз фактілер өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеу­дегі проблемаларды айқындап берді. Білім, экология, ақпарат министр­ліктері бұл міндетті басым бағытта ұстануы керек» деп жазған еді. Яғни демала білу де мәдениеттің белгісі.

Желдің жеті есігі

Ел аузында Асан қайғы желмаясына мініп, желдіртіп Сарыарқаны аралап, Ереймен тауын көргенде: «Желдің жеті есігі бар екен. Қыс болса жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас. Ораздының жайлауы, шиырлының қыстауы екен. Екі жағындағы ел бай болар да, тап ортасында мұны қоныс қылған ел кедей болар. Бітісі жаман екен. Бірімен-бірі едірейісіп, төбелесетұғын кісідей едіреюін, панасы жоқ, дала сықылды тау екен» депті. Басқасын білмейміз, желдің жеті есігі бары рас. Содан да болар, Ерейментауға кіреберісте қалақшалары тарбиып, желмен бірге шыр айналып, желбағандары теңселген осы жер.

Еуропа аралағандар болмаса, желбағандардың қаптап тұрған көрінісі көбімізге таныс емес. Жаңғыртпалы қуат көздерінің бірі ретінде тақырыптық-таным­дық та пайдасы бар бұл жер оқушылардың саяхаты үшін сұранып тұр. Қазақтың барлық жерінде кездеспейтін бұл құрылым «Жаңа Қазақстанның» белгісіне айналуы тиіс. Бүкіл әлем қазба байлықтарынан алатын энергиядан бас тартып, жаңа энергияны насихаттап жатқанда, ғаламды жайлап келе жатқан жылылықты санаға жеткізу үшін, әрине, таптырмас құрал еді. Әсіресе оқушылардың демалыс күндерінде саяхат ұйымдастырып, осы желбағандардың жанында суретке түсіп, танымын арттыруға тамаша мүмкіндік. Оны ұйымдастыруға Ерейментау әкімдігі ықыласты екен, енді қалалық туризм саласы басшылары қолға алса жөн болар еді…

Құлагер құлаған Қусақ

Әр тасы, суырылған желі де тарихқа тұнып тұрған Ерейменде 1876 жылдың шамасында үш жүзге сауын айтылып, жар салынған Сағынай асының атағы бүгінге дейін жетіп жатыр. Даңқы қазақ даласына жа­йылған асқа 500 ақшаңқан үй, әрқайсысына төселген қалың кілем, қонақтардың иығына жапқан бұхар шапаны, Сібірден 500 бағалы аң терісі, асқа сойылған 20 мың қойы мен 100 жылқысы болғанын жыр қылып айтады. Бұл дәулеттің дақпырты Ақан серінің Құлагерінің опат болуымен де еселене түсті. Ас Арқаның қақ ортасында Ереймен жеріндегі Қусақ көлінің айналасында өткен-ді. Қусақтың маңындағы Қызқашқан деген жерге бір мың жүз жиырма үш бәйге аты айдалған-мыс. Атасына ас өткізген, халық арасында «Паң Нұрмағамбет» атанған қазақтың меценаты кезінде асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысқан ірі бай, саятшы, ұлттық этнографияны жаңғыртушы болыпты. Нұрмағамбет 1891 жылы Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбыға келгенде, құрметіне жақсы жабдықталған ақ киіз үй тігіп, 1000 жылқыны сыйға тартқан деседі. Кейінірек ХХ ғасырдың басында бұл киіз үй Нижний Новгородта өткен Бүкілресейлік көрмеге, Париждегі көрмеге қойылған. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы екен. 1898 жылы ол Дала өлкесінде жылқы өсіруді үлгілі дамытқаны үшін патшадан күміс, кейіннен алтын медаль мен алтын сағат алған. Нұрмағамбет 4 рет қажылыққа барып, ауылында ағаштан мешіт тұрғызған. Осындай сән-салтанатпен өмір сүрген паң Нұрмағамбеттің топырағында болып, оның ізін жаңғыртып, Құлагердің тұяғы өткен жерді қайтадан сәйгүліктің дүбірімен толтыру аудан басшыларының ойында жүр екен. Сағынайдың асына жетеғабыл бұл той ауданға туризмін арттыру, атағын әрбір астаналыққа жеткізу мақсатында болмақ.

Қанжығалы Бөгенбайдың ізі қалған…

Елордадағы ҚР Қарулы күш­терінің Әскери-тарихи мұражайында Бөгенбай батырдың дулығасы сақтаулы тұр. Осыдан 5-6 жыл бұрын атадан балаға жетіп, қиын замандардан бері сақталып келе жатқан дулығаны батырдың жетінші ұрпағы мұражайға табыс етті.

Бөгенбай батыр – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ халқын тарих сахнасынан құрып кетуден сақтап қалған, сол дәуірдің қаһармандары – Абылай хан, Қабанбай, Олжабай, Баян, Жантай батырлармен иық тіресіп жүріп жауға қарсы шапқан хас батыр.

Бүгінде бес қаруымен серттескен даланың дарабоз батырларының дүбірі қалған жеріміздің тарихы бай. Сол тарихты жаңғыртуға келешек ұрпаққа салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге қоса ерліктің жалауын жеткізудің ұтымды орындарының бірі Ерейментау дер едім. Қанжығалы қарт Бөгенбай 1775 жылдың жаз айының ішінде Торғай өзенінің Сілетіге құятын сағасында қайтыс болды. Ереймендегі Қоржынкөл басындағы қыс­тауынан Бөгенбай ауылы жазғы жайлауы Сілетіге қарай ақырын көшкен сапары еді. Бұрында «Бөгенбай сөресі» аталған жерді қазір «шахта» дейді екен. Батырдың денесін ескі жолмен ежелгі екінші ­Мекке саналған Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ақ түйемен 45 күнде апарып жерлеген.

Қазақтың ат тұяғы жеткен қай жерді алсақ та, ежелгі тарихымен баурап алатыны бар. Әр өлкеге тән қайталанбас табиғаты мен жер-суын айтыңыз. Көптеген жұрт астананы көреміз деп келіп жатса, елордалықтар үшін де іргедегі елді мекендерді аралап келуіне мүмкіндік жасалуы тиіс.

Жасыл ағаштың желегіне көміліп, бейне бір алып қазандықтың ішінде жатқан Ерейментау кентін артқа тастап, астананы бетке алдық. Желбағандар қолдарын ербитіп ол қалды. Ерейменнің таулы қырларын артта қалдырып бара жатып, «Бүркіт ұстап басыңа бір шығар ма ем, Көзіме бір көрінші, Ерейментау» деген ақын Иманжүсіптің сол сәттегі сезімін түсініп, елге, жерге деген мақтанышымыз Отанға деген сүйіспеншілікке ұласты.

Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button