Басты ақпаратЭкономика

Криптовалюта кілтипандары

Қазақстанда «криптовалюта», оның төлем жүйесі «биткоин» және оларды программалық тұрғыда қамтамасыз ететін «майнинг» сынды сөздер қолданысқа ене бастағанына аз ғана уақыт өтті.

Оңай жолмен олжаға кенелгісі келетіндер бұл сандық валютаның түрін сатып алу үшін бар жиған-тергенін жинақтап, айырбастап жатқандары да жасырын емес. Ал ел қаржысын қорда ұстап отырған Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев пен елордада бой көтерген «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов жаңа валютаға келгенде, «әліптің артын бағайық» деп халықты ескерткен еді. Сонымен, жаңа валютаның жақтастары кімдер? Неден абай болу керек?

Жақында Google интернет алпауыты 2018 жылдың маусымынан бастап криптовалютаға жарнама жасауға тыйым салатынын мәлімдеді. Бұл жаңалықтың жарқ ете қалғаны сол еді, биткоин курсы айтарлықтай құлдырады. Осыған дейін курс 8 мың доллар шамасында болса, келесі күні валюта бағамы бір биткоин үшін 7,5 мың долларға дейін түсті. Оның ізінше Ethereum және Ripple криптовалюталары 10-11 пайызға арзандады. Бұдан бұрын Facebook және Instagram басшылығы осындай қадамға барды. Криптовалюта мен оны насихаттайтындарды бұғаттауды Twitter де қолға алмақ.
Ал әлем елдері бұл сандық валютаға қатыс­ты әлі күнге дейін бір тоқтамға келген жоқ. Бұл сөз, әсіресе, Қазақстанға қарап айтылады. HowMuch аналитикалық сайты криптовалютаға қатысты операцияларға шектеу қойған және рұқсат еткен дүние жүзі мемлекеттердің картасын жариялады. Онда ал­қызыл түске боялған 7 ел бұл валютаға жол берсе-дағы, бірқатар шектеу қойған. Қою қызғылт түспен белгіленген 10 мемлекет заң жүзінде тыйым салған. Ал қалған 130 мемлекет сұр түспен боялып, өз ұстанымы туралы ешқандай ақпарат жария­ламай отыр. Қазіргі таңда 246 мемлекеттің 99-ы, демек, 40 пайызы биткоиндарды заңдас­тырған немесе оған шектеу қоймаған.

Картаға байқап қарасаңыз, АҚШ, Канада, Еуропа және Аустралия сынды батыс елдері криптовалютаға еркіндік берсе, жер көлемі жағынан бірінші орында тұрған Ресей оған мүлдем қарсы. Ал әлемдік сауда-саттықта ерекше орны бар Қытай мен Оңтүстік Корея ел ішінде криптовалютаға қарсы заң ойластырып жатыр. Бұл – биткоин құнының құлдырауынан кейін туындаған шешім. Алайда оңтүстіккореялықтар мұнымен келіспей, бүгінде оған қарсы 10 мыңға жуық дауыс жинаған екен.
Осындай деректерді есепке алғанда, «Қазақстан ел аузында жүрген криптовалюта тенденциясынан артта қалып қойды» деген ой болмауы керек. Бұл туралы осы сала мамандарының пікірлеріне құлақ асайық. Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында криптонарықтың ешқандай экономикалық мәні мен негізі жоқ екенін айтып, елімізде ешқандай заңды күші жоқ екенін мәлімдеді. «Бұл нарық абсолютті түрде құбылмалы. Оның болашағын болжау қиын. Қазақстанда криптовалюта ақшаға жатпайды, сондықтан оны пайдалану заңға қайшы. Валюта мәмілесі онлайн түрде жасалғандықтан, транзакцияларды бақылау және белгіленген тәртіп пен шектеулердің орындалуын қадағалау қиын. Біз халықты бұл операциялардан аулақ болуға ескертеміз, өйткені оның қатерін әркім өз мойнына алады. Мемлекет ешбір қорғай алмайды. Қазіргі таңда Ұлттық банк пен үкімет криптовалютаны қолдануға қатысты шектеу орнатуды қолға алмақ» деді ол.

Данияр АҚЫШЕВ, Ұлттық банк төрағасы:

       Бұл нарық абсолютті түрде құбылмалы. Оның болашағын болжау қиын. Қазақстанда криптовалюта ақшаға жатпайды, сондықтан оны пайдалану заңға қайшы.

«Астана» ХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов еліміздің қаржы ядросына айналуға үмітті орталықтың криптовалютаға қатысты ұстанымын түсіндірді. – Қаржы орталығы криптовалюта шығарумен айналыспайды, тек оны зерттеумен шұғылданады, – деген орталық басшысы, – Қандай да бір өнімге инвестиция салғанда өсім үнемі жоғарылай береді деп ойламау керек. Ерте ме, кеш пе мұның бәрі көпіршік секілді жарылатынын бәріміз білеміз. Бірақ бұл күйреудің қашан болатынын ешкім де білмейді. Сол себепті халықтың жаппай мұндай нәрселермен белсенді түрде айналысуы қауіпті. Мұнымен кәсіби инвесторлар айналысуы тиіс. Дегенмен оларға кепілдікті ешкім бере алмайды деп ескертті.

Қайрат КЕЛІМБЕТОВ, «Астана» ХҚО басқарушысы:

        Қандай да бір өнімге инвестиция салғанда өсім үнемі жоғарылай береді деп ойламау керек. Ерте ме, кеш пе мұның бәрі көпіршік секілді жарылатынын бәріміз білеміз. Бірақ бұл күйреудің қашан болатынын ешкім де айта алмайды.

Ал криптовалютаның қызығына кенелгендер не дейді? Asia Blockchain қауымдастығының басшысы, кәсіби трейдер Теймур Тмуслим криптовалюта инвестиция еместігіне сенімді. «Бұл нарықта ақылға қонымды ешнәрсе жоқ. Бізде бұл тек алып- сатарлық әрекеттер. Ал еліміздің азаматтары үшін бұл кәдімгідей қаржыны сақтаудың тәсілі, бірі депозитті таңдаса, бірі криптовалютаны жөн көреді» дейді ол. Маманның пікірінше, халықтың қаржылық сауатын көтергенде ғана бұл тығырықтан шығуға болады.
Қаржыгер Азамат Жолдасбеков биткоин сынды криптовалютаға салым салуға кедергі елімізде кедейлердің көптігінде деп біледі. «Егер Қазақстан Джинни коэффициентін түзеп, жағдайы жақсы азаматтар көбейсе, криптовалютаға қатысты дау-дамай ешкімді мазаламау­шы еді» деп есептейді.


Елордада жақында басы жастардан құрылған «Digital Network» сандық технология­лар мен криптоиндустрия қауымдас­тығы құрылды. Қауымдастық жетекші ұйымдарды біріктіре отырып, адамдардың күнделікті өмірінде сандық технологияларды енгізу арқылы оң нәтижеге жетуді көздейді. Құрылым басшылары жаңа жобаны Қазақстан экономикасының дамуына қосымша дем беретін, елімізде блокчейн технологиясы мен криптоиндустрияға жайлы орта жасап, оның қарқынды дамуына жағдай жасауға арналған деп таныстырады.

      P.S:    Халық болашақта криптовалютаның құны шарықтап өседі деген оймен оны сатып алып қалғысы келеді. Биткоин әлемдегі шектеулі ортада ғана болса, ертеңгі күні бүкіл әлем оны пайдалануға мәжбүр болатындай көрінеді. Өздерін инвестор деп атағандар салымшыларды көптеп тарту үшін осындай амал қолданатын секілді. Ал әр салымшы инвестициядан келетін пайданы еселейді. Мәселен, биткоиндарды неғұрлым көп адам сатып алса, оның құны соғұрлым арта түспек. Биткоиндарды сатып ала отырып, пайдаға кенелуіңіз мүмкін. Бірақ бұл қашанға дейін жалғасатынын ешкім білмейді.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button