Басты ақпаратҚоғам

Криптовалюта кіріс көзі ме?

Бюджет тапшылығы кім-кімнің де басын қатырады. Жалғыз бізде емес, әлемде солай. Екіншіден, қазір ақша айналымының, дұрысы, валюталық алыс-берістің түрі көп. Қағаз ақша, онлайн-аударым, тағысын тағы. Соның бірі – криптовалюта. Бір қызығы, қаржы әлемінде сәнге айналған валютаның бұл нұсқасының ерекшелігі – қандай да бір орталық банкке бағынбайды. Кез келген мемлекеттің айналысында жүре береді, яғни шекара жоқ.

Қаржыны тек біліммен игеру қажет

Біз тілдескен Темірлан Нұрахимов «Астана» халықаралық қаржы орталығынан арнайы лицензия алып, бұл салада жұмыс бастағанына 2 жылға жуықтады. Алғаш 2023 жылдың ақпанында Tarlan Development Group Ltd компаниясын құрған ол криптовалюта бойынша оқыту, ағартушылық бағытта жұмысын бастады. Ал былтыр жыл соңына қарай Wise Invest Consulting Ltd компаниясын жасақтап, цифрлық активтерге дұрыс инвестициялау жолдарын көрсете бастады. Жалпы мұндағы мақсат – криптовалюта нарығын бәріне қолжетімді ету.

Темірлан адамдардың криптовалютаға деген қызығушылығы артқанмен, көпшілігінің бұл салада білімі жоғын айтып отыр. Сондықтан олар алаяқтық схемасының құрбаны болуда.

– Жұрт бұл саланы табысқа оңай жетудің жолы деп есептейді. Әу баста өзім де солай ойлағанмын. Алаяқтарға алданып, аузымыз әбден күйген уақыттар болған. Артынша оқып, қаржылық білім алдық. Компания құрудағы мақсатым сол, ел-жұрттың өзімдей алданғанын қаламадым. Қазір біз секілді компания көп. Әлеуметтік желіде криптовалютадан тез табыс табуды үйретеміз деп жатады. Бірақ адамдарға кредит алдырып, қарызға батырып ақша алдырады. «Сол ақшаны осында сал, бірнеше айда пәленбай мың доллар табасың» деген тәтті сөзбен алдайды. Бірақ аз уақыттан соң ақша да жоқ, доллар болып келеді деген табыс та жоқ.

Есесіне әлгі сенген адамда пәлен мың немесе пәлен миллион теңге қарыз қалады. Біздің компания құрудағы мақсатымыз – осы. Криптовалютаға ынталы топты жинап, оларға барлық ерекшелігін түсіндіреміз. Арнайы сабақ өткізіп, дайындаймыз. Екіншіден, біздегі академия дәрісі біткен соң психологияны меңгеруі керек. Өйткені бұл – трейдинг, тәуекелі жағынан сан түрлі. Биржада соған дайын болу керек. Үшіншіден, адамдарды үйретіп қана қоймай, ең мықтыларын өз командамызға аламыз, – дейді компания басшысы.

Табысқа жетудегі түрлі қадам

Темірланның сөзіне сенсек, жалпы криптовалюта нарығына белгілі бір капиталмен кіріп, қысқа мерзімде 2-3 есе пайда көруге болады. Мысалы, дәл осы Темірлан басқаратын компания­да Бақытжан есімді қызметкер криптовалютадан тапқан табыстың арқасында тойын да істеп, пәтер алған. Бүгінде Tarlan Development Group Ltd цифрлық активтер академия­сын ашу арқылы азаматтарға криптонарықтың қыр-сырын ұғындыруда.

– Академияға белгілі бір білім алған, өмірге көзқарасы қалыптасқан жастардан бастап 55-60 жас аралығына дейінгі азаматтар қабылданады. Алғашқы салымды 10 доллармен бастауға болады. Бәріне ортақ тәртіп бойынша соңғы ақшаны бұл жерге әкелуге болмайды. Өйткені адамда «бұл менің соңғы ақшам, тезірек табыс табуым керек» деген психология пайда болады. Бұл адамды табысқа емес, құлдырауға жетелейді, – дейді Темірлан.

Tarlan Trading Academy оқу бөлімінің жетекшісі Бағдат ­Мараловтың айтуынша, ірікте­ліп шыққан үздіктер мобильді қосымшаны жүктеп алып, сонда тест тапсырады, видеосабақтарға қатысады.
– Сабақты онлайн және офлайн нұсқада алуға мүмкіндік бар. Оқу үдерісі – 3 ай. Алғашқы 3 аптада базалық оқыту жүргізіледі. Оның аясында техникалық және фундаменталды талдау негіздері үйретіледі. Одан кейінгі 2 апта үзілістен соң әрі қарай 7-8 апта кәсіби сабақ жалғасады.

Жалпы бізден білім алып шыққан студент ай сайын 10-12 пайыз табысқа жетіп отырады. Оны Instagram-дағы парақшамызда үнемі көрсетеміз. Бізге олардың қанша ақша салып жатқаны туралы ақпарат керек емес. Ең бастысы, біз оларға дұрыс жол нұсқадық, табыс пен тәуекел аражігін ажыраттық, әрі қарай шешімді өздері қабылдайды. Тек кей жағдайда «бүгін мына монета өсуі мүмкін, оған ин­вестициялап көрейік» деп кеңес береміз, – дейді.

Жоғарыда айтқандай, компанияның тағы бір мақсаты – криптоинвестициялық қор құру. Яғни бұл – биткойн, басқа да койндарды сатып алып, соларға инвестиция жасап, айналымға енгізу.

Біраз уақыттан кейін сол монеталар өсу пайызын көрсете бастайды. Мысалы, түрлі болжаммен алдағы бірнеше айдың ішінде биткойн бағасы 2-3 есе өсуі мүмкін. Бұл – 1 млн доллар инвестиция құйылса, ол 18 айдың ішінде 3-4 млн доллар болып қайтады деген сөз. Темірлан Нұрахимовтың айтуынша, Tarlan Development Group Ltd цифрлық активтер бағытын қосу арқылы Қазақстанның инвестициялық арсеналын әртараптандырудың жаңа құралдарын жасауға ұмтылады. Бүгінде компаниядағы сарапшылар инвесторларға қызықты портфель қалыптас­тырып үлгерген. Бұл нарық блокчейн-технология өнімі және IT-мен тығыз байланысты.

Биткойн жайлы не білеміз?

Алдымен биткойн деген не, оған анықтаманы кейіпкеріміздің өз аузымен беріп өтсек.

– Бұл – сатып алуға, сақтауға және инвестиция ретінде қолданылатын цифрлық ақша. Теңге не доллар сияқты, бірақ қағаз түрінде емес, онлайн жұмыс істейді. 2009 жылы іске қосылған биткойн желісі банкке тәуелді емес, тіптен қожайыны да белгісіз. Тікелей аударым жасауға әбден болады. Сондай-ақ мұнда ешкімнің жеке дерегі көрсетілмейді. Жалпы биткойнды қалай өндіреді деген сұраққа келсек, ол үшін майнинг фермалар блоктар жасап, сол биткойндарды іздеп жатыр. Майнерлер алгоритмдік тапсырманы шешу арқылы биткойндарды іздеп жарысады. Ең басты әрі мықты криптовалюта биткойн екені белгілі. Әрине, оның құлдырайтын кезі болады, бірақ құны әрдайым өсуде. Былтыр жыл басында құны 44 мың доллар болса, наурыз айында 73 мың доллар көлемінде саудаланған. Қазір 97 мың доллар маңайында тұр, – дейді Темірлан.

Компания сарапшыларының айтуынша, биыл биткойн бағасы 120-150 мың долларға жетуі мүмкін. Оған себеп – АҚШ президенті Д.Трамптың қолдауы және америкалық институционал­ды инвесторлардың қаражат салуы. Айтпақшы, биткойнның аударымға қатысты жеңілдігі бар.

Мысалы, шетелде тұратын досыңа 10 мың доллар жіберу керек болса, оны криптовалюта көмегімен 5 минуттың ішінде аударуға болады. Ұстайтын комиссиясы – 1 доллардан асар-аспас. Ал дәстүрлі бағытпен жіберсек, 10 мың доллардың 5-6 пайызы комиссияға кетеді, одан бөлек, ақша SWIFT аударым арқылы 10 жұмыс күні ішінде жетеді екен.

«Сальвадор, Ұлыбритания, АҚШ, ЕО, Канада, Жапония, Аустралия қазірдің өзінде биткойнды төлем қаражаты ретінде пайдаланады. Әрі оларды инвестиция ретінде сақтау үшін жинайды. Яғни биткойн құны 100 мың доллардан өсіп кеткен жағдайда ел бюджеті автоматты түрде ұлғая бермек» дейді бас директор.

Қаржылық сауат керек

Бүгінде компания еліміздің нарығында өз ісін жүргізуге лицензия алған Ataix Eurasia крипто-биржасымен бірге тығыз жұмыс істеуде.

– Елімізде, бұдан бөлек, биржалар жұмыс істейді. Олардың өзіне тән артықшылығы мен кемшілігі бар. Кей биржаларда ақша айналымы аз болады, кейбірі сауда операциялары үшін пайыз ұстайды. Сондықтан нарыққа қадам баспас бұрын қаржы сауатын меңгерген дұрыс. Ең басты нәрсе, Мемлекет басшысы Үкімет алдына инвестициялық климатты арттыру және елге тікелей инвестиция тарту бойынша жаңа тетіктерді құру туралы міндет қойды. Осы ретте криптонарықтың жалпы капиталдануының көлемі 2,8 трлн доллар екеніне назар аудару керек. Бұл цифр геометриялық прогрессиямен өсуде. Әлемдегі жедел дамып келе жатқан осындай нарық мүмкіндігін қолдан шығарып алмауымыз керек, – дейді компания басшысы Темірлан Нұрахимов.

Ержан ҚОЖАС

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button