ЖаңалықтарЭкономика

Кристин ЛАГАРД: Реформа жасау оңай емес

Халықаралық валюта қорының Өңірлік конференциясына қатысу үшін аталмыш қаржы құрылымының басқарушы  директоры Крис­тин Лагард Астанаға келді.  

Астана экономикалық форумы аясында ұйымдастырылған конференция соңында ХВҚ басшысы отандық экономиканы тұрақтандыратын дағдарысқа қарсы шаралар жайлы айтты.
– Қазақстан экономикасының биылғы өсімі небәрі 1 пайызды құрады, ал соңғы 15 жылда орташа көрсеткіш 7,5 пайыз болған еді. Алайда алдағы жылы оң серпін беруі мүмкін, – дей келе ол ел билігінің теңгені еркін айналымға жіберуін дұрыс қадам деп бағалады.
Бұдан соң Кристин Лагард салық, бюджет саясаты, бюджеттен тыс қорлардың қызметі елеулі реформаға зәру екеніне тоқталды. Қор басшысының пікірінше, егер мұнай бағасы осы деңгейде тұра берсе, онда үкіметтің бюджет қаржысын қайта бөлуіне тура келеді.
– Қазақстан диверсификация жолдарын іздестіруі керек. Соның арқасында экономика әлдеқайда бәсекеге қабілетті, өңірлік және жаһандық деңгейде біріктірілген қалыпқа көшеді. Көп мемлекет Қазақстанды Еуропа мен Азия арасындағы «көпір» деп таниды. Осы қызығушылық арқылы сіздер үшін орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Сол ресурстарды елдегі экономикалық өсім мен жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсау керек, – деді ол.
Сондай-ақ, қаржы құрылымының басшысы реформалардың жүзеге асу барысына тоқталып:
– Реформаларды жасау оңай емес. Бастысы, кез келген жағдайда мәселенің мәнісін, реформаның мақсатын барлық тарапқа түсіндіру қажет. Бұл орайда мен қазақстандық билік халықпен арадағы диалогтың мейлінше терең өрбуіне мүдделі екенін байқадым, – деді.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button