Мәдениет

Күй анасына арналды

1955 жылдың 31 қаңтарында 94 жасқа қараған шағында күй анасы Дина Нұрпейісова фәниден бақиға көшті. Кеше тарихи тұлғаның өмірден өтуіне 70 жыл толуына орай Астанадағы ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында «Күй анасы – Дина» еске алу кеші өтті.

 

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Күй анасы» республикалық қоғамдық қоры ұйымдастырған алғашқы іс-шараға қоғам және өнер қайраткерлері, оқушылар қатысты. Гүл шоқтарын қою барысында күйші, композитор, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған Дина Нұрпейісованың қазақ музыкасының, күй өнерінің өрлеуіне қосқан үлкен үлесі туралы әңгімеледі.

«Күй – қазақтың жаны» деп айтып жатамыз. Сол жанды жандандырған – Дина әжеміз. Дина әжеміз – «Ғасыр адамы» деген атақты алған ерекше адам. 94 жасқа келіп, қолынан домбырасынан тастамай, ең соңғы демін алған кезде Құрманғазының «Қайран шешем» күйін тартып, дүниеден өтті. Бұл – өнерге бүкіл болмысымен, жан дүниесімен берілгендік. Смағұл Көшекбаев деген азамат Ахмет Жұбановтың жұмсауымен Астраханға барып, «Әже, Алматыға жүріңіз» дегенде, «шырағым, мен қартайдым ғой. Осындай кезде қозғап қайтесің» деп қиналған Дина сонда 76 жаста еді. Сонда көндіре алмаған Смағұл ең соңында «Құрманғазы – сіздің ұстазыңыз ғой. Алматыда «Құрманғазының күйін үйренеміз» деп жастар күтіп отыр дегенде, әжеміз келініне «жина чемоданды, барамын» деп айтқан екен. Алматыға келіп, үлкен сахнаға шыққанда да 76 жаста болды» деген Айтжан Тоқтаған көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Жұмекен Нәжімеденов пен ақын Серік Сейітманның күй туралы өлең жолдарын оқыды.

«Күй анасы» республикалық қоғамдық қоры ақсақалдар алқасының мүшесі, ардагер ұстаз Қажымұрат Нәсиев бата беріп, Дина Нұрпейісованың рухына құран бағышталды.
«Күй анасы – Дина» кешінде Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қазақ оркестрі (көркемдік жетекшісі, бас дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов, дирижері – Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов) Дина мен Құрманғазының «Әсемқоңыр», «Бұлбұл», «Науысқы», «Тойбастар», «Қайран шешем», «Сарыарқа», т. б. күйлерін орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Анар Мұздаханова Динаның «Байжұма», мәдениет саласының үздігі Әмина Бошымова күй анасының «Домалатпай», оркестрдің басқа да мүшелері күйлерді шертті. Концертте жалпы 15 шығарма орындалды.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button