Қала мен Сала

«Күйгенжар» газға қосылды

Бүгінде елордадан сыртқарырақ орналасқан тұрғын алаптарды дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Жалпы аумағы 154,71 шаршы метр жерді алып жатқан Алматы ауданы халқының саны бүгінде 322 мыңға жуықтады.

Қазіргі кездегі ең өзекті мәселелердің бірі – шеткі аймақтарды газдандыру. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Атап айтсақ, «Железнодорожный» тұрғын алабында барлығы 633 абонент бар, оның ішінде 278 үй газға қосылған және тұрғындар қосымша 445 өтінім берген. «Промышленный» тұрғын алабында 985 абонент болса, оның 361-і газға қосылған, ал 575 тұрғынның өтінімі қарастырылуда. Оңтүстік-шығыс шағын ауданының оң жағындағы абоненттердің жалпы саны – 1955, оның 808-і газ жүйесіне қосылған. Шағын ауданның сол жағында тұратын абоненттердің жалпы саны 1505 болса, оның 609-ы газға қосылған. Жалпы, шағын ауданның барлық тұрғындары газбен жабдықтауға рұқсат алды.

Бүгінгі күні «Интернацио­нальный» тұрғын алабында 1084 жеке үйге газ тартылып, 364 абонент көгілдір отынға қосылды, тұрғындардан 632-інен  өтінім түсіп, 419 адамға техникалық шарт берілді.

«Мичурин» елді мекенінде тұрғын үйлердің 100%-ы газбен қамтамасыз етілді, 91 абонент газға қосылды, тұрғындардан 122 өтінім түсіп, 90 техникалық шарт берілді. Күйгенжарлықтар да толықтай газдандырылды.

Жалпы, елорданы газдандыру қаладағы экологиялық жағдайды едәуір жақсартады, өйткені енді жеке сектор үйлерді көмірмен жылытуды тоқтатады. Бұл ретте қала билігі үйлерді газға қосуды жеңілдету үшін бірқатар шаралар қабылдады. Бірінші, газға қосылу үшін қажетті құжаттар тізімі қысқартылды, халықтың мұқтаж санаттарына бөлінетін сома екі есе ұлғайды, есептегіштер, яғни газды есепке алу құралдары тұрғындарға тегін таратылуда. Пайызсыз несиелеу бағдарламасы қолданылып жатыр. Сондай-ақ Алматы ауданының әкімдігі күн сайын тұрғындармен үйлерді газға қосу мүмкіндіктері туралы ақпараттық-үгіт жұмыстарын жүргізуді жалғастыруда.

Тұрғын аудандарда нөсерлі кәріз мәселесі де оң шешілуде. Күрделі құрылыс жүргізіліп жатқан Оңтүстік-шығыстағы сегіз көше бойынша жолдардың құрамында барлық инженерлік желілер: сумен жабдықтау, тұрмыстық, нөсерлі кәріз мәселесі қарастырылған.

«Железнодорожный» тұрғын алабында Екібастұз көшесі бойындағы жолдарды салу шеңберінде ұзындығы 930 м нөсерлі кәріз желілерін жайластыру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ 2022 жылы «Интернациональный» тұрғын алабында инженерлік желілерді, атап айтсақ, шаруашылық-тұрмыстық кәріздерді, нөсер-су құбырын төсеумен Армандастар көшесінің (720 м) күрделі құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілді. 135-көшеде кәріз сорғы станцияларын монтаждау жұмыстары аяқталды. Көкжиде тұйық көшесінде (420 м) асфальттың төменгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілер тартылды. Мереке көшесі мен Ұлан тұйығында инженерлік желілерді жабдықтау жұмыстары ішінара басталды. Бірақ жаяу жүргіншілер жолын салу, көгалдандыру мен жарықтандыру және асфальт төсеу жұмыстары 2023 жылға жоспарланып отыр.

Егінді тұйық көшесінде жолды жөндеу және нөсер кәрізінің құбырлары мен жаңбыр қабылдайтын құдықтары, шаруашылық-тұрмыстық кәріз желілері мен кәріз сорғы станцияларын жайластыру жүргізілуде. Желілерді толыққанды іске қосу үшін 135-көше мен өзен аллеясындағы төсемді аяқтау қажет. Бұл жұмыстарды қараша айының соңына дейін бітіру жоспарланып отыр.

«Күйгенжар», «Интернациональный» және «Мичурин» елді мекені тұрғындарын толғандыратын мәселе көп. Әсіресе, бұл жерлерде электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау желілері сонау 1960 жылдары салынғандықтан, әбден тозған.

«Интернациональный» тұрғын алабында 2021 жылы сегіз көше бойынша, нақтырақ айтсақ, Жағажай, Көксай, Мереке, Армандастар, Аралқұм, Алтындала, Нұрлыжол, Құрылысшылар көшесінде 9 шақырым сым ауыс­тырылып, 2 апаттық қосқыш орнатылды. «Мичурин» тұрғын алабында 26 толық трансформаторлық қосалқы станция (ТҚС), 13,2 шақырым кабель орналасқан. Биыл ұзындығы 1,57 шақырым жалаңаш сымды ауыстыра отырып, үш ТҚС-ге күрделі жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүргізілді, сондай-ақ бес ТҚС және бір қосқыш монтаждалды. «Күйгенжар»-да инвестициялық бағдарлама бойынша 2023 жылға толық трансформаторлық қосалқы станция мен жалаңаш сымды өзін-өзі қамтамасыз ететін оқшауланған сымға ауыстыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Аудан аумағында орналасқан тұрғын алаптардағы жолдардың жағдайына тоқталар болсақ, бұл ретте, әрине, елордалық көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып келеді. 2021 жылы әл-Фараби даңғылының жүріс бөлігін кеңейту шеңберінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қошқарбаев даңғылы мен әл-Фараби даңғылының қиылысында орналасқан жол айрығынан Иманақ көшесіне дейінгі учаскеде жалпы ұзындығы 781 м теміржол жолдарын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Яғни, екі жолақты ені 7 м жолымыз ені 14 м төрт жолақты жолға айналды.

Сондай-ақ биыл 399 қолданыстағы ЖКУ шамдарын жарықдиодты шамдарға ауыстыру бойынша жұмыс жүргізілді. 40 «Сергек» камерасын орнату қажет. Бұл мәселе Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасымен бірлесіп пысықталуда. Қазір Оңтүстік-шығыс шағын ауданында 22 көшені жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудан аумағындағы Балқантау, Қордай көшелерінде, Қошқарбаев даңғылындағы көпірде, Сартау тұйығында жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудан аумағын абаттандыру – жол құрылысының ажырамас бөлігі. Жолдар мен тротуарларды асфальттау, жолдарды жөндеу, нөсер кәрізін орнату, балалар мен спорт алаңдарын салу және т.б. жұмыстар жыл бойы жалғаса береді. Сонымен бірге экологияны жақсарту және қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орындарын құру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмыстары да жалғасуда.

Соңғы кезде қалада жаңа жасыл аймақтар мен адамдар көп жиналатын демалыс орындары, нақтырақ айтсақ, қоғамдық кеңістіктер көптеп пайда болды. Жазғы кезеңде 1000-нан астам ағаш, айтап айтсақ, терек, үйеңкі, алма, қарағаш отырғызылды. Мәселен, биыл «Интернациональный» тұрғын алабында – 400, «Мичурин» елді мекенінде – 380 және «Күйгенжарда» 220 көшет егілді.

Тұрғын алаптардың санитарлық жағдайына да назар аударылып келеді. Күзгі экологиялық айлық барысында «Отау» шағын ауданында 300 ағаш, ал «Железнодорожный» тұрғын алабында 200 ағаш отырғызылды.

Ағымдағы жылы Оңтүстік-шығыс шағын ауданында үш қоғамдық кеңістік абаттандырылды. «Халық қатысатын бюджет» жобасы нәтижесінде Қобыланды батыр көшесінде шағын сәулет нысандары, балалар ойын және спорт алаңдары, сондай-ақ демалыс аймақтары орнатылып, сквер орнатылды.

Осы жылы «Интернациональный» тұрғын алабында аталмыш жоба аясында Сүткент, 30, 30/1 көшелеріндегі екі аула абаттандырылды, жаяу жүргіншілер жолы ауыстырылып, 80-нен астам ағаш пен көгал отырғызылды, балалар шағын архитектуралық формалары, футбол алаңы орнатылды.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button