Күмбірлеген күй кеші

Астанада Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттiк драма және комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық концерті өтті.
Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абзал Құспан, Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, ақын Бауыржан Халиолла және астаналық өнерсүйер қауым қатысты.
Өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен, кеш иесінің есімі Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне Нұрғиса деп қойылған екен. Сондықтан да болар күйші алдымен «Әлқисса» күйінен бастады.
Кеш барысында Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол», «Көкала ат», «Байжұма», «Төремұрат», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Тұяқберді Шәмеловтің «Қали-Мәмен – күмбір күй» шығармаларын нақышына келтіре орындады. Кештің ерекшелігі – өнерпаз әр шығарманың тарихына тоқталып, көрерменге жеткізіп отырды.
– Бүгінгі кездесу өзім үшін халыққа есеп беру деп ойлаймын. Оның себебі жастайымнан ата-анамның маған артқан үміті, ұстаздарымның сенімі болатын. Мен үшін елдің алдында есеп беру – сахнаның, күйдің, өнердің қияметін сезіну, келешектегі шығармашылық жұмысыма жүктейтін жауапкершілік деп білемін. Қазақтың күйлері мың жасасын, – деді күйші Нұрғиса Дәуешов.
Бұдан бөлек, кеште «Қорқыт» этно ансамблі, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры өнер көрсетті. Сондай-ақ Қырғызстаннан арнайы келген қырғыз мәдениет саласының үздігі Гүлшат Таалайбекова қомызымен күйден шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Ал Астана қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Қ.Сариннің «Күй өлең» шығармасын орындаса, кеш авторының ұл-қыздары Дина Дәуешова мен Кемел Дәуешов те өнерлерін ортаға салды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ