Имантаразы

Күні бойы ұйықтаса ораза есептеле ме?

Рамазан айында көпшіліктің тарапынан оразаға қатысты алуан түрлі сұрақ туындайтыны белгілі. Сол себептен газетіміздің №37 (30 наурыз, 2023 жыл) санында «Ораза: сұрақтар мен жауаптар» деген айдармен өзекті сұрақтар мен олардың жауаптарын жариялауды бастаған едік. Бүгін осы айдардың аясында оразада күні бойы ұйықтау, оразаның қазасын өтеу, фидия төлеу, әйелдерге тән жағдайларға қатысты сұрақ-жауаптар топтамасын ұсынып отырмыз.

Сұрақ: Оразада күннің басым бөлігін ұйқымен өткізсе, ораза есептеле ме?

Жауап: Рамазанда күннің басым бөлігін ұйқымен өткізсе, ораза есептеледі. Алайда қажетсіз осылай жасаса, сауап азаяды. Себебі артық ұйқының себебінен көптеген ізгі амалдарды жасау мүмкіндігінен айырылады.

Сұрақ: Оразаның қазасын өтегенде арасын үзбей ұстау керек пе?

Жауап: Арасын үзбей ұстау шарт емес. Бөліп тұтамын десе де өз еркі. Сондай-ақ үзбей ұстауына да болады.

Сұрақ: Кәффарат оразасын үзбей қатарынан ұстау шарт па?

Жауап: Кәффарат оразасы – 60 күн. Яғни, арасын үзбей қатарынан екі ай тұту – міндет.

Сұрақ: Фидия төлеуге кімдер міндеттеледі?

Жауап: Рамазан айында ораза ұстауға қауқары келмейтін қарт немесе созылмалы ауруы бар нау­қас бір міскіннің қарнын әр күн сайын екі мезгіл тойдыруы арқылы фидия төлемін өтейді. Ауруынан айығатын науқастың фидия төлеуіне болмайды. Мұндай науқас дертінен айыққан соң оразасының қазасын өтеуі тиіс. Бұл үкім денсау­лығының түзелуінен үміті жоқ кісілер мен қарттығынан ораза ұстай алмайтындарға ғана жүреді.

Сұрақ: Қан алдыру немесе хижама жасату оразаны бұза ма?

Жауап: Хижама дегеніміз – емдік мақсатпен дененің ауырған орнынан қан алдыру. Ораза кезінде түрлі себептермен денеден қан алдыру немесе емдік мақсатта хижама жасату оразаны бұзбайды. Дегенмен, қан алдыру иммунитеттің әлсіреуіне, соның нәтижесінде оразаны бұзуға мәжбүр ететіндей болса, ораза кезінде қан алдыруға тыйым салынады.

Сұрақ: Рамазан айында әйелдерге боянуға, түрлі жақпаларды немесе лактарды қолдануға бола ма?

Жауап: Оразаны сырттан ішке кірген нәрсе бұзады. Сондықтан қолға, бетке жағылған түрлі жақпаларды, лак т.б. қолдану оразаға кедергі келтірмейді. Алайда аталған майлар, лактар су өткізбейтін болғандықтан, құлшылық үшін алынатын дәреттен бұрын сүрту не кетіру қажет.

Сұрақ: Етеккір мен нифас кезінде әйелдің оразасы қалай болады?

Жауап: Рамазанда әйел адамның етеккірі келсе немесе жүкті әйел босанса, оразасы бұзылады. Етеккір күндері мен нифас кезінде ораза ұстауына болмайды. Бірақ кейін ұстай алмаған күндерінің қазасын өтейді.

Сұрақ: Ораза кезінде етеккірі келіп қалған жағдайда не істеу керек?

Жауап: Етеккірі келген сәттен бастап ораза ұстауын тоқтатады. Дегенмен ел-жұртқа көрсетіп ішіп-жемегені абзал. Етеккір мерзімі аяқталған соң әйел адамдар қаза болған күндерін өтейді.

Сұрақ: Ауыз бекіткен адамға балаға ас шайнап беруге бола ма?

Жауап: Шарасыз жағдайда балаға ас шайнап беруге болады. Тек жұтып қоймау­ға сақ болу керек. Зәрулік болмаса тыйым салынады.

Сұрақ: Ораза ұстау үшін әйел күйеуінен рұқсат сұрауы керек пе?

Жауап: Рамазан оразасын ұстау үшін рұқсат сұрауы қажет емес. Өйткені Рамазан оразасы – Алланың әмірі, парыз. Алайда күйе­уі­нің рұқсатынсыз нәпіл ораза ұстауына тыйым салынады. Алланың Елшісі былай дейді: «Күйеуі жанында бола тұрып, рұқсатынсыз ораза ұстаған әйелдің оразасы дұрыс емес». Мұндай жағдайда әйелінің нәпіл оразасын бұздыруға күйеуі құқылы. Кейін күйеуі рұқсат еткенде немесе күйеуі жоқ кезде бұзған оразасының қазасын өтейді.

Сұрақ: Гинекологқа қаралса әйелдің оразасы бұзыла ма?

Жауап: Гинекологқа ауыз ашқаннан кейін тексерілген абзал. Ханафи мазһабында ораза кезінде қаралған жағдайда сұйықтық жағылған зат әйелдің әуретіне салынса, оразасы бұзылады. Сонымен бірге, қандай да бір зат ішкі әурет­ке түгелдей салынса, ораза бұзылады. Мысалы, ішкі әуретке «Тампон» тұтас енсе, яғни, оның бір бөлігі сыртқы жақта қалмаса ораза бұзылады. Бірақ түгелдей салынбаса және құрғақ болса, онда ораза бұзылмайды.

(жалғасы бар)

 «Оразаға қатыс­ты 200 сұрақ» атты кітапшадан дайындаған

Төлен ТІЛЕУБАЙ

 

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button