Елорда тынысы

Күрделі де қауіпті ота жасалды

Ұлттық нейрохирургия орталығында МӘМС қаражаты есебінен өте үлкен ісікті алып тастау бойынша 6 сағаттық күрделі және өмірге қауіпті ота жасалды, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz

Аягөз қаласының Әлібек есімді тұрғыны басының және мойын омыртқасының қатты ауыратындығынан, әлсіздік пен аяқ-қолдарының ұйып қалуынан ұзақ уақыт бойы қиналып келді. Аурулары барған сайын күшейіп, консервативтік емдеуден денсаулығы түзелмеді. Биылғы жылдың маусым айында оған МРТ-зерттеу жүргізіліп, миынан көлемі 6х3,5 см болатын өте үлкен ісікті анықтады. Ісік ми бағаны мен мидың төртінші қарыншасына өсіп, екінші мойын омыртқаға дейін жайылған. Ол осы зерттеу нәтижелерімен Ұлттық нейрохирургия орталығына жүгініп, оған Орталықта шұғыл емдеуден өтуге кеңес берілді.

Пациент емдеуге жатқызылған кезде толығымен дерлік қимыл-қозғалыссыз, жұтынуы қиын және тыныс алуында іркілу жағдайлары болды. Оған себеп ісіктің орналасқан жері – ол тыныс алу, жүректің жұмысы, қан тамырлары, сондай-ақ қол- аяқтардың қозғалыстары мен сезімталдығын басқаратын орталықтар тоғысқан бас және арқа жұлындарының түйіскен жерінде орналасқан болатын. Мұндай ісіктерді алу өмірге қауіпті болып келетіндіктен, барлық тәуекелдерге қарамастан Жұлын нейрохирургиясы және шеткі жүйке жүйесінің патологиясы бөлімшесінің дәрігерлері 6 сағаттық отаны сәтті өткізді.

Бөлімше меңгерушісі, профессор Талғат Керімбаевтың айтуынша, мұндай оталар шетелдік клиникалардың барлығында жасала бермейді. Бұл саладағы хирургия нейрохирургиядағы ең күрделісі және мамандардан зор проактикалық тәжірибе мен жоғары технологиялық қондырғылардың болуын талап етеді. Сонымен бірге аталған патологияны хирургиялық емдеу әдістерінің жетілдіріліп жатқанына қарамастан, пациенттің отадан кейін қайтыс болуы және денесі толықтай жансызданып қалудың жоғары қаупі сақталады. Көбінесе пациенттер тыныс алу проблемалары мен жүрек-қан тамырлары қызметінің бұзылуына байланысты ұзақ уақыт өкпені желдету (ӨЖЖ) аппаратында болады.

«Операцияның күрделілігі ми бағаны немесе тіршілік орталығы, аяқ-қолдардағы қозғалыстарға жауапты пирамидалық тракттар мен негізгі тамырлардың қиылысы секілді маңызды анатомиялық құрылымдардың орналасуында болды. Бұл саладағы сәл ғана шамадан тыс манипуляциялар өзгермейтін салдар әкелуі мүмкін еді. Алайда бәрі ойдағыдай өтті, барлық анатомиялық құрылымдар сақтала отырып, ісік қапшығымен бірге толығымен жойылды. Пациенттің қол-аяқтарында қозғалыс, сезімталдық қалпына келіп, өздігінен жұтына бастады, тыныс алу проблемалары жоғалды. 3-ші тәулікте ол  өздігінен жүре бастады. 9-шы тәулікте шығуға дайындалуда, ол амбулаториялық деңгейде дәрігерлердің бақылауында болады», – деп түсіндірді ота жасаушы хирург.

Пациенттің өзі қауіп барын білгенін, тіпті ауыр салдарға да дайын болғанын, ең бастысы ісікті алып, хирургтердің ұсынған мүмкіндігін пайдалану қажет болғанын айтады.

«Дәрігер отаның алдында ықтимал күрделі операциялық тәуекел барын түсіндірді, дегенмен бәріне де дайын болдым. Қолдарымның әлсізденіп қалғаны соншалық, тіпті бір литрлік бөтелкені ұстай алмай қалдым. Өз бетімше жүріп-тұра алмадым. Қазір дәрігерлер мені қалыпты өмірге қайта әкелді деп сеніммен айта аламын. Отаға дейін тәбетім болған жоқ, тіпті жұтып, дұрыс тамақтана да алмадым. Қазір енді түрлі тамақтарды сүйсініп жей аламын, тәбетім де пайда болды. Денсаулығым жақсарып келеді, сол үшін жұлын нейрохирургиясы бөлімшесінің дәрігерлеріне шексіз алғым білдіремін» – деді ол.

Айта кетейік, сәтті өткен пациенттен ісікті алып тастау отасы МӘМС шеңберінде квота бойынша қазіргі заманғы микрохирургиялық технологияларды, интраоперациялық микроскопты және нейромониторингті қолдана отырып өткізілді. Бұл адам өмірінің маңызды жүйке жолдары мен орталықтарының жағдайын үздіксіз бағалауға мүмкіндік береді және зақымдану қаупін азайтады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button