Басты ақпаратРуханият

Күрделі кезеңде тізгін ұстаған

Көрнекті мемлекет қайраткері Ж.Шаяхметовтің туғанына биыл 120 жыл толды

Жұмабай Шаяхметов Кеңес заманы, Сталин дәуірінің қайраткері болып есептелді. Оның партия және мемлекет қайраткері ретінде қалыптасуы 1930-1950 ж.ж. орын алды. Соғыс кезінде Шаяхметов Қазақстан бойынша Мемлекеттік қорғаныс комитетін басқарды. Сонымен, Қазақстанда майдан үшін құйылған әйгілі «10 оқтың 9-ы» артында бүкіл Қазақстан халқы және Шаяхметов тұрды.

Ол Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы (1946-1954 жж.), КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы (1950-1954 жж.), КОКП Орталық Комитетінің мүшесі (1952-1956 жж.), КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-4 шақырылымдарының және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 2-4 шақырылымдарының депутаты, БК(б)П XVIII партконференция­сының делегаты (1941 ж.), БК(б)П XIX съезінің делегаты (1952 ж.), КОКП XX съезінің делегаты (1956 ж.) болды.

Жұмабай Шаяхметов бүкіл экономика мен мәдениет, ғылым мен білім саласының бірталай талантты басшыларын лайықты тәрбиелеп, қызмет бабында көтеріп, олардың халық пен мемлекет алдындағы борышы мен жауапкершілігін арттыруға қажетті талап қоя білді. Алайда ұзақ уақыт бойы Ж.Шаяхметов туралы ешқандай ақпарат берілмеді, оның есімін билік басындағылар ешқайда айтпауға тырысып бақты, бұл оның өмір жолындағы кейбір оқиғаларға байланысты болған еді. Дегенмен, еліміздің тәуелсіз мемлекет болып қалыптасуына орай, ұлттық тарихымызға деген бетбұрыс, Жұмабай Шаяхметовке, мемлекет қайраткері, кеңестік Қазақстанның көрнекті басшыларының бірі ретінде қызығушылық орын алды.

Жұмабай Шаяхметов – отан тарихында лайықты орны бар, өткен ғасырда кеңестік Қазақстанның экономикасы мен әлеуметтік-мәдени дамуына елеулі үлес қосқан белгілі мемлекет қайраткері. Оның ұзақ жылдар бойы республикамыздың ең жоғарғы басқару жүйесінде еңбек етіп, сегіз жыл Қазақстанның бірінші басшысы қызметін атқарғаны жұртшылыққа мәлім.

Бүгінгі таңда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру барысында  елімізде жаңа мұрағаттық деректердің ашылып, ғылыми айналымға енгізілуі кеңестік Қазақстанның бұрынғы басшылары туралы көбірек мәлімет алуға мүмкіндік беруде.

Жұмабай Шаяхметов 1940-1950 жылдары Қазақстанның партия­лық-әкімшілік аппаратының құрылуына ықпал етті. Ол саяси-әкімшілік құрылымдардың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан жарқын және ерекше басшылар тобын өсірді. Шаяхметов ұлттық басқарушы кадрлардың қалыптасуына зор көңіл бөлді

2022 жылғы 30 қыркүйекте ҚР Ғылым және жоғары білім Министрлігінің гранты бойынша «Көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметінен белгісіз беттер» деген жобаны іске асыру аясында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының  ұйымдастыруымен «Жұмабай Шаяхметов және Қазақстанның 1940-1960 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның жұмысы Жұмабай Шаяхметовтің Қазақстан тарихы кеңестік дәуірінің белгілі тұлғасы және мемлекет қайраткері ретіндегі  өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдерін талқылауға арналды. Қатысушылар атап көрсеткендей, ­Ж.Шаяхметовтің өмірінің көп бөлігі И.В.Сталин мен ­Н.С.Хрущевтің әміршіл-әкімшілдік жүйесінің қалыптасуы мен орнығынуына байланысты аса күрделі және қайшылықты кезеңіне тұспа-тұс келді.

Конференцияға қатысушылардың пайымдауынша, мемлекет пен ұлт құрылысының жаңа кезеңі жағдайында саяси-әкімшілік басқарудың сынақтан өткен үлгілері мен тұла бойында өз Отанының шынайы патриоты, мықты ұйымдастырушы және басқарушы қасиеттері жинақталған мемлекетшіл-әкімші тұлға болуға лайықты басшылар сұранысқа ие болуда, олар елімізді жаңғырту жобаларын алға тартуға және республикамызды саяси-экономикалық дағдарыстан шығаруға мүдделі болуға тиіс.

Қазақстанның тарих ғылымы қатаң сыртқы қысым жағдайында баяндаудың форматтарын, баяндаудың нарративін және кеңес кезеңіндегі ел мен халық тарихындағы неғұрлым сындарлы кезеңдерді түсіндіру қағидаттарын тұжырымдауға арналған.

Тарих және тарихи жад жаңа геосаяси тәртіптің қалыптасуы жағдайында мемлекеттер мен халықаралық авторлардың мүдделерінің қақтығысу өрістерінің біріне айналды, олар оқиғаларды, тұлғалардың рөлдерін түсіндірудің полярлық нұсқаларын ұсынып қана қоймай, сол тұжырымдарын жүзеге асыруға тырысады. Сондықтан тарихшылардың алдында мемлекеттер шеңберінде азаматтық бейбітшілікке және халықаралық аренада өзара іс-қимыл жасауға ықпал ететін верификацияланатын тарихи білімді қалыптастыру міндеттері тұр.

2022 жылы Қазақстан жұртшылығы мен академия­лық қоғамдастық 1938-1954 жылдар аралығында Қазақ КСР-інің басшысы болған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үшінші, екінші және бірінші хатшысы қызметтерін атқарған, 1954-1955 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған көрнекті мемлекет қайраткері Жұмабай Шаяхметов­тің 120 жылдығын атап өтуде. Ұлы Отан соғысы жылдарында Ж.Шаяхметов жеңіс үшін адами және материалдық ресурстарды жұмылдыру бойынша Қазақ КСР басшылығының штабын басқарды, КСРО-ның батыс аумақтарынан эвакуацияланған өнеркәсіптік кәсіпорындар мен халықты қабылдауға жауап берді, Қазақстанның майдан арсеналына айналуына ықпал етті. Оның тікелей басшылығымен республика соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру және кейінгі жаңғырту, сондай-ақ қазіргі заманғы Қазақстанның индустриялық, аграрлық, ғылыми-техникалық және рухани әлеуеті сүйенетін іргетасын құру және нығайту сатыларына көтерілді.

Жұмабай Шаяхметов 1940-1950 жылдары Қазақстанның партиялық-әкімшілік аппаратының құрылуына ықпал етті. Ол саяси-әкімшілік құрылымдардың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің дамуына елеулі үлес қосқан жарқын және ерекше басшылар тобын өсірді. Шаяхметов ұлттық басқарушы кадрлардың қалыптасуына зор көңіл бөлді, ­Д.Қонаев, ­Ж.Тәшенев, ­Қ.Сәтбаев, ­И.Омаров, ­М.Сужиков, Е.Тайбеков, А.Қойшығұлов, Д.Керімбаев, М.Бутин, ­А.Дауылбаев, А.Сембаев, М.Салин, С.Жанбаев, Д.Жанғозин, Г.Қаржаубаев, Х.Арыстанбеков, М.Бейсенбаев, Р.Ильяшев және т.б. дарынды қайраткерлердің үлкен легін басшылық орындарға ұсынуға өз үлесін қосты.

Оның белсенді қатысуымен фабрикалар, зауыттар, қазақ театрлары, мектептер, техникумдар, институттар, Қазақ КСР Ғылым академиясы ашылды, қазақ студенттері үшін Кеңес Одағының жетекші жоғары оқу орындарына квоталар бөлінді. 1950-1954 жылдары Жұмабай Шаяхметов КСРО Жоғарғы Кеңесі Ұлттар кеңесінің төрағасы болып сайланады. 1946-1954 жылдары республика Жұмабай Шаяхметов тұсында, әсіресе әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, білім беруде, ғылым мен мәдениетте жоғары жетістіктерге жетті. Жүзеге асырылуы Қазақстанды КСРО шеңберінде саясаттың, экономиканың, мәдениет пен білім берудің барлық салаларында жетекші орынға шығарған жобаларға Шаяхметов жеке өзі бастамашылық жасады. 1940-50 жылдары Қазақстан аумағында Кеңес Одағының әскери-стратегиялық жобаларын іске асыруға байланысты республиканың рөлі едәуір өсті.

Осы жобаларды жүзеге асыру барысында Қазақ КСР басшылары барлық деңгейлерде шешімдер қабылдауға және оларды жүзеге асыруға қатысып қана қоймай, саяси-әкімшілік басқарудың құнды сабақтарын алып, қазақстандық басқарушылардың өзіндік мектебін қалыптастырды. Қазақ КСР-нің бірінші басшысы лауазымында Ж.Шаяхметов халықтың мүддесі мен мемлекеттің тұтастығына жауап беретін саясат жүргізді.

Сөйтіп, ғылыми конференцияға қатысушылар баяндамаларында Жұмабай Шаяхметовтің өмірі мен қызметінің басты аспектілеріне жан-жақты сипаттама берді. Сонымен бірге олар өз сөздерінде Қазақстан тарихының кеңестік дәуірін зерттеуде және әртүрлі ұлтқа жататын сол кезеңде басшы қызметтерде болған дарынды тұлғалардың, әртүрлі бағыттағы қоғамдық-саяси қайраткерлердің рөлін көрсетуде жаңа ғылыми тәсілдер мен теория­лық-әдістемелік негіздемелер әзірлеу қажеттігін атап көрсетті. Әкімшіл-әміршілдік жүйесінің қалыптасқан және орныққан кезеңіндегі тұлғалардың рөлін зерттеудің қазіргі қазақстандық қоғам мен ғылымға ерекше маңызы бар, өйткені бұл идеологиясыздандыру, тоталитарлық режимнің мұрасын бұзу және одан бас тарту, отаршылдықтан кейінгі кеңестік сипаттағы синдромды еңсеру, сондай-ақ кеңестік және кеңестен кейінгі қоғамдарды зерттеу процестеріне тығыз байланысты болып отыр.

Сол бас қосуда көтерілген пікірлердің маңыздылығын ескере отырып, кеңестік Қазақстандағы әміршіл-әкімшілдік жүйесінің қалыптасуы мен орнығу кезеңінің ерекшеліктеріне байланысты мәселелер кешенінің күрделілігін назарға ала келе, Жұмабай Шаяхметовтің Қазақстан тарихының  аса күрделі кезеңіндегі Қазақ КСР-інің басшысы болған ерекше тұлға ретіндегі орнының маңыздылығын көрсете отырып, сондай-ақ Қазақстан тарихының жалпы бейнесі мен Қазақстан халқының ұжымдық зердесін қалыптастыру үшін сталиндік және сталиндіктен кейінгі кезеңдер тарихының күңгірт беттерін толықтыру және түсіндіру қажеттігін алға тарта отырып, мынадай ұсыныстар жасағым келеді. Қазақ КСР-інің көрнекті басшысы Жұмабай Шаяхметовтің туғанына 120-жыл толғанын ескере отырып, кеңестік кезеңдегі басқару аппаратын қалыптастыру тарихы және Ж.Шаяхметовтің ұлттық кадрларды даярлаудағы рөлі бойынша республикалық деңгейде тиісті іс-шараларды жүзеге асыруды жалғастыру – деректі фильм­дер шығару, тақырыптық хабарлар ұйымдастыру, тарихшылармен сұхбаттар өткізу; Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына кеңестік дәуірді, әсіресе 1930-1960 жылдарын (Ж.Шаяхметов белсенді қызмет атқарған кезең) зерттеу бойынша дүниежүзілік жетекші орталықтармен бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді күшейту; Ғылыми қоғамдастыққа Ж.Шаяхметовтің кеңестік Қазақстан тарихындағы рөлі туралы отандық басылымдарда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жариялымдар әзірлеуді жалғастыру қажет деп ойлаймын.

Жұмабай Шаяхметовтің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы негізінде мәңгі есте қалдыруға арналған ұлы тарихи қайраткерлер тізіміне енгізілгенін ескере отырып, конференцияға қатысушылар тиісті мемлекеттік органдарға оның есімін республиканың жоғары оқу орындарының біріне (кезінде ашылуына өзі ықпал еткен, Қазақ мемлекеттік қыздар университетіне немесе басқасына), сондай-ақ Астана, Алматы, Шымкент және Петропавлдағы орталық көшелердің біріне беру туралы өтініш жасау қажеттігін айтты.

Талғатбек ӘМИНОВ, 

мемлекет тарихы институтының  жетекші ғылыми қызметкері,

 профессор

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button