ЖаңалықтарМәдениет

Күйші-ұстазды еске алды

«Астана Опера» театрында көрнекті күйші, дирижер, ұстаз, Қазақстанның халық әртісі Рысбай Ғабдиевтің туғанына 85 жыл толуына арналған «Қос ішектің қуаты» атты еске алу кеші өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен кеште Батыс Қазақстан күйшілік мектебі көрнекті өкілдерінің төкпе күйлері шалқыды.

[smartslider3 slider=253]

Бұл тектен-тек емес. Рысбай Ғабдиевтің кіндік қаны күй атасы – Құрманғазымен бір топыраққа тамған. Күй әліппесін ағасы Ғалымжаннан үйреніп, 15 жасында Алматыға барып, республикалық конкурсқа қатысады. Сол жерде өнерімен атақты Нұрғиса Тілендиев пен күй анасы – Дина Нұрпейісованың көзіне түседі.
Музыкалық білімді Алматы музыка училищесі мен Шымкент өнер институтынан алды. Өзі де ұзақ жыл ұстаздықпен айналысып, талай шәкірт тәрбиеледі. 1990 жылы Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық халық аспаптар оркестрінің тізгінін қолына алып, осы өнер ұжымын биікке көтерді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі-бас дирижері бола жүріп, ұлттық өнерді елімізде ғана емес, шетелде дәріптеді. Мәселен, 1994 жылы оркестр Түркияда өткен халықаралық фестивальдің бас жүлдесін иеленсе, 1998 жылы «Құрманғазы және Ұлы дала әуендері» фестивалінде топ жарды.
Рысбай Ғабдиев Құрманғазының, Динаның, Дәулеткерейдің, Сейтектің, Есбайдың, Қазанғаптың, Абылдың күйлерін талмай насихаттады. Ел арасында күй қағаны атанды. Өмірден өткен соң, оның есімі Атыраудағы өнер мектебі мен қала көшесіне берілді.
Еске алу кешінде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі мен оркестрдің домбырашылары аттары аталған ұлы күйшілердің күйлерін төкпелетті. Дирижерлік пультке өнер ұжымының көркемдік жетекшісі-бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымовтың өзі тұрды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, Еділ Басығара, Жұмабек Қадырқұлов, Батырлан Әбенов, Айтолқын Тоқтаған күйлерді шалқытты.
Рысбай Ғабдиевтің ұрпағына өнер әке қанымен дарыған екен. Ұлы Мұқадас баянмен Құрманғазының «Адай» күйін құйқылжытты. Кештің бір жаңалығы осы болды. Ал күйшінің немересі Артур Ғабдиев әншілік өнерді таңдады. Ол да осы кеште өнер көрсетті.
 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button