Мәдениет

Күйшіге құрмет көрсетті               

Қазақ ұлттық өнер университетінің Ж.Жабаев атындағы концерт залында осы оқу орнының профессоры, күйші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Орынбай Дүйсеннің 70 жас мерейтойына арналған «Ұлы көш» атты шығармашылық кеші өтті.

[smartslider3 slider=680]

Күйші-ұстазға Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Композиторлар одағы, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, Күйшілер одағы, «Күй анасы» қоғамдық қорының атынан құрмет көрсетіліп, сый-сыяпат жасалды. Кеш иесіне «Халық күйшісі» төсбелгісі тапсырылды.

Ресми бөлім концертке ұласты. Елорданың ­Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның Қазақ оркестрінің дирижері, Мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов – Орынбай Дүйсеннің төл шәкірті. Осы оркестр күйлерді шалқытып, әншілерді сүйемелдеді. Оркестрдің бас дирижері-көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов кешке арнайы қатысты.

Орынбай Кәріғұлұлының тағы бір шәкірті, аталмыш университет ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев, Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Дамир Сұлтанов, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Алмат Ізмамбетов, Естай Айтқұлов, Ерболат Сапуанов, Айбек Хайролла өнер көрсетті.

Орынбай Дүйсен – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерватория түлегі. Құбыш Мұхитовтың класын қызыл дипломмен бітіріп, оқытушылық қызметке қалдырылды. Студент кезінен Шамғон Қажығалиев жетекшілік еткен Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінде белгілі күйші Тұяқберді Шәмеловпен бірге өнер көрсетті. 1983 жылы тұңғыш республикалық Құрманғазы атындағы конкурстың лауреаты атанды. Күйшілік өнер туралы жазылған бірнеше оқулықтың авторы. Тмат Мерғалиев, Сәрсенбай Бүркіт сияқты зерттеушілермен бірлесіп жазған «Қазақ күйлерінің тарихы» атты толымды еңбегін өнерсүйер қауым жылы қабылдады. Орынбай Дүйсеннің өзі шығарған күйлері 1984 жылы жеке күйтабақ болып жарыққа шықты.

Күйші-ұстаз 1998 жылы Айман Мұсақожаеваның арнайы шақыруымен астанадағы музыка академиясына оқытушылық қызметке келді. «Ұлы көш» атты шығармасы да астананың Алатау баурайынан Арқа төсіне көшуі секілді тарихи оқиғаға арналған. Өзінің кешінде күйші-композитор шәкірттерімен бірге өнер көрсетті. «Шын шеберге оңы да, солы да – бір» демекші, Орынбай Дүйсен Батыс Қазақстанның төкпе күйлерін, Қаратау шертпелері мен Арқа күйлерін де меңгерген. Кеште ол төл туындыларымен қатар Құрманғазының, Динаның, Абылдың, Қазанғаптың, Тәттімбеттің, Сүгірдің күйлерін шертті.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button