Мәдениет

КҮЛӘШ ШЫҢЫ

Күннiң сәулесiне, су құйып, тамырын босатып тұратын бағбан-көңiлге гүл бiткен қаншалық мұқтаж болса, өнер адамы да көптiң ықыласы мен жылы қабағына солай кiрiптар. Өнер адамдарының – жаны нәзiк. Жүрегi – жалаңаш. Қаныпезерлiк пен қатыгездiктi көтере алмайды. Осыдан жүз жыл бұрын туған Күләш Байсейiтованың тағдыры туралы толғанып отырып осындай тұжырым жасауға болады…

1912 жылы Алматы қаласында дүниеге келген Күләш Байсейiтова – қазақ-тың ең алғашқы опера әншiсi. Алайда, қазiргi өнер иелерi секiлдi ол бала жасынан музыкалық мектепке барып, сауат ашпады. Тiптi, есейiп, сахнаға шығып, талай биiктердi бағындырғанда да музыкалық бiлiм орындарында оқымады. Өйткенi, оның маңдайына тыңнан жол салу мiндетi жазылған едi.
Күләш бар болғаны Алматы педагогикалық техникумын ғана бiтiрген (1928 жылы). Алайда, өзiнiң ерекше дауысы мен өнерiне қарай 1929 жылдан бастап Алматыдағы Қазақ драма театрына қабылданды.
Бұл уақытта қазақтың астанасы Қызылордадан Алматыға көшiп келiп жатқан.
«Күләш екеумiз театр табалдырығын бiрге аттадық. Әуелгi кезде, неге екенiн қайдам, ешбiр рөл бермедi бiзге. «Алып кел, шауып кел» деген тәрiздi кiрiп-шықпа көрiнiстерде, көпшiлiктiң арасында жүретiн едiк. Оған бола намыстанған жоқпыз, атақты ағайлардың санатында жүргенге мәзбiз», – деп еске алады театр табалдырығынан аттаған алғашқы жылдар туралы Күләшпен өнер әлемiне егiз қозыдай қатар келген бишi Шара Жиенқұлова. (Шара Жиенқұлова, «Өмiрiм менiң – өнерiм» 27-бет.)
Күләш пен Шара, бiр қызығы, алғаш рет сахнаға шыққанда да бiр рөлдi бөлiсiп, алма-кезек ойнап жүрген. Ол – М.Тригердiң «Сүңгуiр қайығындағы» матрос баланың рөлi болатын. Шара Жиенқұлова еске алатындай, бетiн қап-қара қылып бояп алып, кеменiң басқышымен әрлi-берлi өрлеп, сахнадан бiр-екi рет жүгiрiп өтетiн матрос бала болып шығудың өзi оларға кәдiмгiдей арман болады. Бiрi – бишi, бiрi – әншi, қазақ өнерiнiң екi бiрдей алып арнасын бастаған екi тұлға осылайша бiр рөлдi «бөлiсiп», кейде, тiптi таласып жүредi.
Осылайша, драмалық әртiс ретiнде сахнаға шығып, өнер ауқымы кеңейiп, актриса ретiнде шыңдала бастаған Күләш ақыры өзiнiң керемет дауысымен қазақ опера театрының алғашқы әншiлерiнiң бiрiне айналды.
Әуелi Күләш 1933 жылы Қазақ драма театры жанынан ашылған музыкалық-драмалық студияда бiршама өнерiн жетiлдiрген. Ұзамай Қазақстан К(б)П Өлкелiк комитетiнiң қаулысы бойынша республикада тұңғыш музыкалы театр ашылатын болды. Бұған дейiн ән мен жырдан кенде болмаған қазақ, әрине, драмалық театрдың өзiмен жаңа қауышып жатқан. Драма театры алғаш рет сол кездегi ел астанасы – Қызылордада 1926 жылы ашылған болатын. Ал ендi музыкалы театр дегенге сахнада жүрiп, бiраз шыңдалу мектебiнен өткен өнер иелерiнiң өздерi жатырқай қарады. Бiр мезгiлде ән айтып, сонымен қоймай образ да сомдайтын қойылым тың, бөтен болып көрiндi. Тума таланттар Құрманбек Жандар-беков, Қанабек Байсейiтов, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұловалар қатарлы Күләш та сол театрда қызмет ететiн болып бөлiндi. Қанабек, Күләш, Манарбек – әншi, ал Құрманбек Жандарбеков әрi режиссер, әрi әншi болып бекiтiлдi.
Бұл шешiммен сол кездегi Республика Халық ағарту комиссары – нарком Темiрбек Жүргенов таныстырған. Ол театр әртiстерiн өз бөлмесiне шақырып, қабылдап, жаңалықты жария еткен болатын.
Сонда: «Құрмаш, опера деген не? Әндi гармоньмен айтамыз ба, әлде скрипкамен айтамыз ба?» – деп сұрады дейдi Күләш Құрманбектен.
Операға қатысып көрмесе де, оның не екенiнен хабардар Құрманбек Жандарбеков: «Опера деген – ешбiр қара сөз жоқ, басынан аяғына дейiн әнмен айтылатын спектакль. Жүз шақты музыкант ойнаушылар қосылып әндерiн, арияларын жетелеп, әншiге сүйемел жасайды. Оны «оркестр» дейдi», – деп жауап берген көрiнедi.
Осылай өнер әлемiне қазақ операсының дәнi себiлдi. Күнi кеше «опера деген не?» деп сұрап отырған Күләш Жасынқызы опера театрының жарық жұлдызына айналды.
Әуелде мецо-сопраномен ән шырқаған Күләштiң таңдайының құрылысы өзгеше болған дейдi бiлетiндер. Ал дауыс танитындар оның аса жоғары ноталарды қиналмай алатын лирикалық-колоратуралық сопрано екенiн кешiкпей аңғарды.
Сүйсiнерлiгi, опера және балет театрының алғаш негiзi қаланып, әншiге де, бишiге де Мәскеуден ұстаз шақыртып, өнердi жетiлдiру жүрiп жатқанда Күләш Д.Дианти, З.Писаренко, В.Смысловскаялардан дәрiс алған. Алайда, операны орыс мектебiнен үйренсе де, өзiнiң қазақтың әншiсi екенiн ұмытпады. Ол операны орыс арқылы сiңiре отырып, қазақи болмысқа сай әндi ашық айту принципiн ұстанып қалды. Табиғилықтан ажырамаған, өзiне жасандылық таңғысы келмеген қазақ операсының патшайымы бұл қадамға саналы түрде барған. «Осылай айтсам, қазақ халқының қабыл-дауына жақын әрi түсiнiктi болады» деп мәлiмдеген.
Сөйтсе де, Күләш қазақ композиторларының туындыларымен шектелiп қалған жоқ. Өзiнiң музыкалық терең бiлiмi жоқ екенiне қарамастан, ұлттық операмен қатар орыстың, одан арғы батыс елдерiнiң шығармашылығына ден қойды. Б.Майлин мен И.Коцыхтың «Шұға», Е.Брусиловскийдiң «Қыз Жiбек», «Жалбыр», «Ер Тарғын», «Алтын сандық», «Гвардия алға», А.Зильбердiң «Бекет», И.Надировтың «Терең көл», А.Жұбанов пен Л.Хамидидiң «Абай», М.Төлебаевтың «Бiржан – Сара», Д.Пуччинидiң «Чио-чио сан», П.Чайковскийдiң «Евгений Онегин» операларындағы басты партияларды орындады. Аз ғана уақыт iшiнде қазақ операсын дамытып, театр репертуарын байытқан әртiстердiң iшiнде шоқтығы биiк танылып, 1936 жылы, небәрi жиырма төрт-ақ жасында «КСРО халық әртiсi» атанды. Сол атақты алғаннан кейiн баспасөзге берген сұхбатында: «Менiң бұл қуанышым – бүкiл қазақ әйелдерiнiң қуанышы деп бiлемiн. Маған берiлген бұл атақ – қазақ қызына берiлген атақ деп түсiнемiн», – дептi әншi Күләш ағынан жарылып. («Социалистiк Қазақ-стан», 1936 жыл, 8 наурыз.)
Сонау Италияда туған опера өнерi қазақ топырағына кейiндеу келiп, кенжелеп дамыса да, қазақ әншiлерi ешкiмнен кем болған жоқ. Тiптi, қазаққа операны сiңдiрiп, «қолжалғау» болған, операдағы орыс мектебiнiң өз бастауынан су iшкен мәскеулiк әншiлер де қазақтың дүлдүлдерiне жол беруге мәжбүр болды. Опералық туынды өзiнiң түпнұсқа тiлiнде айтылуы керек деген талап қойылғанға дейiн бұл саланың әртiстерi өз партияларының либреттосын аударылған тiлде айтып жүрген. Бiрақ, талап күшейтiлiп, тек түпнұсқа сөзбен айту керек дегенде де, тiл бiлмейтiн Күләшқа өзге тiлдегi туындының iшiнде өз партиясын қазақша орындауға жол берiлдi. Мұның да мәнi сол өнердiң құдiретiнде. Күләштiң керемет дауысы мен ерекше талантында.
Сол талант, табиғи дауыс талайларды тамсандырып өттi.
«Күләтай, ән салшы, «Дүние-айды» мен үшiн бiр орындап берсең, – деп жанын қоймаймын. «Дүние-ай» – «Қыз Жiбек» операсындағы ару Жiбектiң қоштасу зары, соңғы финал. Неге екенiн, Күләш осыны айтса, мен жылаймын. «Өзiң де жылайсың ба?» деп сұраймын. «Е, жылаймын!.. Жарық дүниемен қоштасып жатқандай сезiнем өзiмдi», – дейдi. Сонда менiң жаным түршiгiп кететiн…
Асыл құрбым зарықтырмады, бастап кеттi. Сыбызғының уiлiндей шымыр да есiлген жiбек арқандай жұмсақ нәзiк үн төңiректi тербеп алып кеттi.
Қарлығаштың қанаты кешкi тымықты тызылдата қалықтап тұрып алушы едi ғой, Күләштiң дауысы сол дерсiң!
Айдын көлде қос аққу сыза жүзiп, махаббат жырын толғамаушы ма едi, – Күләштiң дауысы сол дерсiң!
Сыңсыған қамысты көлде, түн ауа бере құстар дүниесi шуылдап, сазды оркестрге салып айналаны азан-қазан еткенде, iшiнде бiр құс саз сырнайдай бiр әуездi құйқылжытпай ма, Күләш – бейне сол!»
Бұл да жазушы Ғабит Мүсiрепов жазғандай, «сахна төрiнде жарқырап көрiнген қос жұлдыздың» бiрi – Шара Жиенқұлованың құрбысы жөнiнде жазғаны. (Шара Жиенқұлова, «Өмiрiм менiң – өнерiм», 47-бет.) Алтын қорда сақталып қалған өз дауысымен орындаған 65 әнi арқылы ғана бiз бiлетiн Күләштiң өнерiне, дауысына бұдан басқа «диагноз» қою мүмкiн емес сияқты.
Рас, «Ән салу – Күләшқа демалыс. Кәдiмгi тыныс алу сияқты» дейдi әншi туралы «Бұлбұл» атты кiтаптың авторы, журналист Сара Латиева. Ал жазушы Ғабит Мүсiрепов 1972 жылдың өзiнде «Қазақ әдебиетi» газетi арқылы: «…Айман, Қыз Жiбек, Қадиша, Шұға, Ақжүнiс, Баттарфляй, Маро, Ажар, Сара… Бұл рөлдерде Күләштен кейiн ойнаушылар сахнада жүргенде Күләштiң iзiмен жүретiндей, Күләшқа ұқсап күлетiндей сезiледi. Көркемөнерде кiмге болса да ұқсауға тырысу – ең үлкен қате, өзiңдi өзiң қорлайтын қате. Үйрену жолы бұл емес. «Күләштай қайдан болсын, Қалекеңдей қайдан болсын» дейтiн наразылық сол «iзбаспадан» туады» – деп, Күләшқа ешкiмдi теңгере алмайтынын жеткiзедi.
Жарқ етiп жұлдызы жанысымен-ақ, өзiне тиiстi абыройды да, атақты да алған әншi өмiрден озғаннан кейiн де құрметке кенде болған жоқ. Оның есiмiмен аталатын елiмiздiң iрi қалаларында көше де, музыкалық оқу орны да, театр да (елордада), тiптi, арнайы әншiлерге берiлетiн атақ та бар. Ал Ыбырайдың «Гәкку» әнi сол бiр гәкку-ғұмырдың белгiсiне айналып кеттi.
Мүсiреповтей жазушының Күләштi «Чудо» деп ешкiмге теңгермеуi, Оны бәрiнен биiк қоюы – әншiге қаламгердiң ғана емес, бүкiл қазақтың берген бағасы. Олай дейтiнiмiз, Алатауда биiктiгi 3450 метр болатын бiр шың Күләш Байсейiтованың есiмiмен аталады. Бүгiнгi қазақ операсындағы әншiлердiң бәрi сол Күләш шыңына шығуға ұмтылады. Күләш – опера ән-шiлерiнiң бәрiнiң алғашқы ұстазы секiлдi…

P.S.
Күләш Байсейiтова 1957 жылы Мәскеудегi үлкен қонақүйлердiң бiрiнде қаза болды. Алланың бұйрығынсыз шыбыннан да жан шықпайтынын бiлген соң, әрине, өз ажалынан өлген жоқ дей алмаймыз. Алайда, сол күндерi әншiнiң көптен көңiлi қалған – Пекинде өтетiн қазақ әдебиетi мен мәдениетiнiң онкүндiгiне өнерпаздарды бастап бармақ болатын Күләштiң үстiнен алты адам арыз жазған. «Ол iшедi, шетелге барғанда абыройымызды төгедi» деп тұрып, арызқойлар әншiнiң жолын бөгемек болған… Сол күнге дейiн қазақтың абыройын асқақтатып келген жұлдыз дәл Қытайға барғанда ел намысын таптап, шалыс басатындай билiктегiлер де арызға құлақ аса қалады…
Бұл, әрине, жаны нәзiк, бүкiл өмiрiн өнерiне арнаған әншiге оңай соққы болмайды.
Артынша Мәскеуге барған әншi өзi түскен қонақүйдiң жуынатын бөлмесiнде жан тапсырады. «Миына қан кеткен», «қан қысымы көтерiлген»… әйтеуiр осы секiлдi әңгiме көп.
Бiрақ, 45 жасында-ақ жүрегi тоқтап қалған әншi бүгiнде қазақ ән өнерiнiң жүрегi құсап соғып тұр.
Тiптi, әлгi әншiнiң үстiнен арыз жазғандар да Күләш Байсейiтованың атымен аталатын мемлекеттiк сыйлықты алып, Күләштiң шыңына ұмтылып бақты.
Күләш шыңы – бүгiнгi барлық әншiнiң көтерiлсем деп армандайтын шыңына айналған.

Нәзира БАЙЫРБЕК

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button