КҮЛӘШТІҢ ЖӘДІГЕРЛЕРІ ТҰҢҒЫШ КӨРСЕТІЛУДЕ
Биыл қазақтың әйгiлi әншiсi, қазақ опера өнерiнiң негiзiн салушылардың бiрi, қоғам қайраткерi, КСРО халық әртiсi, КСРО Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты Күләш Байсейiтованың туғанына – 100 жыл. Мерейлi шараға орай, Ұлттық мұрағатта ғасыр бұлбұлына арналған көрме өтуде. Онда көрме иесiнiң бүгiнге дейiн еш жерде қойылмаған құжаттары, жәдiгерлерi көпшiлiкке ұсынылуда. Құнды дүниелер оқырмандарды да қызықтырар деген оймен ҚР Ұлттық мұрағаты сұраныстарды орындау, көрме және залдардың жұмысын ұйымдастыру бөлiмiнiң бастығы Ибраим Бабаевпен тiлдескен едiк.
– Негiзiнен, көрмеде Күләш апамыздың құнды дүниелерi қаншалықты қамтылған?
– Құжаттар мен жәдiгерлердiң басым бөлiгiн әншiнiң қыздары Қарлығаш пен Раушан Байсейiтовалар жеткiзiп бердi. Бас-аяғы мыңға жуық құнды-құнды дүние жиналған. Солардың iшiнен iрiктеп, екшеп, 250-iн таңдап алдық. Арасында құпия сақталуға тиiс құжаттар да бар. Көрмеге қойылғандардың көбiсi – фотосуреттер, әсiресе, қолжазбалар. Олар бұрынырақта ешқандай да мұрағаттарға тапсырылмаған, бiрде-бiр көрмеге қойылмаған. Бұл тұңғыш рет жарияланып отыр.
– Көпшiлiктi қызықтыратын, тартатын қандай жәдiгердi атап айтар едiңiз?..
– Қызықты жәдiгерлер көп-ақ. Мәселен, Күләш Байсейiтованың 45 жылдық қысқа ғұмырында тастамай тағып жүрген алтын сақинасы. Оның тарихы да қызық. Ұлы Абайдың әкесi Құнанбай қажы Меккеден келген соң, шеберлерге тапсырыс берiп, алтыннан 5 сақина соқтырыпты. Соның бiрi әкесi арқылы Күләшқа бұйырады. Әкесi Жасын Құнанбайдың бiр жақыны болса керек.
– Көрменiң басқа ерекшелiктерiн атап айтасыз ба?
– Ерекшелiктерi жетерлiк. Мәселен, әншi апамыздың әшекейлi бұйымдары, бүрмелi, қос етек көйлектерi, үш бас киiмi… Бұларды ол шетелдiк үлкен сахналарда киген екен. Киiмдерiндегi алтын жалатылған зерлi моншақтары сол қалпын сақтаған, көз тартады.