Мәдениет

Күлдіріп отырып ойлантады

Жастар жылы аясында Астана қаласының Комедия театрында француз драматургі Марк Камолеттидің  «Мерекелік меню» комедиясының премьерасы болып өтті. Пьесаны қазақшаға аударған – Ләззат Алпысбаева. Қоюшы-режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев.

Режиссер спектакльдің темпо-ритмін жоғары етіп, жастарға тән заманауи тұрғыда қабылдауға жеңіл, көңілді әрі күтпеген оқиғаларға ұшырайтын жағдайларды молынан қосып қызықты қойған. Ол бүгінгі күн жастарының талғамына сай сахнада актерлерге шығармашылық еркіндік беріп, өзіндік өнерлерін жан-жақты паш еткізгендігі көрініп тұр.
Комедиядағы басты трагедиялық идеяны – көптеген әйелдердің күйеуінің, күйеуі әйелдерінің көздеріне шөп салу мәселесін көрсете алды. Соның кесірінен талай отбасылар ажырасып, бір-біріне қол жұмсап, соңы өліммен аяқталып жатқаны жасырын емес. Бұл – балалар мен ата-аналарға да үлкен қайғы. Осындай жағдайға жеткізбей, нәпсіқұмар­лық­тан бойды алшақ ұс­таған дұрыс дегенді меңзейді. Спектакль бүгінгі күні осы идеясымен құнды әрі жиыр­масыншы ғасырда жазылса да, өзекті тақырып болып қала берері ақиқат.
Бернард (Әли Бидахмет) пен Жаклин (Ақбота Мәкежанова) базарға кеткенде үйге аспаз агенттігінен аспаз әйел Сюзетта (Айша Ағымбай) келеді. Осы жерде «жағдай комедиясы» орын алады.
Сюзетта – бірбеткей, ешнәрседен ұялмайтын, ақша үшін арын сатуға да даяр кейіпкерді сомдап шықты. Өкінішке қарай, осындай кейіпкерлер өмірде де көптеп кездеседі.
Сюзанна – фактурасы мен бойы өзіне тура келген тұрысы, еркелігі, жүрісі нағыз еркетотайлардың кел­бетін сипаттай алды. Бер­нардты Жаклиннен қыз­­ғанатын, қызғаншақ әйел бейнесін сомдайды. Қа­зақ­ша сөздерінің соңын фран­цуз тілінің акцентімен сөйлеуі оңды шешім тап­қан.
Джордж – (Бағлан Иман­ғазинов) Сюзеттаның кү­йеуі, заманауи байкерлерше киінген, жүріс тұрысы ширақ. Джордж Бернардтың үйінен өз әйе­лін әкетуге келеді. Үйге кіре сала бірден барлығын «қырып-жоюы» ақталмай жатады. Негізі, ол сөздің байыбына барып, барлығын түсінгеннен кейін барып ашуланғанын көргіміз келді.
Қонақтармен билеп тұ­рып сөйлескені өзіне жақсы жарасады. Бірақ бір әрекетін қайталамай, өзін басқаша қырынан көрсетсе деген ойымыз бар. Ойнайын деп жатқан әрекеттерін алдын ала дайындап алғанын көрсетіп қалады. «Ашына» деген сөзді естіген Джордждың ұстамасы пайда болып, жанындағы адамдарды қылқындыра жөнеледі. Бәрін қорқытып, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайды. Әсіресе оның аспазшының киімін киіп, барлық кейіпкерлерді «кәуәп» тәрізді жерде айналдырып, жертөленің қақпағын ашып буын шығарып, дәмдеуіштерді бейнелі түрде актерлерге шашатын сахналарын режиссер ұтымды қолданған. Джордж үйдегі адамдардың жасап жүрген әрекеттеріне жазалауын бейнелі түрде әспеттеп көрсетті.
Жалпы, спектакльде жас актерлер жаңадан үлкен сахнаға аяқ басқандықтан көрерменді күлдіртуіміз керек деп ойлап, тез ойнап шыққысы келеді. Әрбір ке­йіпкердің мінездеріне түрлі бояу қосу арқылы байыта түсіп, сыртқы жүріс-тұрыс­тарын спектакльдің соңына дейін сақтап қалғаны абзал. «Көш жүре түзеледі» дегендей, актерлер үлкен сахнаға машықтанып, кө­рермендердің көзайымына айналатынына сеніміміз мол.

Нартай ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақ ұлттық өнер университетінің
доценті, театртанушы, PhD докторы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Бір пікір

Пікір үстеу

Back to top button