Ұлттық домбыра күні

Күмбірі күнде естілсін

Қазақ халқының рухани қазынасы, ұлттық өнеріміздің ішіндегі бренді болып саналатыны – домбыра, сол домбырадан шығатын күйлер. Ұлттық домбыра күні деп мемлекет деңгейінде шешім қабылданғаны, әрине, өнерсүйер қауымға, жалпы қазақ еліне үлкен серпіліс берді.

[smartslider3 slider=3384]

Соның дәлелі ретінде былтыр 3 шілдеде елорда төрінде әйгілі күйші ана атанған, қазақ елінің Халық әртісі Дина Кенжеқызы Нұрпейісоваға ескерткіш орнатылды. Жағымды жаңалықты жалпы халық үлкен ризашылықпен қабылдады. Дина апамыздың өнерін ұлықтап, өскелең ұрпаққа үлгі ретінде әрі қарай дәріптеу, жүйелі жұмыс жүргізу үшін «Күй анасы» атты қайы­рымдылық қоры құрылып, соның нәтижесінде жаңа деректермен толықтырылған, жаңа көзқараста жазылған көптеген мақалалар, кітаптар жарық көріп, «Күй жәрмеңкесі» атауымен бірнеше рет мәдени шаралар өткізілді. Сонымен қатар қазақ еліне еңбегі сіңген қайраткер, профессор Карима Сахарбаеваның «Әсемқоңыр» атты кітабы, Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс Айгүл Үлкенбаева бастаған авторлық ұжымның төрт тілде жазылған «Түркі әлемінің композиторы Дина Нұрпейісова» туралы ғылыми еңбектерін атап айтуға болады.

 Ұлттық өнерді жоғары деңгейде дәріптеу үшін не қажет дегенде айтатын бірқатар ұсыныстарымыз бар. Домбыраны кеңінен насихаттап, таратамыз дейтін болсақ, әрине, оқу орындарынан бастаған орынды. Мектеп бағдарламаларына Домбыра пәнін енгізу туралы Президент те айтты. Дегенмен қазір құзырлы мекемелер тарапынан қадам жасалып жатыр деп айта алмаймыз. Тек бірен-саран мектептерде, мәселен, елордадағы математика бағытындағы зияткерлік мектебінде домбыра пән ретінде енгізілді. Алайда осы үрдіс қарқын алмай келеді. Оған домбыраны пән ретінде енгізу туралы бұйрықтың жоқтығы себеп. Жуырда жаңа Мәдениет министрі тағайындалды, сол кісіге айтарымыз, осы қадамға баруға не кедергі? Домбыраны балаларға үйрету арқылы олардың бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, қазақ екенін сезіндіреміз. Елдің иесі екенін ұқтырамыз. Мұны айтпаса да түсінікті.

 Ұлттық аспап – домбыраны үйренем деушілердің қызығушылығын арттыру үшін домбыра сапасы дұрыс болуы керек. Осы тұрғыда қазіргі қолданыстағы, сатылымдағы домбыралар талаптарға сай емес. Шетелдіктер келіп алғысы келсе де фанерьден жасалған сапасыз домбыралар сатылып тұрады. Сондықтан сапасы жоғары домбыра шығаратын арнайы өнеркәсіпті дамыту керек. Елімізде ұлттық аспаптар жасайтын кәсіпорында ашса деген ойымыз бар. Сапалы жасалуына ғылыми тұрғыда дәлелдемелер, құралдар керек. Соларды жинақтап, елімізде домбыраның кеңінен таралуына септік ету қажет. Қазіргі кезде домбыра жасау шеберлерінің де дайындығы айтарлықтай жақсы емес, олардың не лицензиясы, не аккредитациясы жоқ.

 Бүгінде «Күй анасы» қоры елордадағы Дина апамыздың ескерткіші жанындағы аллеяға Күйшілер мен күйші композиторлар аллеясы деген ат беріп, тас орнату туралы ұсыныс аясында жұмыс жүргізуде. Бұл туралы әкімдікке өтініш айттық. Биіктігі үш метрлік тастың екі жағына қазақ еліне еңбегі сіңген, халық өнерін мойындаған, 100-ге жуық белгілі қазақ композиторларының есімдері қашалып жазылады. Қазір сол тізімге кіретін композиторлар аттарын арнайы комиссия белгілуде. Тамыз айында ресми түрде ашылады деп күтіп отырмыз. Соған қоса тас астына QR-код қойып, үстінен ұялы байланыс құралы арқылы басқанда, әр композитордың өмірі мен шығармашылығы, еңбектері туралы 4 тілде жазылған деректер оқуға болады. Осылайша аталған аллея өнер орталығына айналса деген ойымыз бар. Барша қазақстандықтарды Домбыра күнімен құттықтаймын! Ұлттық брендімізбен әлемге танылып, абыройымыз арта берсін!

Төлеген ҚУАНЫШЕВ, «Күй анасы» қорының жетекшісі, қалалық

Қоғамдық кеңестің мүшесі

Тағыда

Пікір үстеу

Back to top button